Жуырда ғана Қазақстан Жазушылар одағы БҚО филиалының төрағасы болып Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығының директоры, белгілі ақын, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Бауыржан Халиолла тағайындалған болатын.
Филиал төрағасы қазан айының басында батысқазақстандық бір топ ақын-жазушының басын қосып, болашақ жоба-жоспарларымен бөлісті.
Айта кету керек, бүгіннің өзінде филиал басшылығының қолдауымен "Ақжайық" шипажайында ем-дом алуға Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері Айтқали Нәріков, Алпамыс Бектұрғанов, Амангелді Шахин және Дариға Мұштанова мүмкіндік алды.
Сонымен қатар Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығында Қазақстан Жазушылар Одағының Батыс Қазақстан облыстық филиалының редакциясы жасақталды.
Филиалдың бастамасымен Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ақын, журналист Айтқали Нәріковтың 80 жасына орай «Ақжайықтың Айтқалиы» облыстық жыр мүшәйрасы жарияланғаны да белгілі.
Бүгін филиал төрағасы, ақын Бауыржан Халиолла батысқазақстандық ақын-жазушыларды тағы да бір жаңалығымен қуантты.
- Әйгілі Фариза Оңғарсынова апай көзі тірісінде әдеби-көпшілік "Тұмар" журналын шығарды. Сапасы көрген жанның көз жауын алатын осы басылымның шығармашылығына бұл күнде апайдың рухани сіңлісі, атыраулық ақын Әлия Дәулетбаева жауап береді.
Әлия ханым Қазақстан Жазушылар одағы БҚО филиалына қолдау ретінде жуырда шығатын журналдың жаңа санында Ақжайық қаламгерлерінің шығармашылығына 30 бет арнайтынын айтты.
Одан бөлек Талант Арғынғали досым да басшысы Бақыт Жағыпарұлының сәлемін жеткізіп, қазақ радиосының алдағы бір хабары тұтастай аталмыш филиалдың қазіргі жай-күйі, Ақжайық қаламгерлерінің тыныс-тіршілігі туралы болатынын баяндады, - дейді Бауыржан Ергенұлы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.
Ертай Бимұханов,
zhaikpress.kz