19.09.2024, 11:30
Оқылды: 186

Батыстың басты арнасына 60 жыл толды

«AQJAIYQ» телеарнасының батысқазақстандықтар үшін орны ерекше. Облыстың тыныс-тіршілігі мен жаңалықтарын, әлеуметтік-экономикалық дамудағы өзгерістерді көзі қарақты көрерменге, ал көмекке зәру жандардың мұң-мұқтажын мінбердегілерге жеткізеді. Таяуда, яғни 26 қыркүйекте аймақтың бас арнасының ашылғанына 60 жыл толады. Айтулы мерейтойға орай аталмыш телеарнаның директоры Клара Қамбетовамен аз-кем тілдескен едік. Сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

EB8FD8D3-61C0-431F-9731-2845568D33AB

– Клара Мұсақызы, бүгінгі күн – ертеңгі тарих. Кешегі күндердің куәсі – «AQJAIYQ» телеарнасының өткені мен бүгініне тоқталып өтсеңіз. Телеарнаға еңбегі сіңген қызметкерлер арасынан кімдерді ерекше атауға болады?

– Облыстық «AQJAIYQ» телеарнасының іргетасы 1964 жылы қаланып, алғашқы хабар 26 қыркүйектен бастап таратылды. Сол кезден бастап ширек ғасырға жуық облыстық телерадио ұжымын Наурызғали Сдықов басқарды. Алғашқы бағдарламаларды эфирге шығарып, редактормен бірге телеарнаның негізін қалаушылар К. Айталиев, С. Ғазезов, С. Қабашев болды. Сондай-ақ бас редактор Е. Қасенов, эфирдің техникалық, көркемдік жағынан жауап берген А. Вдовин, А. Иночкин, М. Нұғманова, Ж. Ғабдуллина, А. Ағелеуова, Н. Баймұқашев, Л. Глазова, Р. Қабашева және т. б.  секілді өз ісінің білгір мамандары талай жыл тер төкті. Облыстық телеарна тарихында ҚР Жазушылар одағы және Журналистер одағының мүшесі, танымал ақын Ботакөз Баймұқанқызының да еңбек еткенін айтпай кетуге болмас. Телеарнаның қалыптасуы мен дамуында ерекше із қалдырған жандар өте көп. Аға буын өкілдері ширек ғасыр телеарнаға басшылық еткен Наурызғали Сдықовтың кісілігі мен кішілігін, Молдағали Рысқалиұлының іскерлігін, Махамбет Машекенұлы мен Ғарифолла Көшенұлының шығармашылық, тұлғалық дамуға басымдық бергендігін ерекше құрметпен әңгімелейді. Мнир Равхатұлы мен Шавхат Әнесұлы аймақтық телевизияның техникалық даму мәселелерімен қатар әлеуметтік  қолдауға  көңіл бөлгендігі  орта буын өкілдерінің көңілінде сайрап тұр. Дәл осы кезеңде хабар тарату сантаңбалық сипатқа көшіріліп,  осы заманғы сантаңбалық санаттағы бейне-дыбыс жазу, монтаждау құралдарымен толық жабдықталды. Еңбек жолын осы арнада бастап, кәсіби тілші, білікті басшы, мықты медиаменеджер болған Асыланбек Зиннатұлы техникалық әлеуетті арттыру арқылы шығармашылық ізденістерге тың  серпін берді.

1990 жылдардағы қиын кезеңдерде, яғни еңбекақының орнына ыдыс-аяқ, азықтүлік берілсе де, сол мамандар басқа қызметке ауыспады. Жалпы, әр жылдары арнаны басқарған басшылардың да, шығармашылық техникалық топтың да әрқайсысының өз қолтаңбасы бар. Осы уақыт аралығында көгілдір экраннан мәдени, әдеби, ғылым-білім, тарихи тақырыптарды қамтитын мыңдаған бағдарламалар жарыққа шықты. Күн сайын тікелей эфирде өтетін бағдарламалар бүгінгі күннің сұрағына жауап беретін, ең өзекті мәселелерді ортаға салып, талқылайтын жобалар ретінде көрермен жүрегіне жол тапты. Ел мен жердің дамуы, ұлт пен ұрпақтың тағдыры, болашағы, атадан балаға мирас болған құндылықтар – телеарнаның басты ұстанымы. Осы ұстанымға сай істелген жұмыстардың нәтижесінде эфирде көрермен көзайымына айналып, жұрт асыға күтетін рейтингі жоғары хабарлар көбейді. Күнделікті және апталық хабарлармен қатар, шығармашылық топ тарихи-танымдық деректі фильмдер дайындайды.

2011 жылы «Қазақстан» РТРК» АҚ аймақтық филиалы республикалық конкурста телеарнаның аға редакторы Гүлмира Тілеубаеваның кеңестік заманда қуғын-сүргіннің құрбаны болған қазақтың өр қызы Шахзада Шонанова туралы «Аяздағы ақ шуақ» деректі фильмі бірінші орынды иеленді. Осы конкурс үшін тележурналист Мұнайдар Балмолданың (XX ғасырдың 30-шы жылдардың басында болған) Жаңақала ауданындағы ашаршылық туралы «Буыршын мұзға тайған күн» деректі фильмі дайындалып, конкурсқа ұсынылды.

РФ Волгоград қаласында өткен 8-ші «Вечный огонь» халықаралық телефестивалінде «Қазақстан Орал» телеарнасының «Соғыс жаңғырығы» деректі фильмі (түсіру тобы: Жидегүл Аманғали, Тарас Қажымов, Тұрар Разғалиев, Гүлзада Жұмаева) I дәрежелі дипломмен марапатталды. Бұл – телеарнаның халықаралық байқаулардағы тырнақалды жеңісі. Телеарнаның журналистері Саратов қаласында өткен Бүкілресейлік «Мир право» телевизиялық байқауына қатысты. Редактор Гүлден Сапиолла («Ұрланған балалық» деректі фильмі) мен редактор Алмагүл Жампейісова («Где родился,там и пригодился» телесюжеті) өз аталымдарында арнайы дипломдарға ие болды.

Қазақ хандығының 550 жылдығына телеарна «Аққұмнан шыққан ақберен» (ауторы Мұнайдар Балмолда) тарихи деректі  фильм түсірді.

Бұдан кейінгі жылдары да ондаған деректі фильм көрерменге жол тартты. 2020 жылы «Жұбан жолы» (Б.Амангелдіұлы, Г. Баделова, Н. Ермекқалиева, Т. Қажымов, А. Сағынғалиев, А. Әдиетов, А. Тынышқалиев, А. Балахметов, Р. Бишаев, С. Мусин), 2021 жылы «Жәңгір мектебі – білім бастауы» (Г. Баделова, Ф. Кайров, Т. Қажымов, Е. Меңдіғалиев, Р. Бишаев, А. Әдиетов, Г. Жұмаева) деректі фильмдерін  көпшілік зор  ықыласпен қабылдады. 2023 жылы саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні қарсаңында түсіріліп, эфирге берілген «Ордадағы ойран: Қазақ депортациясы» атты деректі фильм көрермендер арасында резонанс туғызып, облыстық қоғамдық даму басқармасының қолдауымен Орал қаласындағы Гагарин атындағы кинотеатрда көрсетілімі өтті.

Биыл Журналистердің кәсіби мерекесінде Президент Жарлығымен арнада ұзақ жыл қызмет жасап келе жатқан редакторлар Лұқпан Елеу «Құрмет» орденімен, Мұнайдар Балмолда «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.

«Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген. Арнада ұзақ жыл қызмет еткен әріптесіміз Ботакөз Баймұқанқызына арналған «Үзік үміт. Сағыныш саяхаты» еске алу кеші өтсе, марқұм Рашид Шақуға арналған «Сөз жебесі – сатира» атты республикалық мүшәйра жарияланды. Телестудия ғимаратына жөндеу жүргізіліп, музей жабдықтары қайтадан жаңартылды. Студиялық хабарларға арналған ішінара жиһаздар  жаңартылды. Ұжым қызметкерлеріне арнайы буфет ашылып, жұмыс істеуде. Мемлекеттік сатып алу арқылы су жаңа екі аутокөлік алынды.

AC7A9968-322C-4355-B54A-1F4619E31FCD

– Шығармашылық ұжымның ұстанған бағытына тоқталсаңыз? Алда қандай ауқымды жоспарларыңыз бар?

–  Жалпы, телевизия саласы ұдайы дамуды қажет етеді. Қазіргі таңда «AQJAIYQ» телеарнасының таралым ауқымы облыс халқының 85 пайызын қамтыса, соңғы үлгідегі техникалық жабдықталған студия тәулігіне 14 сағаттық хабар таратады. Күніне бес рет «AQJAIYQ AQPARAT» жаңалықтар шығарылымы, әр түрлі тақырыптық 25 бағдарлама эфирден беріліп отыр. Арнаның 10 бөлімінде 67 адам қызмет істейді. Шығармашылық ұжым жас толқынмен толығуда. Аға буын өкілдері жастарға журналистика саласы бойынша білгенімен бөліссе, жас буын жаңашылдықтарын енгізуде. Бұрын түске дейін тілші іс-шараға барса, оған бастан-аяқ қатысып, келген соң кешкі эфирге дайындап беретін. Ал қазір талап бойынша сол жиынның барысынан фото, бейне контент пен ақпарат әлеуметтік желіге шыға беруі керек. Журналистер соған машықтанды. Жастар – өте креативті, олардан жаңашылдықты үйренудеміз. Телеарнада қызмет ететін жастардың өздері құрған «AQJAIYQ» жастары» деген чаттары бар.

Жас журналистер өте ұйымшыл. Концертке барса да, сенбілікке шықса да жұптары жазылмай бірге жүреді. Жастық леппен жаңа жобалар  ұсынады.  

«AQJAIYQ» қызметкерлері уақытпен санаспай қызмет етеді. Коронавирус кезінде де, облыс аумағында су тасқыны болғанда қызметкерлер сенбі-жексенбіде жұмысқа шығып, шаһардың әр аумағынан сюжеттер берді. Тікелей эфирге шықты. Төтенше жағдай кезінде журналистер ғана емес, операторлар, режиссерлер, техниктер, дыбыс режиссерлері, монтаждаушылар бәрі жұмыста жүреді. Монтаждаушылар түнгі 22:00-23:00-ге дейін жұмыста болатын. «Мен неге сенбі күні жұмысқа шығамын?» деп бір адам әңгіме айтпады. Жағдайды бағамдап, ақпарат берудің маңызды екенін біледі. Өйткені мәлімет екі-үш сағат сайын өзгеріп отырады.

– Клара Мұсақызы, бүгінде телеарнада қызмет етіп жүргендердің дені – жас тілшілер секілді. Жалпы арнаға келген жастарға қандай талаптар қойылады?

– Телеарна болғаннан кейін журналистер мен дикторлардың сыртқы түр-келбетіне де мән береміз. Бірақ ең басты талап – журналист ақпарат дайындап, жаза білуі тиіс. Өйткені қуыршақ секілді бояндырып, эфирге шығарғанмен, оның айтатын ойы, халыққа жеткізетін тұшымды пікірі болмаса, көрермен оны қабылдамайды. Сол себепті сараманнан өтуге келген жастардың жаза білу қабілет-қарымын байқап, бағамдаймыз. Содан кейін ғана бейіндік бағыттағы хабарларға, жаңалықтарға бағыттаймыз. Телеарнадағы басты талаптың бірі – жедел ақпарат дайындау. Іс-шараға барғаннан кейін ойланып, толғанып, кабинетке кіріп-шығып жүретін уақытың болмайды. Жиналыстан келе жатқанда мәтінді дайындай беруің керек. Оқиға орнынан стендап айтуыңа тура келеді. Егер мәтін жаза алмасаң, стендапты қалай дайындайсың?!

Журналистің жұмыс кестесі басқа мемлекеттік мекемелер секілді таңғы сағат 09:00-де келіп, 18:00-де үйге қайтатын, сенбі-жексенбіде алаңсыз демалатын қызмет емес. Кей кезде жұмыс уақытынан тыс түсірілімдерге, яғни кейде түнде баруға тура келеді. Сенбі-жексенбі іссапарларға шығуы мүмкін. Осы саланы таңдап келген мамандар сондай режімге пейілді болуы тиіс. Кез келген мамандықтың өз қиындығы болады. Әріптестеріміз жалақының аз кезінде де қабақ шытпай, қызмет етті. Әркім өз мамандығын жақсы көрсе, ол саланың қиындығына төзіп, нағыз маман атанады.

Жалпы журналистика саласының ерекшелігі сол – бір күні бір күніне ұқсамайды. Мәселен, бүгін егінжайға барса, ертесіне түске дейін ауруханаға, түстен кейін спорттық шараға баруы мүмкін. Аймақтық телеарнаның журналистері – әр саладан хабары бар әмбебап мамандар. Соған орай арна журналистері уақытпен санаспай еңбек етеді және аяқ астынан іссапар шығу керек болса, киім-кешектері де жұмыста дайын тұрады.

254626BC-7AC8-44F4-840C-4B19792D9347

– Телеарнаның төл жобаларына тоқталып өтсеңіз?

– Арнадағы әр хабардың өзіндік салмақ-жігі бар. Көрерменнің талап-тілектеріне әркез көңіл бөлінеді. Былтырғы телевизиялық маусымда ұлттық өнерді ұлықтауға арналған «Інжу-маржан» хабары көрерменге жол тартты. Сондай-ақ «Ел алдында», «Время вашего вопроса», «Жедел желі», «Мәслихат», «Әділетті қоғам», «Активная позиция» секілді қоғамдық-саяси  бағдарламалар көрермендер арасында зор беделге ие. Рейтингі жоғары хабарлар ішінде «Тарихтан тағылым», «Алдаспан», «Біздің подкаст», «Жанымның жағалауы», «Дорога жизни» бағдарламалары бар. Биылғы жылдың жаңа маусымында өңірдің тарихи ескерткіштері мен табиғаты ерекше аймақтарын таныстыруға арналған «Жетінші аймақ», спорт саласы бойынша «Топжарған», ұлттың рухын оятуға арналған «Тоқсан ауыз сөз», «Бес нәрсеге асық бол» бағдарламалары көрерменге жол тартты.

Телеарнаның 60 жылдығы аясында төрт деректі фильм түсірілді. Айта кетсек, Қадыр Мырза Әли туралы «Қазақтың Қадыры», Жеңіс күніне орай Ерденбек Ниетқалиев хақында «Ерлігі ерен Ерденбек», Садық Жақсығұлов жөнінде «Герой из Приуралья» және Ахмедияр Құсайынов туралы «Ұлы  ерлік – ұрпаққа үлгі» фильмдері түсіріліп, көрерменге жол тартты. Биылғы көктемгі тасқын кезінде күн сайын «Ақжайық ақпарат» жаңалықтар бағдарламасы және «Арнайы шығарылымдар» арқылы жедел ақпарат таратумен қатар, «Ел болып еңсерген тасқын» және «Ер – ел қорғаны» деректі фильмдері түсірілді. Арнаның 60 жылдығына арналған екі деректі фильм – «Ақжайықтың айнасына – 60 жыл» және «ТВ: В моей судьбе ты стало главным» эфирге дайындалды.

Біз, яғни телеарна қызметкерлері үшін ең бірінші орында көрерменнің бағасы, ілтипаты тұрады. Сондықтан «AQJAIYQ» ұжымы тынымсыз еңбек етіп, көрермендер есінде қалатындай жобалар, бағдарламалар дайындау үшін тер төге береді.

Сұхбаттасқан Гүлсезім Бияшева

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале