Ақсай қаласындағы №5 жалпы орта білім беретін мектептің география пәні мұғалімі Аққу Туысова – педагог-сарапшы, еңбек өтілі – 10 жыл. Ол өз пәнін оқытуда заманауи технологияларды, соның ішінде «жасанды интеллект (ЖИ)» мүмкіндіктерін белсенді қолданатын шығармашыл ұстаз.

Аққу Ерсайынқызы сабақтарында оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттыру мақсатында *«leonardo ai», «copilot ai», «hailuo ai», «kling ai», «slides go», «gamma ai», «kimmi ai», «napkin ai», «jeda ai» секілді ЖИ платформаларын пайдаланып, комикс, бейнефильм, мультфильм жасау арқылы күрделі тақырыптарды қарапайым әрі түсінікті жеткізе біледі.
Ұстаз аймақтық және республикалық деңгейдегі ғылыми-тәжірибелік конференцияларға қатысып, өз тәжірибесімен бөлісіп келеді. Атап айтқанда:
– «Жасанды интеллект, геймификация, виртуалды лабораториялар», – «Географияны оқытуда Cospaces бағдарламасын пайдалану» тақырыптарында баяндамалар жасады.

2024-2025 оқу жылында Аққу Ерсайынқызының жұмысы «Білім берудегі цифрлық трансформация» атты республикалық конференцияда жоғары бағаланды.
2025 жылғы 23 қыркүйекте ол Алматы қаласында 31 телеарнаның «Әділдік алаңы» бағдарламасына арнайы шақырылып, «ЖИ: жаңа мүмкіндіктер» тақырыбында журналист Руслан Өтепбаймен сұхбат беріп қайтты.

Оқытудың озық әдістерін меңгерген ұстаз 2025 жылдың қазан айының соңында өтетін «XIV NIS Conference: цифрлық дәуірдегі мектеп білімі» атты халықаралық конференцияға қатысуды жоспарлап отыр.
БҚО білім басқармасының баспасөз қызметі