4.11.2024, 17:00
Оқылды: 314

Батысқазақстандық Өнердің алтыны ел құрамасын әлем алдына шығарды

Қазақ елінің жас боксшылары жастар арасындағы әлем чемпионатының жалпыкомандалық есебінде бірінші орынды иеленді. 25 салмақта бақ сынасқан ұлдар мен қыздар арасындағы жарыста біздің спортшылар 17 медаль жеңіп алды. Оның 6-ы – алтын, біреуі – күміс, 10-ны – қола. Екінші орынға бес алтын бес күміс, үш қола жеңіп алған өзбекстандық боксшылар жайғасса, бес алтын, екі күміс, бір қола еншілеген Ресей құрамасы үздік үштікті түйіндеді.

IMG_0685

Әлемнің 73 мемлекетінен келген жас былғары қолғап шеберлері өнер көрсеткен әлем біріншілігінде жеңіс тұғырына тек 27 мемлекеттің боксшылары шыға алды. Жіктеп айтар болсақ, ерлер бәсекесінде 5 алтын жеңіп алған өзбек ағайындар бірінші, қазақстандық ұлдар екінші. Олар 4 алтын иеленді. Ал қыздар сынында 3 алтын иеленген Қытай құрамасы жеңімпаз атанды. Қазақ елінің намысын қорғаған бұрымды боксшылар екі алтынға қол жеткізді. Бұл – екінші  орын.

Әлемдік доданың соңғы күніне дейін Төрехан Сабырхан (67 келі), Санжарәли Бегалиев (75 келі), Елянур Тұрғанова (50 келі), Аружан Зейноллаева (81 келі), Бексұлтан Боранбек (51 келі) есімді боксшылар иеленген алтынға иек артқан құрамамыз үздік үштікті түйіндеп тұрды.

Әлем біріншілігінің алтыны үшін ресейлік Алексей Гуковпен айқасқа шыққан Өнер бауырымыз қарсыласын 5-0 есебімен талқандап, құрамамыздың жалпы есепте бірінші орынға шығуына үлкен септігін тигізді.

Әлемдік сынның алтынын жеңіп алып, облыста бұрын-соңды болмаған нәтиже тіркеген Өнер Сейілханның түп тамыры тұңғыштар мекені атанған – Бөкей ордасы топырағынан. Атасы Сейілхан Мұратсай ауылындағы А. Құсайынов атындағы мектепте технология, әжесі Нағима Саматова физика-математика пәнінен сабақ берген. Ал Өнер 2006 жылы Орал қаласында дүниеге келді. Жастайынан спортқа соның ішінде боксқа құмартқан Өнерді көкесі Мирболат жетектеп, бокс үйірмесіне алып барған. Алғашқы бапкерлері Ержан Кендиков пен марқұм Ернар Нұриденов.

Бала күнінен қарсыластарын қоғадай жапырған Сейілханның Өнері осы күні жекпе-жек спорт мектебінде Берік Жарылқасынның қол астында жаттығып жүр. Тынымсыз еңбек пен темірдей тәртіптің арқасында Өнер төрт дүркін Қазақстан чемпионы атанды. Жастар арасындағы Азия және әлем чемпионы атағына қол жеткізді.

Өнер биыл ел чемпионатын, Азия және әлем біріншілігін жеңіп алды. Былайша айтқанда, хет-трик жасады. Бұл жеңіс жаттықтырушылар мен Бауыржан Кәрімов басқаратын өңірлік бокс федерациясының жемісті де жарқын еңбегінің арқасында келгенін атап өткен де жөн.

Жастар құрамасының аға бапкері Мақсат Бақтыбазаров жастарды Алматыға жинап, кіл мықты ішінен шын мықтыларды таңдап алатынын айтып еді. Міне, сондай жүйелі жұмыс өз нәтижесін берді.

Түгелбай Бисен

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале