Бір-бірімен құшақ жая амандасып, арқа-жарқа болған ағайын бүгін облыс орталығындағы Тұңғыш Президент алаңына жиналып, ұлы даланың ұлық мейрамын тойлады.
Қыстың ызғары сынып, күн мен түн теңесетін күні халыққа Қыдыр ата ақ батасын берді. Сөзге тоқтаған қазақ елінің ұл-қыздары бір үйдің балаларындай батаға ұйып, әумин десті. Одан соң Ұмай ана елді бәле-жәледен аластады.
Биыл он күн бойы ерекше форматта тойланып жатқан Наурыз мейрамы расымен көптің көңілінен шықты. Алаңға қаз-қатар тізілген киіз үйлерден ағайын дәм татты.
Белі мықты жігіттер белдесіп, білегі мықтылар күш сынасуға да мүмкіндік алды. Тіпті атқа отырып, серуендегісі келген жандар да қылқұйрықты тізгіндеп, мәз-мейрам болды. Әсіресе, балалар жағы мұндай мүмкіндікті мүлт жібермеуге тырысты. Шеберлер өз қолымен жасаған әшекей мен ұлттық нақышта жасалған түрлі бас киімдер мен өзге де кәдеге жарар бұйымдарды саудалады.
Одан бөлек епті жігіттер ләңгі теуіп, шымырлар топтасып арқан тартысты. Спорттық ойын жеңімпаздарына бағалы сыйлықтар тарту етілді. Онсыз да көңілі шат ағайынға жерлігікті өнерпаздар ән мен күйден шашу шашып, мерекенің сәнін кіргізді. Әсіресе, күйшілердің өнері мен балалар хоры алаңға жиылған көпшілікке мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Ел тойын, қалың жұрт арасында қарсы алған облыс әкімі Нариман Төреғалиев жиылған ағайынды әз-Наурыз мейрамымен құттықтады.
– Әз Наурыз – ұлтымыздың болмысын, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, тәлім-тәрбиесін, руханиятын айшықтайтын мейрам.
Биыл қазақстандықтар Мемлекет басшысының бастамасымен Наурыз мейрамын жаңа форматта атап өтуде. Елімізде Наурызнама тұжырымдамасы бекітіліп, Ұлыстың ұлы күні – 10 күн қатарынан тойлануда.
Күні кеше Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Алматы қаласында өткен мерекелік іс-шарада қазақстандықтарды Наурыз мейрамымен құттықтады. Мемлекет басшысы құттықтауында Наурыз ұлтымыздың салт-дәстүрін, тарихын, ұлттық құндылықтарын жандандыратын мейрам екенін ерекше атап өтті.
«Бабаларымыз ежелгі заманнан бері Ұлыс күнін жыл басы ретінде атап өткен. Қазір Әз Наурыз күллі халыққа ортақ жалпыұлттық мерекеге айналды. Оны ұлтына, дініне қарамастан барша жұртымыз ерекше күтеді, бірге атап өтеді. Наурыз мерекесінде халқымыздың асыл қасиеттері мен құндылықтары түгел көрініс тапқан», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ Президентіміз құттықтауы барысында ел игілігі жолында атқарылатын жұмыстарға да тоқталды.
«Өңірлердегі жылу орталықтары және инженерлік желілер жаңғыртылады. Елімізде 12 мың шақырым жол салынып, жөнделеді. 300 мың адам табиғи газдың игілігін көре бастайды. Ауыл және аудан тұрғындары үшін жаңа тұрғын үй бағдарламасы іске қосылады. Әлеуметтік жағынан осал топтағы азаматтар үшін несие өсімі 7 пайыздан аспайды. Жалға берілетін баспана саны бірнеше есе көбейеді. Мұның бәрі халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға ықпал етеді», - деді Президент.
Халыққа арналған осындай игі шаралар міндетті түрде Батыс Қазақстан өңірін де қамтиды. Біз тұрғындарға қажетті –әлеуметтік, медициналық нысандарды, жол салуды, тұрғын үй құрылысын жүргізуді және тағы да басқа маңызды жұмысты жалғастырамыз.
Баршаңызға мәлім, Наурыз мерекесі қарсаңында өткен аптада Мемлекет басшысының қатысуымен Жайық жағасындағы көршілес Атырау облысында 3-ші Ұлттық Құрылтай өтті. Ұлттық құрылтайда Президент елді дамыту жолындағы бірқатар маңызды мәселені көтерді. Атап айтқанда, қоғамдағы ойынқұмарлық пен жастардың жат діни ағымдарға бет бұруының алдын алу, тарихымызға құрметпен қарау, қоғамдық тәртіпті сақтау, мемлекеттік тілге деген құрмет және тағы басқалары. Мемлекет басшысының бұл бастамалары қоғам тарапынан қолдау тауып жатыр.
Биыл Ұлыстың ұлы күні – қасиетті Рамазан айымен тұспа-тұс келді. Осы айда ұстаған оразаларыңыз бен жасаған дұға -тілектеріңіз қабыл болсын!
Наурызнама тұжырымдамасын ақпараттық насихаттау, іс-шараларды ұйымдастыру бойынша Батыс Қазақстан облысы 20 облыс арасында алғашқы орындардың қатарында. Наурызды тойлаудағы белсенділіктеріңіз үшін барша жерлестеріме зор ризашылығымды білдіргім келеді.
Бабалардан қалған ұлттық болмысымыз бен дәстүрімізді, тұғырлы Тәуелсіздігімізді сақтау – біздің ең басты парызымыз. Ұлы даланың ұлық мерекесі құтты болсын! Еліміз аман жұртымыз тыныш болсын, - деді облыс әкімі.
Облыс халқын шаттыққа бөлеп, қалың қазақты қуантқан, еліміздің бірлігін айшықтаған Наурыз тойы одан әрі облыстың үздік өнерпаздарының концертіне ұласты.
Түгелбай Бисен,
Сурет авторы: Мәди Салық
zhaikpress.kz