Бүгін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада су тасқынымен күрес шараларына белсене атсалысқан ел азаматтарын салтанатты түрде марапаттады, деп хабарлайды БҚО ПД баспасөз қызметі.
Мемлекет басшысының қолынан "Ерлігі үшін" медалімен БҚО Полиция департаментінің қызметкерлері полиция капитаны Бақытжан Сатыбалдин және полиция майоры Фархат Сейлев марапатталды.
Президент, ең алдымен, бұл бұрын ешқашан болмаған ең жойқын табиғи апат екенін атап өтті. Қазақстанның 10 аймағында төтенше жағдай жарияланды. Жалпы, ел көлемінде 19 мыңнан астам тұрғын үйді су басты.
– Сын сағатта еліміз ырысты ынтымағын танытты. Біз табиғи апат кезінде жұрт болып жұмылдық. Біртұтас ел екенімізді көрсеттік. Құтқарушылар, әскерилер, ішкі істер органдары мен әкімдік қызметкерлері тәулік бойы жұмыс істеді. Олар Отан алдындағы парызын мінсіз атқарды. Бір сөзбен, антқа адал болды, – деді Мемлекет басшысы.
БҚО ПД Орал қ.ПБ ППБ саптық бөлінісінің аға қызмет инспекторы полиция капитаны Б.Сатыбалдин ішкі істер органдарында 2011 жылғы мамыр айынан бері қызмет атқарады.
2024 жылғы 21 сәуір күні полиция капитаны Орал қаласының маңындағы 2 саяжай мекенінде қызмет атқару барысында, аталған қызметкерге сол саяжайдың төрайымы келіп, су басқан тұрғын үйде кәмелетке толмаған 2 бүлдіршін қыз баланың бар екенін хабарлайды. Сол мезетте суға бату қауіптілігіне қарамастан, патрульдік квадроциклмен көрсетілген тұрғын үйге дереу жетіп, қыздарды аман-есен алып шығады.
Ал, БҚО ПД Орал қ.ПБ жедел криминалистикалық бөлімі бастығының орынбасары полиция майоры Ф.Сейлев ішкі істер органдарында 2006 жылғы қыркүйек айынан бері қызмет атқарады.
2024 жылдың 13 сәуірінде саяжайда су басқан аумақта патрульдік кызмет атқару кезінде өз үйінде денсаулық жағдайына байланысты өз бетінше эвакуциялануға мүмкіндігі болмаған әйелді байқайды. Бірден көмекке келген полиция қызметкері әйелді қауіпсіз аймаққа шығарып, алғашқы көмек керсетіп, дәрігерлердің қарауына тапсырады.
Полиция қызметкерлерінің жедел шешім қабылдап, тез қимылдағанының, берген антына сенімді болып және ерлік әрекетінің арқасында адам өмірлері құтқарылды.