26.09.2023, 11:00
Оқылды: 90

Бахил да табыс көзі

Кәсіптің көзін тапқан жанның бірі – оралдық Алмагүл Давыдова. Ол облыста баламасы жоқ өндіріс орнын ашып, алты жылдан бері медициналық бахил шығарумен айналысып келеді.

б1

– Мен бала күтімімен үйде отырғанымда жұбайым екеуміз кәсіп баптау жөнінде ақылдастық. Түрлі бизнес-жобамен танысып, ел арасында қай өнімге сұраныстың көптігін және нарықта қандай заттың тапшы екенін зерттедік. Соңында осы полиэтилен бахил шығаруға бел будық. Жұбайым екеуміздің де көңілімізден шыққан жобаны 2018 жылы күзде іске қостық.  Алдымен екінші деңгейлі банк арқылы 3,5 млн теңге көлемінде жылдық 6%-бен «Бастау-Бизнес» бағдарламасы бойынша несие алдық. Қаражатқа Қытайдан білдек (станок) сатып әкелдік. Ол кезде кәдімгі жұқа бахил шығара бастадық, – деді «Алмагүл» жеке кәсіпкерлігінің иесі  Алмагүл Серікқызы.

Ал  2021 жылы ол «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» бойынша 4 млн теңге қайтарымсыз грант ұтып алған. Кәсіпкердің бизнес-жоспары инновациялық  жоба ретінде бағаланған. Қазір өңірде баламасы жоқ өнім – табаны қалың (қос қабат) бахил  шығарады. Ол үшін Қытайдың Zhejiang Runtai Automation Technology Co., Ltd. компаниясының бахил шығаратын құрылғысын сатып алған.

б2

Білдек минутына 100-120 дана бахил шығарады. Автоматты құрылғы полиэтиленді жоғары температурада қыздырады. Бахилдың пішіні дайын болған соң, латекс жібімен қапсырылып, тігіледі. Аяқ киімнің сыртынан киетін «қаптардың» мөлшері ерлер мен әйелдердің аяқ киімінің өлшеміне сай 43, биіктігі 16 сантиметр. Ал қалыңдығы қыста 20-22 микрон болса, жазда – 10-12 микрон. Бахилды балалардың аяқ киіміне де шақтап жасауға болады екен. Оралдық кәсіпкердің тауарына медициналық мекемелер, стоматологиялар, фитнес орталықтар, спортзалдар тапсырыс беруде. Сонымен қатар Атырау, Маңғыстау облыстарына да жөнелтіледі. Әсіресе, бұл тауарға күзгі-қысқы мезгілде тапсырыс көп түседі екен. Алмагүл Серікқызының айтуынша, қажет шикізаттарды –  полиэтилен мен латекс жібін Ресей Федерациясының Самара қаласынан  алып келеді.

«Мемлекеттің қолдауы арқасында кәсібімізді кеңейтіп отырмыз. Қазір біздің екі цехымыз бар. Оларда екі адам жұмыс істейді. Мен еліміздегі кәсіпкерлердің ісін дамытып, өркендеткендерін қалаймын. Ол үшін  мемлекет тарапынан түрлі қолдау-көмек көрсететін бағдарламалар бар. Сондықтан барлық мүмкіндікті тиімді пайдаланған жөн. Отбасылық бизнесіміздің дамуына жұбайым да зор үлес қосып келеді. Тапсырыс болса, аптаның 7 күнінде де жұмыс істей береміз. Жоспарымыз көп, кәсібімізді өрлеткіміз келеді», – деді кәсіпкер Алмагүл.

Облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының бөлім басшысы Мейрам Қабдығалиевтің айтуынша,  «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаға» 2021 жылы 250-ге жуық адам қатысқан. Солардың ішінде жалпы құны 124,2 млн теңге 27 жоба мақұлданыпты. Соның нәтижесінде 55-тен астам тұрақты жұмыс орны ашылған.

Биыл аталмыш ұлттық жобаны жүзеге асыруға 138 млн теңге қарастырылған. Конкурсты биылғы қыркүйек немесе қазан айларында өткізу жоспарлануда. Қайтарымсыз гранттың ең жоғары мөлшері  – 5 млн теңгеге дейін. Кәсіпкерге қойылатын негізгі талап – жаңа жұмыс орындарын ашу және бизнес жобада жаңашылдық болуы тиіс.

Ясипа Рабаева,

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале