12.04.2019, 13:14
Оқылды: 53

Батысқазақстандықтар жаңа әліпбимен диктант жазды

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының 2 жылдығына орай облыстық тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен өңір тұрғындары жалпыхалықтық диктант жазды.

 20190412_095641

Жалпыхалықтық диктант облыс бойынша барлық аудандарда, қалада, жоғары оқу орындарында, техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінде, мектептерде өтті.

Шараның басты мақсаты – латын негізді қазақ тілі әліпбиінің, «Қазақ тілі емлесінің негізгі ережелері» жобасының практикалық тұрғыда меңгерілуін жан-жақты қамту болды.

Облыстық тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы Света Ғаниеваның айтуынша, жалпыхалықтық диктантқа облыс бойынша барлығы 6 700 адамды қатыстыру жоспарланған. Алайда өз еркімен құлшыныс білдірушілердің көптігінен диктант жазуға қатысқан тұрғындардың саны жоспардағыдан әлдеқайда мол. М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дың өзінде аталмыш диктантқа 250 студент қатысқан.

- Латын негізді жаңа қазақ әліпбиі қабылданды. Ол туралы еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бұйрығы жарияланды. Күні кеше мектептерден тәжірибеден өтуге барған бір шоғыр шәкірттерім көптеген білім ошақтары әлдеқашан жаңа әліпбиге көшіп кеткенін айтты. Жаңа әліпбиге дағдылануды әрбір студент ешкімге алаңдамай, өзінен бастауы керек. Өйткені бұл жаңалықты сізге ешкім арнайылап үйретпейді. Ертеңгі кәсіби маман ретінде бүкіл халыққа, балаларға жаңа әліпбидің ерекшеліктерін бүге-шігесіне дейін түсіндіретін, меңгертетін өздеріңіз боласыздар, құрметті филология факультетінің студенттері! – деді аталмыш оқу орнында өткен шараны салтанатты түрде ашқан М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті жанындағы «Рухани жаңғыру» институтының директоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Абат Қыдыршаев.

Диктант мәтіні Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласынан алынған. Шара соңында студенттер проектор арқылы үлкейтілген мәтінге қарап, өз жұмыстарын өздері тексерді.

-Мен латын негізді қазақ әліпбиімен оқып, жазуға дағдыланып кеттім деп айта аламын. Ағылшын тілін оқығандықтан латын қарпіне үйрену қиындық туғызған жоқ. Біз бүгінгі таңда дәрістерді латын қарпінде жазып жүрміз. Мұндай диктантқа екінші рет қатысып отырмын. Жазған жұмысымда қателік болған жоқ, - дейді М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дағы филология факультетінің ІІІ курс студенті Аяжан Сағиева.

Нұртас Набиоллаұлы,

zhaikpress.kz

d

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале