Бүгін батысқазақстандықтар Қызылорда облысының Жалағаш ауданында апатқа ұшыраған Ми-8 тікұшағында қаза тапқан капитан Сырым Мәсәлімді ақтық сапарға шығарып салды, деп хабарлайды "Жайық Пресс" ақпарат агенттігі.
Қапыда қаза тапқан батырды шығарып салуға Орал қаласының Сарытау шағынауданындағы №50 мектептің ауласына жиналған халықтың қарасы қалың болды. Облыс әкімі Алтай Көлгінов, қала әкімі Мұрат Мұқаев бастаған ел азаматтары, марқұмның алыстан жеткен әріптестері, әскерилер жерлеу рәсіміне қатысты.
-Қадірменді Ақжайық жұрты, құрметті ағайын! Қызылорда облысында тікұшақ апатқа ұшырап, 13 әскериімізден айырылп қалдық. Қаза қазақ жұртын қара жамылдырды. Олардың арасында біздің Сырым бауырымыздың болғаны бүкіл Ақжайық жұртының қабырғасын қайыстырды. Орны толмас қаза. Отан алдындағы борышын, елге қызмет атқарды.Осындай азамат тәрбиелеген ата-анасының алдында басымызды иеміз. Құрметті, Мәлкей аға, Нәзия апа! Мына қалың жұрт сіздерді қолдау үшін, көңілін білдіру үшін келіп тұр. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ еліне, батырларымыздың туыстарына көңілін айтты. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев қаза болған бауырларымыздың отбасыларының қайғыларына ортақтасып, барша көмек көрсетілетінін атап өтті. Ел-жұрт қастарыңызда. Отан алдында борышын адал атқарған Сырымды мәңгі есімізде сақтаймыз. Артындағы ұрпағын Алла Тағала қолдасын. Болаттай берік болыңыздар! Жаны жәннатта болғай! Топырағы торқа болсын! – деп облыс әкімі Алтай Көлгінов қайғыра көңіл айтты.
ҚР Қорғаныс күштері Бас штабы бастығының орынбасары, вице-адмирал Жандарбек Жанұзақов марқұмның туыстарына ҚР Қорғаныс министрінің атынан көңіл айтты. Соңғы деміне шейін әскери антына адал болған Қазақ елінің нағыз патриотының қазасы ешқашан орны толмайтынын жеткізіп, отбасына барлық көмек көрсетілетініне сендірді.
Капитан Сырымның әкесі Мәлкей аға ұлын ақтық сапарға шығарып салуға жиналған облыс халқына, ағайынға, ұлының қатарластарына ризашылығын білдіріп, сөз алғанда көзіне жас алмаған адам қалмады.
Марқұмның жаназа намазын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының БҚО-дағы өкіл имамы, өңіріміздің бас имамы Еркебұлан қажы Қарақұлов атқарды.
Сырым Мәсәлім БҚО-ның Сырым ауданындағы Аралтөбе ауылында 1989 жылы 11 желтоқсанда дүниеге келген. Бала кезден ұшқыш болуды армандаған ол 2007 жылы мектеп бітіргеннен кейін Ақтөбе қаласындағы Т.Бигелдинов атындағы әуе қорғаныс күштері әскери институтына оқуға түскен. Институтты 2011 жылы жақсы тәмамдап, Ақтау қаласындағы әскери авиабазада авиациялық жабдықтау қызмет көрсету тобына аға техник болып тағайындалған. 2013 жылы Автоматтандырылған бақылау борттық сандық жүйесі ұызмет көрсету тобының бастығы болады. Марқұмның артында жары мен үш жасар ұлы қалды. Ата-анасы Орал қаласында тұрады.
Нұрлыбек Рахманов
сурет: Темірболат Тоқмамбетов
zhaikpress.kz