6.09.2023, 16:00
Оқылды: 48

Батыс Қазақстанның тарихи ескерткіштері ЮНЕСКО-ның әлемдік мұралар тізіміне енгізілуі мүмкін

Батыс Қазақстанның тарихи ескерткіштері ЮНЕСКО-ның Әлемдік мұра тізіміне енгізілуі мүмкін. Бұл туралы Ақтау қаласында ЮНЕСКО және Жапонияның Траст қорының (Japan FiT) жобасы аясында «Жібек жолының Дүниежүзілік мұрасына номинация процесін қолдау» атты шарада айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

41C0D431-D6E0-4B23-9B13-018DB2DC9F2F

Қазақстан, Жапония, Ұлыбритания, Әзербайжан, Иран, Түрікменстан және Ресейдің ғалымдары мен сарапшылары бас қосқан семинарда халықаралық ынтымақтастық пен «Жібек жолы: Еділ-Каспий дәлізі» сериялық трансұлттық номинациясын дайындау аясындағы күш-жігерді үйлестірудің өзекті мәселелері қозғалды.

Мақсаты – Жібек жолымен байланысты тарихи-мәдени мұра нысандарын заманауи құжаттау аспектілері мен кезеңдерін талқылау. Семинарға қатысушылар тарихи және мәдени құндылығы бар бірегей нысандарды құжаттау және сақтау бойынша озық тәжірибесімен бөлісті.

«Маңғыстаудың табиғи-тарихи өлкетану ескерткіштерін ЮНЕСКО-ға енгізу – басты мақсатымыз. Әрине, ең алдымен археологтар киелі мекендерді зерттеп, зерделеуі тиіс. Осы ретте «QazaqGeographyмен» бірлесіп, Жапония, Әзербайжан, Франция мемлекеттерінен арнайы мамандарды шақырттық. Біз үшін бұл үлкен мәртебе», - деді Маңғыстау облыстық туризм басқармасының басшысы Мәулен Ғабдулқалиев.

Семинарды ашқан «QazaqGeography» РҚБ Басқарма төрағасы Ерік Сұлтанов ЮНЕСКО-ның Әлемдік мұралар тізіміне енгізу арқылы тарих және мәдениет ескерткіштерін сақтау жұмыстарында мұндай іс-шаралардың маңызын атап өтті.

«Семинар аясында Батыс Қазақстан облысы, оның ішінде Маңғыстау өңіріне ерекше назар аударуымызға тура келеді. Іс-шараға арнайы «Юнеско» ұйымынан сарапшылар және жапондық «Сенім» қоры, Мәдениет және спорт министрлігінің өкілдері келді. «Жібек жолы: Еділ-Каспий дәлізі» сериялық трансұлттық номинациясын дайындауға ерекше назар аударылады. Семинар осы жобаға қатысты мәселелерді талқылау және оны жүзеге асырудың оңтайлы тәсілдерін іздеу алаңына айналды», - деді Ерік Сұлтанов.

Жиын аясында Маңғыстау облысының тарихи-мәдени мұрасын зерделеу мақсатында көшпелі экскурсия да ұйымдастырылады. Бұл кезең қатысушыларға нақты объектілермен жақын танысуға, олардың маңызы туралы алғашқы түсінік алуға және практикалық бөлікті зерттеуге мүмкіндік береді.

Осылайша, Түпқараған түбегінде орналасқан нысандар, соның ішінде Шақпақтысай шатқалының, Қосбайыр қорымының, Шақпақ ата жартас мешітінің және Қапамсай шатқалының ішіндегі нысандар зерттелмек. Сонымен қатар Кенті-Баба қорымына, Сұлтан епе бейіті мен жерасты мешітіне және басқа да нысандарға бару жоспарланып отыр.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале