Елбасы Н.Назарбаевтың Жарлығымен 1997 жылдан бастап, яғни 21 жыл бойы мамыр айының соңғы күні «Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күнін» атап өтіп келеміз. Бұл мереке емес, десек те, қатардағы қалыпты күн де емес. Бұл күн төл тарихымыздың беймәлім беттерін тереңірек зерттеп, болашақта бұл зұлматтың қайталануына жол бермеуіміз үшін аса қажет.
Саяси репрессия қарқынды жүрген жылдары солақай билік «қауіпті» деп тапқан азаматтарды шұғыл түрде тұтқындап, ешқандай сот үкімінсіз абақтыға қамап немесе ату жазасына кесіп отырды. Тәуелсіздік жолында Алаштың арда ұлдары аяусыз зорлық-зомбылық көрді. Тарихшылардың бағалауынша, 1927-1953 жылдары Қазақстанда 103 мың адам саяси қуғын-сүргінге ұшырап, 25 мыңнан астам адам жазықсыз атылды. Нақ осы жылдары қазақстандық ғылым, мәдениет және саясат саласының зиялы қауым өкілдері атылған.
1930-1950 жылдар аралығында Батыс Қазақстан облысы бойынша бес мың адам «үштіктің» шешімімен жазаланған. Бір ғана 1937 жылдың өзінде 853 батысқазақстандық қуғынға ұшырып, 335-і атылып кете барған. Сол бір зұлмат заманда біздің елімізге де мыңдаған өзге ұлт өкілдері жер аударылды. Кеңпейіл қазақ халқы поляк, Еділ немістері, Қырым татарлары, Кавказ халықтары және басқа да ұлт өкілдерін жатсынбай бауырына басып, бір үзім нанын бөліп жеді.
Бүгінгі ұрпақ саяси қуғын-сүргінге ұшыраған ардақты азаматтарымыздың есімдерін қастерлеп, рухын қадірлеуді перзенттік парызы, аға ұрпақ алдындағы борышы деп санайды. 31 мамыр күні шаһардағы Мұнайшылар гүлбағындағы саяси құрбандар аллеясындағы ескерткішке, сондай-ақ саяси қуғын-сүргін құрбандары Н. Тоқсанов, М. Амосов. Ж. Досмұхамедов. Ш. Қаратаеваға орнатылған ескерткіш тақталарға гүл шоғын қою рәсімдері өтті.
Фото Темірболат Тоқмамбет