20.03.2023, 10:16
Оқылды: 71

Батысқазақстандықтар Щучинскіде шаңғы жолының шаңын шығарды

XI республикалық оқушылар гимназиядасының шаңғы жарысы наурыздың 15 мен 18-і аралығында  Ақмола облысы, Щучинск қаласында өтті.

 

d895650b-9102-4f2e-9fd6-fee94c6bddce

Жарысқа Ақмола, Атырау, Ақтөбе. Астана, Қостанай, Қарағанды, Павлодар, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстары мен еліміздің ірілі-ұсақты қалаларының жас шаңғышылары қатысты . Осы айтулы додада бақ сынаған өңір оқушылары осал емес екендерін көрсетті.

 16 наурыз күні «Классика» әдісімен сайысқа түскен 2005-2006 жылдары туған ұлдар арасында бәйтеректік Дамир Қабикесов чемпион атанса, 2007 жылғы және одан одан кіші жастағы қыздар сынында бөрлілік Мадина Жақсылықова қола жүлдеге қол жеткізді. Облыс шаңғышылары  наурыздың 17-сі күні өткен «Еркін әдіспен» 5 шақырымдық жарыста да мықтылық танытты. Алдымен жарыс жолына 2007 жылғы қыздар шықты. Талай сында мықтылық танытып жүрген Бөрлі ауданының қос мықтысы Мадина Жақсылықова, Жанерке Тудахунова әп дегеннен қарсыластарын шаң қаптырып, жарыс соңына дейін басымдықты ешкімге бермеді. Тек соңғы бұрылыста құрбысын артқа тастаған Мадина ХІ оқушылар гимназиадасының жеңімпазы атанса, одан сынық сүйем қалып қойған Жанерке күміс медалға қол жеткізді.

Командалас қарындастарының жетістігіне қанаттанған бәйтеректік Дамир Қабикесов те намысты қолдан бермеуге тырысты. Соңына дейін алтын үшін таласқан ол тек соңғы метрлерде осалдық танытып, күміспен күптелді.

Жарыстың соңғы күні спортшылар командалық эстафета медальдарын сарапқа салды. Онда облыс намысын Лейла Мұқатова, Жанерке Тудахунова, Анастасия Соколова және  Мадина Жақсылыкова төрттігі қорғады. Бұл сында да намысты қолдан бермеген батыстың батыр қыздары қола жүлдегерлер атанды.

Соңғы жылдары шаңғы жарысы федерациясы құрылып, жас болса да білгенін балаға үйретуге қашан да дайын жүретін бапкерлерге барынша қолдау көрсетілді. Әсіресе, Бөрлі ауданының жастарын осы спортқа баулып жүрген Ислам Сағынаәлиевтің еңбегі зор. Бәйтеректік балаларды баптаған жасөспірімдер арасындағы облыс құрамасының аға бапкері Серік Хайруллин де өңірде шаңғы спортының дамуына өзінше үлес қосып келеді. Ондаған жыл бойы елішілік жарыстарда алтын түгіл қола алып көрмеген өңір құрамасы осы күні шаңғы спорты мықты дамыған, облыстар сескенетін командаға айналды. Ол тынымсыз еңбек пен қолдаудың арқасы. Болашақта Еділбек пен Дамирдің, Жанерке мен Мадинаның халықаралық додаларда өзін көрсететіндей әлеуеті бар. Тек жөнді қолдау болса болғаны.

 

Түгелбай Бисен,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале