Ғарифолла Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясының әншісі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Халықаралық, республикалық конкурстардың жүлдегері Айбар Хайрханов 18 қараша күні Қырғызстан Республикасының астанасы Бішкек қаласында онлайн форматта өткен орыс романстарын орындаушылардың Орта Азия елдері арасындағы "Романсиада - 2020" Халықаралық вокалистер байқауына қатысып, жүлделі І орынды иеленді.

Халықаралық байқауда төрт мемлекет, яғни Қырғызстан, Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан елдерінен барлығы 60-тан астам қатысушы бақ сынады.
Орал қаласындағы Ресей Федерациясының вице-консулы В.Волков конкурс басталар алды БҚО атынан сөз сөйлеп, барлық қатысушыларға сәттілік тіледі.
Конкурста орындаушылар оқушылар, студенттер, кәсіби әншілер болып үш санатқа бөлінді.
Орал қаласынан 6 өнерпаз әнші қатысса, оның үшеуі студент, қалған үшеуі кәсіби әншілер.
Танымал әнші Айбар конкурс аясында А.Толстойдың сөзіне жазылған П.Чайковскийдің "Серенада Дон Жуана", Н.Гогольдің сөзіне жазылған А.Журминнің әні "Тебя зову" әндерін шеберлікпен орындаған.
Айта кету керек, онлайн форматта өткен конкурсқа қатысушылар өнерін Бішкек қаласында отырған қазылар алқасы мүшелері телекөпір арқылы тікелей эфирде бағалады.
Аталмыш байқауға БҚО-дан Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармония әншісі Гүлназ Ғиниятова, облыстық жастар шығармашылық орталығының әншісі Альбина Наурызалиева, студенттер Валентин Сажин, Ақбота Молдагаинова, Магжан Мұханбетов те қатысты.
Ертай Бимұханов,
zhaikpress.kz