Биылғы 3–6 сәуір күндері Каспий жағалауындағы Ақтау қаласында қоян-қолтық ұрыстан жастар мен юниорлар арасында Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті. Дүбірлі додада еліміздің әр өңірінен келген үздік спортшылар бақ сынасып, шын мықтыны анықтады.
Бәсекенің бел ортасынан табылған батысқазақстандық спортшылар жерлестерін қуантты. Атап айтсақ, Қайрат Қожахмет – ел чемпионы, ал Әлихан Батырғалиев – күміс жүлдегер атанып, өңір қоржынына олжа салды.
– Астаналық қарсыласым Болатәлі Бақдәулетпен жекпе-жек алдында қобалжу болды. Бірақ татамиге шыққанда бар ойымды тек жеңіске аудардым. Финалға дейінгі барлық кездесу тартысты өтті. Шешуші сында жерлесім әрі досым Әлихан Батырғалиевпен кездестік. Ол маған жол беріп, нәтижесінде мен бірінші, ол екінші орын алып, екеуміз де абыроймен оралдық, – дейді жеңіс әсерімен бөліскен Қайрат.
Спортшыларды Орал әуежайынан БҚО қоян-қолтық ұрыс федерациясының президенті Махамбет Сұлтанғалиев бастаған әріптестері мен жанкүйерлері қарсы алып, құрмет көрсетті.
– Бұл чемпионат – жай ғана ел біріншілігі емес, әлем чемпионатына іріктеу кезеңі болды. Қуаныштысы – біздің спортшылар өз шеберліктерін дәлелдеп, ұлттық құрамаға ілікті. Атап айтқанда, Қайрат Қожахмет енді тамыз айында Тәжікстанда өтетін Әлем чемпионатында еліміздің намысын қорғайды. Сонымен қатар осы додада жеңіске жеткен спортшыға «спорт шебері» атағы берілді. Бұл – жас спортшымыздың маңдай терінің, жүйелі жаттығудың және табандылықтың нәтижесі. Біз оларға сенеміз. Алдағы әлемдік аренада да көк туымызды биікте желбіретіп, еліміздің абыройын асқақтатады деп үміттенеміз, – деді федерация президенті Махамбет Амантайұлы.
Аружан Болатбекқызы,
«Орал өңірі»