Батыс Қазақстан облысында жол апатынан үш адам қаза тапты, деп хабарлайды ҚазАқпараттың БҚО-дағы тілшісі.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, оқиға 29 қараша күні Қазталов ауданы аумағында болды. Сағат 15.46-да Қазталов-Чапаев жолының 16-шақырымында «Волга» және «Лада Гранта» автокөліктері соқтығысқаны жөнінде хабар түскен. Соның салдарынан «Лада Гранта» автокөлігінің жүргізушісі мен екі жолаушысы қайтыс болды. Көлікте қыстырылып қалған жүргізушіні №11 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері алып шықты. «Лада Грантада» болған екі жолаушы мен «Волга» автокөлігінің жүргізушісі Қазталов аудандық ауруханасына жеткізілді. БҚО ТЖ департаменті қолайсыз ауа райы кезінде барынша абай болу қажеттігін ескертеді.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің нақтылауынша, 52 жастағы әйел, 31 және 40-50 жас шамасындағы ер адамдар жедел жәрдем келгенге дейін көз жұмған. Зардап шеккен 17 жастағы жасөспірімнің қолы сынған. Көптеген сынық жарақатын алған 27 жастағы әйел ес-түссіз күйде. 69 жастағы ер адамның миы шайқалған, еттері көгерген.
zhaikpress.kz