Павлодар төрінде бас қосқан жасөспірім шаңғышылар жазғы ел чемпионатын қорытындылады.

Бәсекенің соңғы күнінде шаңғышылар классикалық әдіс және командалық спринтте кім мықтыны анықтады. 2008-2009 жылғы қыздар арасында жанкешті өнерімен көзге түскен Жанерке Тудахунова алтыннан алқа тақты. Ал 2010-2011 жылғы арулар арасында Анастасия Соколова топ жарды.

Ұлдар додасында да батыс жігіттері бой көрсетпей қалған жоқ. 2012-2013 жылғы балғындар бәсекесінде Әлішер Мәліков екінші орын алып күміспен жарқыраса, Андрей Пирог сегізінші нәтиже көрсетті. Екеуі командалық спринтте жұп болып, үздік үштікке енді.

Жанкешті еңбекті ел бағаламай қалмасы анық. Жарыс қорытындысында Жанерке Тудахунова чемпионаттың ең үздік спортшысы атанды.

Бұл тек жеңіс емес, облыс спортының үмітіне айнала бастаған Жанеркенің еңбекке деген адалдығының көрінісі. Ал оны осындай дәрежеге жеткізген бапкер Ислам Сағынәлиев ел чемпионатының ең үздік нәтиже көрсеткен бапкері атанды.
Бұл жетістік өңір спортшыларының болашағы барын дәлелдейді. Қырандай қалықтаған қыздар мен намыс туын жықпаған ұлдар, сендерге ел үміт артады.
Түгелбай Бисен,
zhaikpress.kz