Бауыржан Ширмединұлы – қазіргі жас қаламгерлердің арасында өзін әбден танытып үлгерген сөз иесі.

Ол 1992 жылы Батыс Қазақстан облысының Сырым ауданында туған. Қалада жоғары білім алғаны болмаса, әлі күнге дейін туған ауылында, елдің ішінде тұрып жатыр. Бүгінде әлеуметтік желілер арқылы танымал болып кеткен «Қалаға хат» өлеңіндегі «Адамның кіндік қаны тамған жерге – Маңдайының тері де таму керек» деген қағида – Бауыржан ақынның өмірлік кредосы сияқты.
Бірақ Бауыржан өзі ауылда жүргенімен, сөзі талай шекараны бұзып өтті. Бірқатар жыр мүшәйрасы мен республикалық айтыстың жүлдегері атанды. 2016 жылы «Мыңжылдықтар тоғысындағы Астана» атты көшпенділер фестивалі аясындағы ақындар айтысында Бас жүлдені жеңіп алды. 2016 жылдан –халықаралық айтыс ақындары және жыршы, термешілердің одағының, 2022 жылдан – Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. 2018 жылы «Жазушы» баспасынан «Дәптер» атты тұңғыш кітабыжарық көрді. Автордың өзі бүгінде аудандық «Сырым елі» қоғамдық-саяси газетінде бас редактор болып қызмет етеді.
Жас қаламгердің ауылда жүріп, газеттің күнделікті күйбең тірлігіне тұмшаланып қалмай, әрдайы ізденісте жүретіні, әдебиеттің әр саласына қалам ұрған талпынысы қуантады. Айтыс ақыны ретінде танылып, сахнада суырып салмалығымен көрермен көзайымы болып жүрген Бауыржан Ширмединұлы поэзияның ең күрделі саласы – кең тынысты поэма жанрын да байқап көрді. 2020 жылы коронавирус – тәжтажалдың тырнағына іліккен адамзаттың ауыр халін суреттеген «Доп» поэмасы елді елең еткізді. Республикалық «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған поэманың кіріспесінде айтулы ақын Светқали Нұржан авторды 1831 жылы Ресейдегі «Болдино обасы» кезінде карантинде жатып өлең жазған Александр Пушкинге, 1918-дің қан қақырған қаңтарында «Двенадцать» поэмасын жазып шыққан Александр Блокке теңеп, «Солар сияқты Бауыржан да дәл қазір уақыттың тамыршысы құсап отыр» деп жазған еді.
Бауыржан Ширмединұлы біраз жылдан бері Сырым аудандық газетінде қызмет ететінін айттық. Бауыржан басқарған басылым бүгінде Жымпиты жұртының нағыз жоқшысына айналған. Тарихы онсыз да терең өңірдің ақтаңдақ тақырыптарын бірінен соң бірін індетіп зерттеп, қағазға қаттап, куәгерлерді сөйлетіп, тылсымға тіл бітіріп жүр. Бұл Бауыржан сынды қайраткер қаламгердің өзжүрегімен қалап алған азаматтық борышы, перзенттік парызы сияқты. «Исатай-Махамбет» дастанын жазған Ығылман Шөрекұлы айтқандай, «Ел қамын жеген ерлердің – Сөз білген жанда хақы бар» деген ғой.
Міне, осы борыш, осы парыз Бауыржанды тарихи тақырыпқа, әдебиеттің ауыр жанрына әкелмей қоймаушы еді. «Ақ киіз» тарихи драмасы жазылғанда, ол ауылдағы халық театры мүшелерінің күшімен түрлі сахнада қойылып, халықты үйіре түскенде таңғалғанымыз жоқ. Өйткені, бұл болмай қоймайтын құбылыс еді.
Қазақ атамыз «Ақынның құлағы өзінен қырық жыл бұрын туады», – деген ғой. Бауыржан да ХХ ғасырдың басында Жымпитыға ту тіккен Күнбатыс Алашорданың тарихына қанық болып өскені анық. Бұған дейін де «Жаһаншаның жалауы» атты шығарма жазған, жымпитылық алашшылардың рухани көсемі Қуанай хазірет Қосдәулетұлы жайында бірнеше мақала жариялаған, Жаһанша Досмұхамедұлының ізімен Мәскеуге бірнеше мәрте сапар шеккен Бауыржан Ширмединұлы Алаш тақырыбына әйтеуір бір келетіні заңдылық еді. «Ақ киіз» шығармасы дәл осы үдеден шықты.
«Ақ киіз» тарихи драмасында Жаһанша Досмұхамедұлының қайраткерлік ісі, Орынбордағы екінші жалпықазақ сиезінен кейінгі күрделі кезең – Ойыл уәләяты мен Алашорданың батыс бөлімі құрылған кездер, Алаш милициясын жасақтау жайы баяндалады. Автор тақырыпты әбден зерттеген. Сахналық оқиға өзегіне ең қызықты, нанымды сюжеттерді таңдап алған.
Шығармада Жаһаншаның сенімді серіктері Халел Досмұхамедұлы, Жанқожа Мергенов, Салық Омаров, Қуанай Қосдәулетұлынан бөлек, Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Мұстафа Шоқай сынды Алаш көсемдері де қисынды кірістіріліп, кейіпкерлер кеңістігінде өз орнын тапқан. Ал жалпақ жұрт танымайтын Таубай мен Қабас бай да ойдан шығарылған жасанды кейіпкер емес, жымпитылықтар жақсы білетін жергілікті тұлғалар болатын. Бұларды тауып, “тірілту” – автордың өлкетанушылық қырын, зерттеушілік ізденісін көрсетеді. Әрі тарихи шығарманың деректік базасын нығайтып, шынайылыққа жақындата түседі.
«Ақ киіз» драмасының тұла бойы ұлттық дәстүрге, қазақ баласы түйсігімен түсінетін тылсым символға толы. Белгілі дала данышпаны Сырым Датұлынан қалған ақ киіз бірде Жаһаншаның табанының астына төселіп, хан көтергендей әсер берсе, шығарманың финалында Алаш көсемінің асыл тәнін ораған ақ кебінге айналып кетеді. Дүниеден өткен жанды киізге, кілемге орау – әлі күнге дейін қалмаған дәстүр. Сондай-ақ «Жасасын Алаш автономиясы!» деген ұран жазулы Алаш туының сахнада жиі көрінуі де тарихи факт, әділеттің көрініс табуы деп білемін.
«Ақ киіз» жазылғалы бір жылдай уақыт өтсе де әлге дейін маман режиссердің қолына түсіп, кәсіби сахнада қойылған емес. Оны сахналаған – Сырым аудандық халық театры ұжымы. Сондықтан шығарманың әлеуеті, автордың айтайын деген ойы толық ашылды деп айта алмаймыз.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекет басына келгеннен кейінгі алғашқы бұйрығының бірі – сталиндік репрессия құрбандарын толық ақтау жөнінде комиссия құру болатын. Осы комиссияның Батыс Қазақстан облысындағы жұмыс тобы мүшесі ретінде айтарым, 2021-2023 жылдары аралығында бұрын құпия болып келген мыңдаған құжат зерттеліп, зерделенді. Соның ішінде Алаш қайраткерлерінің ел үшін атқарған ісі, оларға жабылған нақақ жала нақты құжаттармен дәлелденді. Ендігі жұмыс – репрессия құрбандарының тарихи тұлғасын, ұлт-азаттық күресін халыққа барлық жолмен насихаттай беруіміз керек. Бауыржан Ширмединұлының «Ақ киіз» шығармасы – дәл осы мақсат үдесінен шығатын дүние.
Қазбек Құттымұратұлы,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері