25.04.2024, 17:15
Оқылды: 76

«БатысSTAR» тобы: «Ескірмейтін есті әндерді жұрт жадында жаңғыртуға құштармыз»

 

«БатысSTAR» тобының  құрылғанына биыл 12 жыл толмақ. Жайық жұртының көзайымына йналған трио біраз жылдан бері көптеген мерекелік іс-шараның шырайын кіргізіп, жұртты өрелі өнерімен сусындатып келеді. Ендеше, «БатысSTARмен» жақынырақ танысып, әншілердің немен тыныстап жүргенін сұрап көрмек мақсатта топ мүшелері – Азамат Жұмаев, Нұртай Насибуллин және Асұлан Ислямовпен әңгімелескен болатынбыз.

батыс стар6

– Сұхбатымызды «Батыс-STAR» тобының құрылу тарихынан бастасақ. Топ мүшелері өнер әлеміне қалай келді?

АЗАМАТ: – 2011 жылы мектебімізден түлеп ұшып, арманымызды арқалап Орал қаласына келдік. Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің өнер факультетіндегі музыкалық білім мамандығына оқуға түсіп, сол жерде бір-бірімізбен алғаш табыстық. Жігер оты жалындаған өзіміз құралпы курстас  құрбы-құрдастармен алдымызға мақсат қойып, кәсіби өнер жолына алғаш қадамымызды жасадық. Жоғары курста оқып, сахнаның төрінде жарқылдап жүрген ағаларымызға сүйсіне қарап, бой түзейтінбіз. «Біз де киелі сахнада БҚУ-дың әнұранын шырқап тұрсақ қой...» деген тілек-ниетпен өнер жолында ізденіп, еңбектене бастадық. Ол кезде бірер жылдан соң топ құрып, ауқымды байқаулар мен фестивальдерде өнер көрсетеміз деген ой басымызға кіріп-шықпаған ғой (күледі).

АСҰЛАН: – Иә, қиялымызда әлдилеген арманымыз шындыққа ұласу үшін аянбай тер  төгуге даяр едік. Түрлі қоғамдық, мәдени шаралардың басы-қасынан табылып, университетішілік жиындарда өнер көрсеттік. Қабілетімізді шыңдап, білімімізді ұштауға тырыстық. Сөйтіп, ҚР Мәдениет саласының үздігі, Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі, музыкалық білім кафедрасының білікті маманы Қисметов Қуаныш ағамыздың көзіне түсіп, «БатысSTAR» тобын құру туралы ұсыныс алдық.

Қуаныш ағамыздың көптеген студентті қанатының астына алып, тәрбиелеп, шәкірттері түрлі облыстық, республикалық, халықаралық байқауларда жүлделі орындарға ие болып жүргенінен хабардар едік. Оның ұйытқы болуымен «MakhamBand», «Қорған» тобы, «Дарын» квартеті және бұдан басқа да дарынды өнерпаздар өңірімізге кеңінен танылып, көптің ықыласына бөленіп жүрді. Сол себепті бұл ұсыныстың біздің өміріміз бен өнерімізге әсер-ықпалы ерекше болды. Осылайша 2012 жылы, бірінші курсты тәмамдаған шағымызда «БатысSTAR» квинтеті құрылды. Оған Данияр Рамазанов, Райымбек Самигуллин және Нұртай, Азамат үшеуіміз мүше болып, алғаш өнердегі қызметімізді бастадық. Ал қазір «БатысSTAR» триосы болып өнер көрсетудеміз. Данияр мен Райымбек топтан бөлініп кеткенімен, мәдениет пен өнер саласынан алыстаған жоқ.

– Алғаш үлкен сахнаға шыққан сәттеріңіз кәміл естеріңізде  ғой?..

АСҰЛАН: – Топ болып басымыз қосылғаннан кейін ең алғаш халықаралық деңгейдегі «На Николаевской» байқауына қатыстық. Біздің облыстан түрлі жанрда өнер көрсетіп жүрген 30-ға жуық өнерпаз Орынбор қаласына аттанып, өңір намысын қорғады. Солардың қатарында біз де бар едік. Қуаныш ағамыздың ақыл-кеңесімен «Тополя» деген әнді таңдап алып, бес дауысқа бөліп дайындықты бастадық. Сабақтан кейін бір кабинетке жиналып, уақытпен санаспай, тыңғылықты дайындалдық.

Сөйтіп, Ресейде аккапелла мәнерімен орындаған шығармамен бас жүлдеге қол жеткіздік. Бұл жеңісіміз бізді желпіндіріп, жігерлендіре түсті. Осындай байқауда өнер көрсетуге мүмкіндік алғанымыз осы Қуаныш Лабибұлының арқасы. Ол кісіден үйренгеніміз көп, үйренеріміз одан да көп.

Яғни ізденісіміз, қабілет-қарымымызды шыңдау, кәсіби білім-білігімізді жетілдіру  үздіксіз  жалғаса  береді.

– «БатысSTAR-дың» негізгі миссиясы қандай, қандай бағытта  ән  шырқайсыздар?

АЗАМАТ: – Өнер тобы болып құрылғандағы әуелгі мақсатымыз – ескірмейтін ескі әндерді қайтадан жаңғыртып, оны халыққа ұсыну. Сол бастапқы мұратымыздан әлі де айныған емеспіз. Қадыр Мырза Әли, Мұнайдар Балмолда, Жансая Мусина және көпшілікті мойындатқан өзге де ақын аға-апаларымыздың өлеңіне жазылған әндерді өз бағытымызға қарай өңдеп-әрлеп, насихаттап жүрміз. Осы тұста екпін түсіріп ерекше айтар жайт, біз белгілі бір әнді өзіміздің даусымызға, өзіміздің ән шырқау мәнерімізге лайықтап өңдегенімізбен, әуеннің бастапқы табиғатын сақтап қалуға тырысамыз. Қазақтың есті әндерін жас та, жасамыс та сүйіп тыңдаса екен дейміз. Сол себепті халқымыздың ескірмейтін есті әндерін жұрт жадында  жаңғыртуға  құштармыз.

Асұлан: – Репертуарымыздағы әндердің дені – эстрадалық ырғақ-мәнермен айтылатын патриоттық шығармалар. Жуырда Қадыр ақынның өлеңіне жазылған, атыраулық композитор Медет Қарамырзаның «Туған жер» атты әнін репертуарымызға енгіздік. Ретті жерінде айта кетейік, біздің орындауымыздағы «Өз елім», «Атамекен», «Алаш ұраны» секілді әндерге ел-жұрттың ықыласы  бәсеңдеген емес.

– Топтың репертуарында оншақты ән барынан хабардармыз. Алдағы уақытта ән қорын байыту жоспарда бар ма?

Нұртай: – Өмір үздіксіз қозғалысты, өнер үнемі ізденісті талап етеді. Уақыт өткен сайын халықтың сұранысы мен қажеттілігі өзгеріп отырады. Жалпы, сахна да жаңашылдықты сүйеді. Бұл үдеден шығу үшін біз шығармашылық жолындағы ізденісімізді тоқтатпақ емеспіз. Әр әнімізді асыға күтетін өнерсүйер қауым  туындыларымызды жылы қабылдаса деген мұратымыз бар.

Әрине, ықылас пен қошеметтен кенде емеспіз. Тыңдарманды жағымды әнмен қуанту шығармашылықтан шет  қалмауымызға себеп. Біз үшін әннің саны емес, сапасы маңызды. Алдағы уақытта ән қорымызды өлеңі өрнекті, әуені әсем әндермен толықтыруға  ниеттіміз.

– Республикалық, халықаралық байқауларға қатысып жүргендеріңізден хабардармыз. Топтың жетістіктері жөнінде айтып берсеңіздер?

АЗАМАТ: – Әрине, жүлдеден құр алақан емеспіз. Өнерде жүрген 12 жылда талай  байқауға қатысып, біраз сахнаның төрінен көріндік. «На Николаевской» байқауында сахнадағы тұсауымыз кесілген болса, одан кейін Атырау қаласында өткен  Ілия Жақанов атындағы халықаралық «Еділ мен Жайық» байқауынан екінші орын алып, өңірімізде өткен «Ерлікке тағзым» атты республикалық патриоттық әндер байқауының бас жүлдегері атандық. 2022 жылғы пандемиядан кейін «Қадыр жолымен» жобасы аясында «Дала дидары» атты көшпелі ұжыммен абыз ақын, Қазақстанның халық жазушысы Қадыр Мырза Әлидің шығармашылығын дәріптеу мақсатында Қырғыз Респуб-ликасының төрт облысына өнер сапарымен барып қайттық. Бұл сапарда «БатысSTAR» Қырғызстан Республикасы Мәдениет министрінің алғысхатын иеленді. 2023 жылы Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай триомыз «Еңбек даңқы» медалімен  марапатталды.

– «Орал өңірінің» жасөспірім оқырмандары танымал өнерпаздардың бос уақыттарын қалай өткізетінін  білгісі  келеді?

АЗАМАТ: – Мен уақытымның көп бөлігін студияда өткіземін. Дыбыс жазу, әрлеумен шұғылданамын. Түрлі материалдар, әнге музыка жазған ұнайды. Бұған қоса спорт – саламатты өмір салтының ажырамас бөлігі ғой. Дос-жаран, жора-жолдастармен бірге спортқа да белгілі бір уақыт арнап, ден қоямыз. Жиналып бірге теннис ойнаймыз, доп қуамыз деген сияқты...

АСҰЛАН: – Осы жерде атап өткен дұрыс шығар, «БатысSTAR» тобы әуелде Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығында қызмет істеді. Кейін облыстық жастар шығармашылығы орталығында еңбек еттік. Бүгінде аталмыш орталық «Атамекен» өнер ордасымен біріктірілді. Бұл жерде біз әншілік қызметімізден бөлек, «Атамекеннің» жанындағы жастар музыкалық театрында өнер көрсетуге де мүмкіндік алдық. Қойылымдарды сахналауға атсалысамыз, актерлік шеберліктен дәріс аламыз. Бос уақытымызда спектакльдерге дайындаламыз. Шынымен де, бұл біз үшін қызықты әрі ерекше тәжірибе. Мәселен, жуыр-да «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығының иегері, жазушы-драматург Мәдина Омарованың «Асыл арман» атты Ескендір Хасанғалиевтің өмірі мен шығармашылығы туралы қойылымын ұжыммен бірге сахналадық. Сөйтіп, өзімізді актерлік жағынан да байқап көрдік.

– Ақ Жайық өңірі – дарындыларға бай өлке. Біздің өңірде жас өнерпаздарға тиісті деңгейде қолдау көрсетілуде ме? Жалпы өңіріміздегі мәдениеттің дамуы жайында не ойлайсыз?

НҰРТАЙ: – Кейінгі жылдары ел мәдениетінің дамуына ерекше көңіл бөлінуде. Рухани байлығымыз бен мәдени дәстүрлердің дамуына үлес қосып жүрген өнерпаздардың еңбектері елеусіз қалып жатқан жоқ. Өнердің дамуы тікелей қоғамда болатын құбылыстарға байланысты өзгеріп, жетіліп отырады ғой. Біздің түрлі ауқымды фестивальдер, эксперименталдық концерттер тек атаулы күндері, мереке-мейрамдарда ғана емес, одан да жиірек ұйымдастырылып тұрса, облыс өнерпаздарының қатары көбейер ме еді деген ойымыз бар. Шығармашылықтың белгілі бір шеңбердің ішінде тұйықталып қалмағаны жөн. Ол еркіндікті, жаңаша көзқарас пен тың идеяларды талап етеді. Сол себепті жаңа сипаттағы жоба, шоуларда өнер көрсетуге мүмкіндік жасалса, нұр үстіне нұр болар еді...

Аружан Аманжол,

«Орал өңірі»

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале