31.08.2021, 10:39
Оқылды: 69

Бахил шығаруда

Оралда санитарлық-гигиеналық мақсатта аяқ киім сыртынан киетін полиэтилен бахил (бахила) шығарылуда.

б1

Отбасылық бизнеспен айналысуға белді бекем буған Арман Давыдов 2018 жылы жұбайымен бірге «Алмагүл» жеке кәсіпкерлігін құрады. Ол бахил шығару үшін қазақстандық және ресейлік шикізаттарды пайдалануда. Полиэтилен мен өрілген резеңке қолданады.

– Бизнеспен айналысқысы келетіндерге мемлекет тарапынан өте жақсы қолдау бар. Мәселен, біз кәсібімізді алғаш бастағанда банктен 6% жылдық мөлшерлемемен «Бас­тау-Бизнес» бағдарламасы бойынша 3,5 млн теңге несие алдық. Қытайдан арнайы білдек (станок) сатып алдым. Бүгінде ісімізді одан әрі өркендетуді ойластырудамыз. Қол жеткізген жетістікке малданбай, одан әрі   еңбектенуіміз қажет. Біз табаны қос қабат бахил шығаруды қолға алмақпыз. Мұндай бахилдың сапасы да жоғары. Сонымен бірге ол   Қазақстанның өзге өңірлерінде өндірілмейді. Биыл  осы бизнес-жоспарымыз үшін «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында инновациялық жоба ретінде 4 млн теңге грант ұтып алдық. Жақында бұл қаражатқа Қытайдан  сатып алған  тағы бір құрылғымыз  әкелінеді, – дейді кәсіпкер Асан Давыдов.

б2

Кәсіпкердің айтуынша, бахилдың бір данасы – 3 теңге 50 тиын. Жаз айында  өнімге сұраныс аз болатындықтан,  айына орташа алғанда 100-150 мың данасы шығарылады екен. Ал қыс мезгілінде  400 мың  данадай өндіреді. Жалпы өндірістің қуаттылығы минутына 100 дана бахила шығаруға қауқарлы.

Оның сөзінше, облыста  бұл   өнімге деген сұраныс  жоғары. Орал қаласындағы стоматологиялар мен спортзалдар, сауда үйлері тапсырыс береді екен.  Атыраулық мекеме-кәсіпорындар тарапынан да сұраныс түсуде. Ақтау нарығына да ақырындап шыға бастаған. Қазір кәсіпкер екі адамды  жұмыспен қамтып отыр. Тың жобаны іске қосқанда, тағы да үш адамды жұмысқа алмақшы. «Өңірде  шикізатты  өңдеп, өндіретін зауыт болса,  осы жерден алар едім», – дейді кәсіптің көзін тапқан жан.

Айна Имашева,

zhaikpress.kz

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале