26.12.2016, 18:18
Оқылды: 74

«Батыс» өңірлік қолбасшысы Ақтөбеде ерлікпен қаза тапқан Берікжан Қалиевтің анасымен кездесті

kalievtin-mamasi  ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшысы, генерал-майор Қайрат Ақтанов Ақтөбедегі лаңкестік  оқиға кезінде ерлікпен қаза тапқан кіші сержант, осыған орай үшінші дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталған Берікжан Қалиевтің анасы Гүлжан Ереновамен кездесіп, оған құрмет көрсетті.


  «Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, Қайрат Ақтанов осындай ержүрек ұлды тәрбиелегені үшін шынайы алғысын білдіріп, оның отбасына алдағы уақытта да қолдау-көмек көрсетілетінін жеткізді. «Сол оқиғадан кейін жүрегім қанжылап, көз жасым тыйылар емес. Дүниеде анаға баладан айырылғаннан ауыр қасірет жоқ. Ұлым әскери қызметте сондай адал болса, былайғы өмірде де сондай жан еді. Болашақта мұндай қайғының болмауын, аналардың жыламауын тілеймін», деді Гүлжан Төлейқызы.

  Кездесу соңында Қ.Ақтанов Берікжан Қалиевтің анасына бағалы сыйлық тарту етті.  Айта кетейік, биылғы 5 маусымда Ақтөбедегі лаңкестік шабуыл кезінде қаныпезерлерге қаймықпай қарсы тұрған үш әскери қызметкер, атап айтқанда, ҚР ҰҚК  әскери қарсы барлау қызметінің аға жедел уәкілі, майор Даниэль Майлыбаев, «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 6655-әскери бөлімінде келісімшарт бойынша қызмет еткен кіші сержант Берікжан Қалиев және қатардағы жауынгер Досбол Сапар қаза тапқан-ды. Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай 6655-әскери бөлімнің қатардағы жауынгері Бақтияр Қайырбеков, қайтыс болғаннан кейін Берікжан Қалиев пен Досбол Сапар үшінші дәрежелі «Айбын» орденімен, сондай-ақ қатардағы жауынгерлер Сырым Сүндетов, Денис Чернышов «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталған еді. Б.Қалиевтің ордені жуырда елордада анасына табыс етілген болатын.

Елжан Ералы

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале