Батысқазақстандық таеквондошылар Азия чемпионатынан жеңіспен оралды. Жарыс Үндістанның Бангалор шаһарында 19-25 тамыз аралығында өтті. Тартысты додаға 26 елден мыңдаған спортшы қатысты, деп хабарлады БҚО «Таеkwondo ITF» федерациясынан.
Суреттер: «Ахметов team» командасынан
Сайыс нәтижесі бойынша еліміз командалық есепте ІІ орынға ие болды. Қазақстандық құрама Оңтүстік Кореяның спортшыларына есе жіберді.
Жалпы нәтижесі бойынша «Ахметов team» командасының мүшелері алты алтын, үш күміс пен үш қола еншіледі.
Үнді жерінде өткен сайыста жас спортшы Алесандро Карбоне екі дүркін Азия чемпионы атанды. Бұған дейін болашағынан көп үміт күттіретін жас спортшы Еуропа мен Әлем біріншілігінде топ жарып, алтынды қанжығалаған еді. Жарыста топ жарған жас спортшыларды Ақжайық жұртшылығы қошеметпен қарсы алды.
Азия ойындарында жеңіс тұғырынан көрініп, ел намысын қорғаған спортшылар қараша айында Өзбекстанның астанасында өтетін Әлем кубогіне дайындалмақ.
Қазіргі таңда «Ахметов team» командасында 300-ден астам жас спортшы жаттығады. Тәжірибелі бапкер Аралбек Ахметов өрендерді 4 жастан бастап қабылдайды.