8.06.2018, 17:33
Оқылды: 10

Батыс Қазақстанда жол апатынан бір айда 8 адам қаза тапты

Батыс Қазақстан облысында 5 мамыр - 5 маусым аралығында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында айлық өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық ішкі істер департаменті жергілікті полиция қызметінен түскен мәліметке қарағанда, осы бір айда 23 жол-көлік оқиғасы болып, 8 адам қаза тапқан, тағы 19-ы жарақаттанды. Айлық кезінде жол ережесін бұзудың 9842 фактісі тіркелді.

Соның ішінде 228 жүргізуші ұялы телефонды пайдаланғаны, 956-сы жылдамдықты шектен тыс арттырғаны, 1028-і қауіпсіздік белбеуін тақпағаны, 25-і жолдың қарсы бетіне шыққаны, 104-і жаяу жүргіншіні өткізбегені, 409-ы әйнекті қараңғылатып алғаны үшін жауапқа тартылды. Жол ережесін бұзған 169 жаяу жүргінші де көзге түсті. Осы мерзімде көлікке мас күйінде отырған 130 жүргізушінің төртеуі әкімшілік қамауға алынды.

Айта кетейік, дыбыс және жарық белгілерімен келе жатқан жедел жәрдем көліктерін өткізбейтін жүргізушілер де бар. Мысалы, 5 маусым күні өткізілген «Арнайы белгі» шарасы кезінде сондай екі жүргізуші анықталды. Жыл басынан бері осындай 6 жүргізуші жазаланды.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале