«Ауыл» партиясы республикалық «Ауыл нақыштары» фотобайқауын жариялаған еді. Бүгін Астана қаласында қорытындысы жарияланып, байқау жүлдегерлері марапатталды.
Байқау Қазақстанның дәстүрлерін сақтау мен насихаттауға, сондай-ақ фотожурналистика, мәдени алмасу және ауыл өмірінің оң имиджін қалыптастыруға маңызды үлес қосқан мәдени жоба болды, дейді ұйымдастырушылар.
Астанадағы «Хан Шатыр» сауда ойын-сауық орталығында фотобәйгенің жеңімпаздарын марапаттау рәсімі мен үздік жұмыстар көрмесінің ашылуы өтті.

Шара аясында биыл «Ауыл» партиясы Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен шығарған «Ауыл нақыштары» атты көркем фотоальбомның ресми таныстырылымы да ұйымдастырылды.
Шараға «Ауыл» партиясының басшылығы, Қазақстан Республикасының белгілі мәдениет қайраткерлері, фотографтар мен өнер сүйер қауым қатысты.
«Ауыл» партиясының төрағасы Серік Егізбаевтың айтуынша: «Ауыл нақыштары» байқауы тек Қазақстанның дәстүрлерін сақтау мен насихаттау үшін маңызды шара ғана емес, сонымен қатар фотосурет өнерін ілгерілету үшін қуатты құрал. Жыл сайын байқауға қатысушылар саны артып, бізге ауылдық өмірдің сұлулығы мен ерекшелігін көрсетуге мүмкіндік береді. Бұл біздің еліміздің табиғатын, мәдениетін ғана емес, ауылдың тереңінен еңбек етіп жүрген адамдардың лайықты жұмыстарын да әлемге көрсетуіміздің мүмкіндігі».
Биылғы байқауға Қазақстанның 20 өңірінен 678 қатысушы қатысқан. Жалпы 3 366 фотосурет ұсынылды, олардың ішінде туған өлкенің көпқырлы және жарқын өмірі, табиғаты, адамдары мен мәдениеті көрсетілген.

Байқау бірнеше номинация бойынша өткізілді. Олар: «Ауыл пейзаждары», «Еңбек адамының фотопортреті», «Фоторепортаж». Осы жылы алғаш рет «Ауылдағы бақытты балалық» жаңа номинациясы енгізілді, ол ауылда өскен балалық шақтың қуанышы мен еркіндігін қамтыған маңызды тақырыпты қозғады.
Арнайы назар «Көрермендер көзайымы» номинациясына бөлінді, оның аясында әлеуметтік желі қолданушылары ең ұнаған фотосуретті таңдай алды. Telegram чатында ұсынылған 10 финалисттен дауыс беру арқылы жеңімпаз анықталды.
Байқаудың жеңімпаздары сертификаттар мен бағалы сыйлықтармен марапатталды, байқаудың жалпы жүлде қоры 3 900 000 теңге. Жүлдегерлер арасында біздің әріптесіміз Мейірбек Тажқұранов және жерлесіміз Мират Қоржынбаев бар.

Мейірбек «Ауыл пейзаждары» номинациясында ІІ, «Фоторепортаж» номинациясында І орынға болды. Ал Мират Қоржынбаев «Ауылдағы бақытты балалық» номинациясының жеңімпазы атанды.

zhaikpress.kz
