Елді мекен, жер-су атауларының тарихын, оның шығу төркінін анықтау оңай іс емес. Ол үшін көптеген тарихи құжат пен жазба, карталарды қарау қажет. Жалпы алғанда, елді мекен, өзен-көл атаулары сол өңірде тұрған халық пен ұлттың тарихына қатысты болады.
Ақ Жайық өлкесінің көптеген елді мекен атауларының тарихы елдің басынан өткізген қилы кезеңдерімен байланысты. Ол кезеңдер елді мекен атауларының пайда болуына, өзгеруіне өз әсерін тигізді. Ол бір қабаттардың ықпалынан туады. Ол қабаттарды көне сақтар, ержүрек хуннуналар, көне көк түріктер, қыпшақ кезеңі, Алтын орда дәуіріндегі кезең, Қазақ хандығы, Патшалық Ресей, Кеңес одағы, Тәуелсіз Қазақстан кезеңі деп бөлеміз. Осы кезеңдердің ішінен тек тарихи құжаттар мен жазба ескерткіштерде кездесетін топонимиялық атауларға назар аударуға болады. Бұл атаулар сирек және олар туралы ақпарат мардымсыз. Олардың ішінен М.Қашқаридың картасы, Еуропа саяхатшыларының күнделіктері мен кітаптары, ескі карталарын атай аламыз. Әсіресе орта ғасырдағы карталарды зерттеу бүгінде жақсы қолға алынуда. Ал жекелеген елді мекен атауларының тарихы XVIII-XIX ғасырлардағы орыс зерттеушілерінің өз саяхаттары туралы жазбаларында жазылған екен. Біз орта ғасырлардағы Еуропа зерттеушілерінің карталарын сөз етпейміз, себебі мұнда ірі елді мекендер берілген. XVII-XIX ғасырлардағы Патшалық Ресей ғалымдары мен зерттеушілерінің біздің өлкені зерттеген еңбектерінде мол мәлімет бар.
Алғашқы жазбалардың бірі – 1 762 жылы жарық көрген П. Рычковтың «Топография Оренбургская, то ест обстоятельное описание Оренбургской губернии. – Санкт-Петербург» еңбегі. Осы еңбекте Орынбордан Атырауға дейінгі аралықты сипаттап, таблицамен берген. Соны келтірелік:
1 | Гурьев городок 744 от Оренбурга от места | Аралығында шақырым | |
1 | Сарачиков | 685 | 20 |
2 | Яманхалинской | 655 | 20 |
3 | Баксаев | 651 | 14 |
Зеленый колок | 611 | 16 | |
2 | Кулагин городок | 21 | |
6 | Гребенщиков | 571 | 19 |
7 | Кош Яик | 555 | 16 |
8 | Харкин | 543 | 12 |
9 | Красный яр | 527 | 16 |
3 | Калмыков городок | 512 | 15 |
10 | Котельной | 497 | 15 |
11 | Антоново | 479 | 18 |
12 | Каменные орешки | 456 | 23 |
13 | Сахарной | 441 | 15 |
14 | Мергенов | 408 | 33 |
15 | Сундаев | 385 | 23 |
16 | Кажахаров | 363 | 22 |
17 | Бударин | 348 | 15 |
18 | Кош-Яик | 326 | 22 |
19 | Чаганский | 304 | 35 |
4 | Город Яик | 35 | |
5 | Илек | 124 | 145 |
(84-85 бб).
Міне, осы еңбекте екі жерде «ҚосЖайық» деген бекіністің аты берілген. Біреуі қазіргі Оралға жақындау, екіншісі Атырауға жақын. Енді осыдан кейін 1769 жылы Орынбордан сол кездегі Гурьевке сапар шеккен Петр Симон Палластың зерттеуін қаралық. Оның 1773 жылы Санкт-Петербург қаласынан жарық көрген «Путешествие по разным провинциям Российской империи» атты еңбегінің бірінші бөлімінде осы атау үш рет кездеседі. Біріншісі туралы ол былай деп жазады: ««Следующий Киндалинский форпост находится в некотором расстоянии от Яика на небольшом с двух сторон крутом увале близ западного берега речки, Киндалы называемой. Неподалеку от сего форпоста находится рукав Яика, который Кошъяик называется» [27-б.]. Бұндағы «ҚосЖайық» Жайық өзенінің бір саласы екенін байқаймыз. Бірақ ол әлі қазақ даласында емес деп есептейді. Автор тілінде қазақ даласы «Киргизская степь» деп беріледі. Ол «Меловая гора» (қазіргі қала қасындағы «Бортау») деген жерден өткеннен кейін Қосжайық бекінісіне келгенін жазады: ««Кошъяицкий форпост построен при рукаве Яика, Кошъяик называемом. За 12 верст выше форпоста делает Яик большую кривизну к западу и разделен там островом» [117-б.]. Қазіргі Круглоозерный ауылынан төмен Жайық екіге айырылады, ортасында арал бар. Үшінші ҚосЖайық Индер тұсында екенін жазады. Бұнда Жайық өзені екіге айырылып ағатынын, ортасында арал бар екенін жазады. Соңынан кейінгі еңбектерде бұл атаулар кездесе ме екен, соны қаралық. 1786-1790 жылдары Сырым батыр көтерілісіне байланысты батыр өкілдерімен келіссөздер жүргізу үшін Орынбор мүфтиі болған Мұхаметжан Хұсайынов қазақ даласына сапар шегеді. Басқалар сияқты бұл да Жайықтың Бұхар бетімен жүрмей, бекіністер арқылы жүреді. Оның «Тарихи архив. №2» атты 1939 жылы кеңес дәуірінде қайта жарық көрген жазбасын қаралық. Өзінің «Журнал Оренбургского муфтия» атты жазбаларында былай деп жазады: «9-го пополуночи в 7 час. отправились в обратный путь из Калмыковой и продолжали оной чрез форпосты Антонов, Каленой, Сахарной, Каршинской, Мергеневской, Сундаевской, Кажехаровской, Бударин, Кош-Яик и Чаганов» (46-б). Бұнда, көріп тұрғанымыздай, «ҚосЖайық» атауы Шаған мен Бударин аралығында орналасқан. Бұндағы басты ерекшелік, Е. Пугачев көтерілісінен кейін «Яик» атауы «Урал» атауына саяси қаулымен ауыстырылса да, мүфти өз жазбаларында сол ескі атауды қолданған. Одан кейінгі 1803-1804 жылғы Я. П. Говердовский, 1832 жылғы А.И. Левшин жазбаларында тек ірі елді мекен атаулары беріледі. Тек 1832 жылы шыққан И. Жуковскийдің «Краткое обозрие достопамятных событый Оренбургского края, расположенных хронологическии по 1832 год. – Чиновником, состоящим при Оренбургском военном губернатора по оососбым порученим И. Жуковским» атымен Санкт-Петербург қаласындағы Н. Греч баспасынан 1382 жарық көрген еңбегінде құнды карта берілген. Ол «Карта земли Уральского Казачьего войска» деп аталады. Осында Оралдан Атырауға дейінгі аралықтағы бекіністердің атауы берілген. Мысалы: «Уральск, ф. Круглозерской. Ф. Чаганской. Ф. Кош-Уральской, ф. Бударинской, ф. Кожехаровской, ф. Лбищевск, ф. Горячинской, ф. Мергеневской, ф. Каршинской, Сахарная, ф. Каленовской, ф. Лябежинской, ф. Антоновской, ф. Котельной, Калмыковская, ф. Краноярской, ф. Харькинской, Индерские горы, ф. Гребенщиков Кулагинская, ф. Орлов, ф. Зеленовской, Тополевская, ф. Карманов, Баксакайская, ф. Яманхалинская, Сарачиковская, ф. Сорочинской редут, ф. Кандауровской, Гурьев» (79-б.).
Міне, осы картадан көргеніміздей, «Қосжайық» фор-посты «Чаган» мен «Бударин» форпосттары аралығында тұр. Мұнда «Қосжайық» «Кош-Уральский» деген атпен берілген. Бұған, әрине, Емельян Пугачевтың көтерілісінен кейін күштеп өзгерту жүргенін көреміз. Тағы бір байқағанымыз, «Круглозерский» деген атау қазіргі Круглоозерное ауылын көрсетеді. Ендеше, «Қосжайық» қазіргі Серебряков тұсында немесе осы елді мекеннің көне атауы шығар деп ойлаймыз, сондықтан көне атауды қалпына келтіру дұрыс болар деп ойлаймыз. Оның үстіне бұның қазақ тілінен алынғаны көрініп тұр, тәуелсіз еліміздегі елді мекеннің аты жаңғырар еді.
П. С. Паллас өз саяхатында 1769 тамыздың 14 күні Мерген форпостына келеді. «Мерген» форпосты атауының сол жерде тұрған қалмақ Мергеннің атынан шыққанын айтып өтеді. Ол былай деп жазады: «Форпост построен так, как и другие, и стоит на высоком берегу Яика, который казаки Мергеневым яром называют, и сие название производят от калмыка Мергеня, который здесь обыкновенно свой стан имел» [120 б]. Оның ар жағында Мерген көлі бар екенін де айтып өтеді: «В оной лощине в нарочитом расстоянии от крепости есть озеро Мергенской Ильмень» [121б].
Осы бір сайын далада жауынгер қалмақтардың мекен еткені тарихтан белгілі. П. Паллас олардың Самара жақта көп екенін және оларды шоқындыру жүріп жатқанын жазады. Қалмақтардың дәстүрін, тұрмысын жазады және суретін салады. Ол тұратын жерлер «Ставрополь» деп аталатынын жазады. Бүгінде ол қала Тольятти қаласы болды. Жалпы қалмақтардың Жайықтың Еуропа бетінде тұрғанын тарихтан білеміз. Жаңақаладағы Бесқалмақ ел-ді мекені, Тасқала ауданындағы Қалмақшабын өзені, бұрынғы Тайпақ ауданындағы Калмыков, Қобда, Шаған өзенінің осы ұлттан қалғаны анық.
Жоғарыда айтылған 1832 жылы шыққан И. Жуковский-дің «Краткое обозрие достопамятных событый Оренбург-ского края, расположенных хронологическии по 1832 год. – Чиновником, состоящим при Оренбургском военном губернатора по оососбым порученим И. Жуковским» атымен Санкт-Петербург қаласындағы Н. Греч баспасынан 1832 жарық көрген еңбегін-
де қалмақтарды шоқындыру туралы былай деп жазады: «Часть Калмыковъ кочевала близъ Оренбурга, и в первый раз исправляла службу съ казаками» (20б). «Аюша и Тундать – Калмицкіе Владельцы, воспріявъ Св. Ерещеніе, наименованы, первый Петром, а второй Павлом Торгоутскими (20 б). Бұдан байқайтынымыз, шоқынғанда Аюша «Петр», ал Тундать «Торғауыт Павел» аталғаны.
Сөз арасында айта кетейін, Ресейдегі Қалмақ Республикасының орталығы Элиста қаласындағы Қалмақ федералды университетінде дәріс оқыдым. Сондағы қалмақ ғалымдарының айтқаны, қалмақтардың шоқындыруға қарсы болып, қалмақ ұлты XVIII ғасырдың екінші жартысында ұзақ дайындалып, қазақ даласы арқылы 1771 жылдың 5 қаңтарында Жоңғарияға көшеді. Бұл дайындықты Белгүтей кемеңгер мен жаужүрек қалмақ ханы, жиырмадан асқан жас хан Үбіжі (Убаши) бес жыл жүргізген. Бір таңғалғаным, қалмақ ғалымдары Нұралы ханды, Абылай ханды қалмақтар көшіне көмектескен ұлы хандар деп ілтипатпен атайды. Тіпті Нұралы хан Қытай боғдыханына хат жазып, сыйлыққа беретін сәйгүліктері, әртүрлі сый-сияпаттары бар қазақ елшілігін Үбіжі хан бастаған қалмақ көшіне ілестіріп жібергенін айтты. Қалмақ ұлты өз ағайындарына тұтас қашып кете алмаған, басты себеп сол жылы қыс жылы болып, Еділ өзені қатпай, қалмақтың кішкене бөлігі Еділден Жайыққа қарай өте алмай қалып қойған. Екіге бөлініп, бір бөлігі Еділдің арғы жағында қалса да, көшейін деп жатқанын орыстар біліп қалады, ноғайлар сияқты бізді де қырады деп қорыққан олар көшіп кетеді. Еділден өтпегені дұшпанға көз қылып қалып қояды, бүгінде солар Қалмақ Республикасын құрып отырғанын айта кету керек. Сонымен, Индер тауынан төмен Жайық өзенінен өтіп, қазақтар көмектескен қалмақ көші тез жүріп, Ұлы жүзге қарай кетеді. Қалмақтар тас лақтырып өткел жасап өткен Жайықтың сол жері Таскешу деп аталып кеткен. Қалмақтар көшіне қызығып, кейбір Орта жүз, Ұлы жүз батырлары және қырғыз батырларының олармен соғысқаны туралы мәліметті Элистадағы Ұлттық мұражайдан көрдім. Көшке ілесе алмай шаршап, шалдыққан бір бөлігі Қырғыз жерінде қалып қойған. Көшке кедергі келтіруді қазақ хандары мақсат тұтпаған. Соған қарағанда қазақ хандары Жайықтан Боғда тауына дейінгі бос қалатын ұланғайыр далаға көшуді көздесе керек, оның үстіне қалмақтар Қытай мен қазақ жерінің ортасында буфер болатынын жақсы білсе керек. Бұл оқиға орыс саяхатшыларының еңбегінде толық айтылмаса да, ішінара деректер кездеседі. 1803 жылы Я. Говердовский сапарға шыққандағы жазған өзінің «Обозрение Киргиз-кайсакской степи (Часть 1). Дневные записки в степи Киргиз-кайсакской» деген кітабында былай деп жазады: «До сего времени караван наш направлялся несколько правее того пути, по которому в 1771 г. г-н капитан Рычков шел с командою, преследовавшею бегущих изза Волги калмыков» (26-б.). Бірақ ол туралы П. Рычков жазбаларынан көре алмадық. Ал 1832 жылы шыққан И. Жуковскийдің кітабында былай жазылған: «Гвардіи Капитанъ Дурновъ, по Высочайшему повелнію, отрешилъ Членовъ Яицкой Войсковой Канделяріи; побудилъ ихъ къ уплат штрафа; сделалъ нарядъ казаковъ на службу въ Кизляръ и въ погоню за Калмыками, ушедшими тогда изъ России однако же ни то, ни другое не привелось въ исполнение» (23-б.).
Бұл оқиғаға дейін сапар шеккен П. С. Паллас былай деп жазады: ««Выше Чернояра, около 150 верст от Волги, в богатой солью стране, в которой не токмо большое Башунчатское соленое озеро, но и каменная соль находится, стоит посреди степи крутая гипсовая гора, Богдагора называемая, а около 50 верст далее в восточную сторону есть еще малая гора или Малая Богда. Калмыки почитают оные столь же свято, как Киргизцы Илечкую гору, и по обещанию бросают на жертву латы, оружия и другие вещи в находящуюся на оной пропасть» [151-б.]. Ол бұл тауда қалмақтың далай-ламасы түнегенін айтып өтеді. Саяхатшының Ставропольдағы қалмақтарды салған суретіне және Боғда тауын құрметтейтінін айтуына қарағанда қалмақтардың Жайықтан Еділге дейінгі жерде мал бағып жүргенін байқауға болады. Қазақтың Боғда атты күйшісіне Боғда тауының қатысы бар екені анық. Гурьевтен келген соң қыркүйек айында П. Паллас Ешкітауға барады. Сол сапарында Шаған өзенінің қалмақ тіліндегі шөптің атауы екенін жазады. Бұл шөптің ғылымға белгісіз екенін айтып өтеді. Ол былай дейді: «Около предвысокого холма с восточной и северной стороны видны голые холмы, из меловатой глины состоящие, на которых находилось много удивительной травы, которая не всем еще известна. Как оно своим видом подобна свернувшемуся в комок ежу, то казаки называют ее ежовником (Anabasis cretacea), а по кислому и солоноватому ее вкусу кислою травою, и много ее растет на меловатых всего степного хребта горах, по которым калмыки проименовали обе реки Чаган» [186-б]. Ал Жаңақала ауданындағы Мұқыр елді мекенінің атауы қалмақ тілінде «қысқа» және «топал» дегенді білдіретінін жазады. Мәселен: ««Сие прозвище Мухор значит на калмыцком языке короткий и тупой, и весьма хорошо приличествует сему недалеко простирающемуся рву» [248-б.].
Енді П. Палластың Гурьевке сапарына оралсақ, бұрын бізге шығу тегі белгісіз біраз атауды көреміз. Осындағы бұрыннан келе жатқан атаудың бірі – Қарш елді мекенінің атауы. Оның шығуы туралы П. Паллас былай деп жазады: ««Каршовский форпост с хорошими жилыми домами построен на высоком месте при Яицком рукаве, Каршовский Ерик называемом. В сей стране называют Карше сломленное, в воде лежащее дерево, по которому упомянутый рукав проименован, хотя оного дерева уже не находится» [122-б.]. Осы түсіндірмеден көргеніміздей, «Қарша» деп суға құлаған ағашты айтады екен. Бұл сөзді көне қазақ сөзі деп білеміз. Ал «Котельный» сөзі туралы П. С. Паллас былай дейді: «Я бы подумал, что форпост назван от подобной котлу кривизне Яика; но мне сказывали, что хотя берег и называется Котельный Яр, но оный форпост не виду берега, но по найденному в Яике котлу проименован» [123-124 бб.]. Сондай-ақ саяхатшы «Жаманқала», «Бақсай», «Сарайшық» атауларын түсіндіреді: «Помянутый форпост находится между Яиком и сухим каналом, в котором бывает вода только весною, и потому Сухой Баксай называется» [162 б.]. «Форпост Яман Хала, 12 верст. Позади Баксая следует другой форпост, который при первом заложении назван от киргизцев Яман хала, что на татарском языке значит худо укрепленное место, да сие название как сему, так некоторым другим форпостом весьма прилично» [162-163 бб.]. «Форпост Сарачик или Сарачиковка стоит близ Яика на восточной стороне рва оставшегося от прежде бывшего на сем месте многолюдного татарского города Сарачика» [164-б.]. Осы «Сарайшық» топонимі соңынан сол кездегі Орал қалашығында басты көшенің атына айналған. Еліміз тәуелсіздікті қалпына келтіргеннен соң өзінің тарихи атауын қайта иеленді.
П. Рычков кітабында қазақ даласындағы ескі қалалардың қирандылары туралы деректер келтіреді. Сонда қирандылардың бірі – ескі Мәулім Берді қаласының орны туралы жазады. Ондағы бір қызық дерек, Сағыз өзенінен біркүндік жерде орналасқан қаланың атауында болып тұр. Ол былай деп жазады: «3) От тех месть в расстоянии одного дня, по речке Ати Уил, на урочище кое Киргисцы называют спятого Маулюм Берды, признак старинного города, где доныне кирпичных здании 30 до 40 видно, тут же поднес каналы, хлебопашеные и огородные места значатся» [58-б.]. Бұл әулие атанған Мәулімберді қорымы, яғни Тайпақтың Базартөбесіне жақын орналасқан бұл қорымның орта ғасырларда қала болғаны анық. Қорымдағы бұл құлпытастарда XIX ғасырда өмір сүрген әулие Мәулімберді және оның ұрпақтарының құлпытастары тұр. Ал XVIII ғасырда сол қаланың қирандыларын көзімен көрген П. Рычков ескі қаланы «Мәулімберді» деп атайды. Соған қарағанда «Мәулімдерді» атауы әріде көне қазақ қаласы болғаны анық.
Бұдан басқа да зерттеулерді қарасақ, бұрын белгісіз көптеген жер-су атауының түп төркінін айқындауға болады. Оның үстіне Кіші жүз қазақтарының руларының жайлау, қыстауларының атауын анықтау бүгінгі елдің ата-баба қорымдары мен атамекендерін білуге мүмкіндік береді. Көлемді бұл мәселені бүгінде қарастыру үстіндеміз. «Жер-судың аты — еліңнің хаты» дегендей, көне атаулардың этимологиясын зерттеу – игілікті іс.
Ғабит Хасанов,
филология ғылымдарының докторы,
М. Өтемісов атындағы БҚУ доценті