4.02.2025, 10:00
Оқылды: 472

Баянды бақытқа бастаған бала махаббат

Олар Бөрлі ауданының Қызылтал ауылында тұрады.  Сонау жылдардың тасасында қалған мектеп партасынан басталған нұрлы сезім оларды бүгінгі күнге дейін әлдилеп келеді. «Екі жақсы» айдарының кейіпкерлері Ғалам мен Гүлшат Ишановтар мені өздерінің бар ғұмырын бірге өткізіп келе жатқан Қызылтал орта мектебінде күтіп алды. Шәкірттерден босаған кабинетке кіріп, жұптары жарасқан жұбайлармен әңгімемізді бастап кеттік. Арасында күй қоңырау соғылған білім ошағында сыр-сұхбат құрғанның да өз ғажабы бар екен. Отағасы Ғалам Ишанов жай жымиып, жарына көз қиығымен қарап қойып, «Болашақ жарыммен пансионда таныстым» деп айтып қалды сөз арасында. 

cd903c56-95ec-44fa-bb7e-106eb0b5aa36

Ишановтар әулетінің үлкені Ғалам Керейұлы Бөрлі ауданы, Қызылтал ауылының байырғы тұрғыны десе де болады. Ауылдағы сегізжылдық мектепті бітірген тұңғыш ұлдарын ата-анасы сол кездегі  Орал қаласында орналасқан жалғыз қазақ мектебі пансионға оқуға береді. Кейіпкерімнің болашақ жары Гүлшат жеңешемен алғашқы  таныстығы сол кезде  басталған еді.

«Менімен дос боласың  ба?..»

Олар кезінде халық арасында пансион аталып кеткен Орал қаласындағы дарынды балаларға арналған Сәкен Сейфуллин атындағы №11 облыстық мектеп-интернаты кешенінде танысады. Екеуі де қатарлас тоғызыншы сыныптарда оқиды.

«Ол кезде балалар жақсы көрген қыздарға хат жазады ғой. Маған да Ғаламнан сондай хаттар келетін. Екеуміз де интернатта жатып оқыдық. Бөлмедегі қыздар: «Ғалам саған записка беріп жіберді» деп алып келеді. Тілдей қағазға «Менімен дос боласың ба? Жақсы көремін» деген мағынадағы сөздер жазылады. Хатты оқып алып, шошынып, өзімше ашуланамын. Кейде ол есік қағып келіп тұрады. Бөлмедегі қыздар мені итеріп, шығарып жіберіп, кері кіргізбей, өздері есікті тартып тұратын еді. Еске алсам, күлкім келеді. Содан амалсыз әлденелерді айтып сөйлесеміз. Біздің достығымыз осылай басталды...»  деп Гүлшат жеңгей сонау жылдардың тасасында қалған балалық шағын шуақты әңгімемен жадында жаңғыртты.

6e11704d-d4a1-4646-af79-527b52397b30 (1)

Мектеп партасында бүр жарған сезім кейіннен үлкен махаббатқа ұласады. Мектеп бітірген соң Ғалам бозбала Алматы қаласындағы Н. Гоголь атындағы көркемсурет училищесіне, балауса бойжеткен Гүлшат Орал қаласындағы сол кездегі А. Пушкин атындағы педагогикалық институтқа оқуға түседі. Екеуі екі жақта болса да, бір-бірін сағынып, хат жазып, хабарласып тұрады.

Бірінші курстың орта шамасында Гүлшат бойжеткен жігітінің өзінен жырақта болғанына ренжіді ме, әлде, басқа бір себеп болды ма, неге екенін өзі де білмейді: «Сені жақсы көрмеймін. Енді біз дос болмаймыз, маған ештеңе жазба» деп хат жазып жібереді. Ашулы хатқа табиғатынан сабырлы  Ғалам ағай:  «Не болды?» деп елп ете қоймайды. Алматыдан келетін сағынышқа толы хаттар тоқтап, жарты жылдай тып-тыныш болып қалады.

- Ағаңмен мектепте бірге жүрдік ғой.  Соған бауыр басып қалдым ба екен, жазарын жазып алып, өзім жаман күй кештім. Ғаламсыз өмірдің мәні жоқ сияқты көрінді. Содан кешірім сұрап, қайта хат жазып, татуластық, – деп сөзін жалғаған Гүлшат жеңгей  Алматы мен Оралдың арасында  алтын көпір болып,  сезім арқалаған сағыныш хаттарын әлі күнге сақтап жүргенін жасырмады.

«Ол  мені   жалғыз  қалдырды»

Ғалам ағай Алматыда оқып жүріп, 1986 жылы Желтоқсан оқиғасына қатысады. 1987 жылы әскер қатарына шақырылып, Отан алдындағы борышын өтеп қайтады. Әскерден келген соң, оқуын қайта жалғастырып,  төртінші курста жүргенде 1991 жылы  Гүлшат жеңгеймен отау  құрады.  Бұл кезде бүгіндері бір шаңырақтың шамшырағына айналған отанасы  қолына дипломын алған, үлбіреген жас маман еді.

– Мектеп партасынан басталған достығымыз біздің отбасылық өмірге қадам басуымызға себепші болды. Үйлену тойымыздан кейін Гүлшатты үйде қалдырып, өзім оқуымды жалғастыруға Алматыға кеттім. Жұбайым ата-анама, бауырларыма қарайласып үйде қалды, – деп жай жымиып қойды отағасы.  «Сонда жаңадан қосылған жұбайыңызды ауылға тастап, өзіңіз Алматыға кетіп қалдыңыз ба?»  деп таңдана қойған сұрағыма, «Өзім студентпін, отбасымды қалай асыраймын?  Сосын өз-өздерін асырасын деп кетіп қалдым» деп қалжыңдай күлді Ғалам ағай.

Жұбайын Алматы қаласына аттандырған Гүлшат жеңгей Қызылтал ауылындағы кішкентай мектепке ағылшын тілінің мұғалімі болып, қызметке орналасып, ауылда қалады. Ата-енесі, қайын сіңлі, қайын інілерімен  бірге өзі үшін бөтен  ауылдың  өміріне  біртіндеп араласа бастайды. Осы сәтте «Жап-жас  келінсіз, жұбайыңыз алыста. Ағайды сағынған жоқсыз ба?» деп сұрадым әдемі басталған әңгімені әрі қарай жалғай түскім келіп.

– Ағаңды қатты сағынғаным соншалық – мектептен келіп, жатып алып жылайтын едім. Жаспын ғой, бөтен орта, бөтен жер болғасын көпке дейін үйрене алмай жүрдім. Түске дейін мектепке барып, сабағымды беріп келіп, түстен кейін үйде боламын. Ол кезде уақыт та өтпейді. Қазіргідей телефон, ютуб деген жоқ заман ғой. Ешкімді танымайсың, ешқайда бармайсың. Жұмыста екі-үш жас қыз болды. Солар менің көңілімді аулап, арасында шайға шақырады. Қазір сол кездерді еске алып, күліп аламыз, – деп әдемі жымиды Гүлшат жеңешеміз.

Қызылтал мектебіне алғаш келген жылдардан бастап Гүлшат Қайыржанқызы ауыл балаларының ағылшын тіліне деген ынта-ықыласын арттыру мақсатында іздене бастайды. Өйткені шағын ауылға бұдан бұрын ағылшын тілінің мұғалімі көп тұрақтамаған. Алматыдағы оқуын бітіріп келген соң Ғалам Керейұлы да ауылдағы мектепке қызметке орналасып, еңбек, сызу, сурет пәндерінен сабақ береді. Өздері  35 жылға жуық ғұмырын арнаған мектебін жұбайлар мақтан етеді. Гүлшат Қайыржанқызынан ағылшын тілін үйренген шәкірттерінің біразы өзінің жолын қуып, педагог болып еңбек етсе, енді біразы шетелдерде білім алуда. Ол Қызылтал орта мектебінде он жылдай оқу ісінің  меңгерушісі, он жылға жуық  мектеп директоры болып қызмет атқарған.

Ата-енем – алтын адамдар

Гүлшат жеңгеміздің бағына ата-енесі қақсоқпен жұмысы жоқ жайлы, сабырлы адамдар болып жолығады. Ол бірнеше жыл қарашаңырақта  ата-енесімен бірге тұрып, ене мектебінен өтеді. Әулеттің үлкен келіні болғандықтан, енесі көзі тірісінде келінімен ақылдасып, отбасылық мәселелерді бірге шешіп отырады. Гүлшат жеңгейдің өзі негізі Ақжайық ауданындағы Еңбек ауылының тумасы. Жастайынан ауылда өскендіктен, сиыр сауу, от жағу деген жұмыстарды ол бірден дөңгелетіп алып кетеді. Осы тұста Ғалам ағайдан «Апай қандай келін болды?» деп сұрадым.

«Апаң жақсы келін болды. Үйдің шаруасын атқарып, бәрімен тіл табысып кетті. Бауырларым үйленгенде, құ­да шақырғанда белортасында осы жеңешең жүрді. «Ата-енеңе не жасасаң, алдыңа сол келер» дегендей қазір өзін де келіндері қамқорлап, қолдап жүреді» деп «дұрыс айттым ба?» дегендей жұбайына қарады. Ғалам ағай отбасының үлкені болса, Гүлшат ханым жеті баланың екіншісі болып жарық дүниеге көрінген екен. Әр сұраққа ақтарылып жауап беретін отанасы бала кезінен еңбекке ерте араласқаны туралы да айтып берді.

– Біз Кеңес өкіметінің кезінде біріміздің киімімізді біріміз киіп өскен, ерте жастан үй тірлігіне араласқан ұрпақпыз ғой. Әлі есімде бір жылдары  сіңлім екеуміз бір пальтоны киіп шықтық.  Мен түске дейін, ол түстен кейін оқиды. Екеуміз жолдың қақ ортасында кездесіп, киім ауыстырамыз. Солай болуы керек сияқты, сонда ешкімге ренжімейміз. Ата-анамыз қарапайым шаруа адамдары ғой. Көп бала болғандықтан, ақша бірде жетіп, бірде жетпеген болар.  Студент кезімде  облыстық ауруханада қосымша  жұмыс істедім. Стипендиям мен еңбекақымды қосып, өзімнен кейінгі бауырларыма киім алып беріп, өзімше қамқорлық жасаймын. Осылай еңбекке ерте араласқасын маған ауылда келіндік міндетімді атқару қиын болған жоқ. Мен келін болып түскенде  қолымызда енемнің енесі болды. Үлкен енемізге де қызмет істеп, фатихасын алдым. Ата-енем өмірден көрген-түйгені мол, парасатты, алтын адамдар еді, жарықтықтар. Енем қонақ шақырса, ақшасын беріп, «Өздерің оқсатыңдар» деп біздің ісімізге араласып көрген емес. Әрқашан «Өздерің шешіңдер, сендердікі дұрыс» деп бізге сенім артып, қолдап отыратын.  Бізден кейінгі қайын інілерім үйленер кезде «Бөлек шығайық» дедік. Сол кезде атам марқұм: «Сендер тұра беріңдер, кейінгілер бөлек кетсін» деп бізді жібергісі келмеп еді. Атам сонда немерелеріне, бізге бауыр басып қалғандықтан қимаған болып тұр ғой. Қазір атамның сол сөзінің қадірін өзіміз немерелі болғанда түсініп жүрміз, – деді ата-енесін сағынышпен еске алған Гүлшат Қайыржанқызы.

«Үйде кім басшы?»

Кейіпкерлеріммен әңгімелесіп отырып, байқағаным Ғалам ағай көп сөзге жоқ, ұяң кісі екен. Ал Гүлшат жеңгей керісінше ақкөңіл, әңгімешіл. Әңгімеміз жарасып, әзілдесіп отырып: «Үйде кім басшы?», «Кейде ренжісіп қалғанда кім бірінші кешірім сұрайды?» деген сұрағымды іркіп қала алмадым. Тосыннан қойылған сұраққа ағай мен жеңгей бір-біріне қарап күліп жіберді. Әдеттегідей Гүлшат жеңеше арада орнаған сәл үнсіздікті бұзып, «Әрине, ер адам әркез алда жүреді» деп әңгімесін жалғады.

– Жастау кезінде ағаң үйге ақша әкелгені болмаса, отбасы тірлігіне көп араласа қоймайтын еді. Қазір елуден асқасын ел ағасы болды.  Бала-немерелердің әр ісіне араласып, ақылын айтып отырады. Отбасылық өмірде кейде ренжісіп қалатын кездер болады. Жасыратыны жоқ, көп жағдайда болмашы нәрсеге бола «мәселені» өзім бастаймын. Оны балалар да: «Мама, жағдайды өзің шиеленістіресің» деп айтып жатады. Бірақ тез ашуланып, тез қайтамын. Жалпы, Ғалам өте жайлы, кішіпейіл адам. Осы жылдар ішінде маған дауысын көтеріп, қол жұмсап көрген емес. Мен оның отбасына деген адалдығын, қамқорлығын жоғары бағалаймын, – дейді Гүлшат ханым.

4b7a396c-9cfc-4b5e-b920-d67d67b75cc3 (1)

Иә, олар күн сайын жұмысқа бірге барып, бірге келеді. Үйде де, мектепте де әңгімелері таусылған емес. Сонау жылдарда жас келін болып түскен кішкентай ғана Қызылтал ауылы бүгіндері Гүлшат ананың тамырын тереңге жайып, өсіп-өркендеген ауылына айналған. Олар киелі топырақта үш ұл тәрбиелеп өсірді. Бала тәрбиесінде де екеуі бір-біріне қолдау көрсетіп, қамқорлық танытумен келе жатқандары байқалады.

– Балалардың кішірек кезінде ауылға газ келген жоқ. Таңғы алтыда тұрып от жағамыз, мал жайғаймыз. Мен ертемен тұрып, мектепке барып, сабағымды беріп келемін, сосын жұбайым кетеді жұмысқа. Екеуміз кезектесіп бала бағамыз, үй шаруасын жасаймыз. Біраз қиындықты көрдік. Қандай жағдайда да, бір-біріміздің көңілімізге қарап, көмектестік. Әлі де солаймыз. Үнемі ағаңмен бірге жүріп, үйреніп қалғасын ба, бұл кісі анда-мұнда сапарлап кетсе, ылғи елегізіп  іздеп  тұрамын, – деп бір күлдіртті әңгімешіл  Гүлшат  жеңгей.

Өз ұлдарына ғана емес, бүтіндей бауырларына арқасүйер аға болып отырған Ғалам Ишановтың отбасы жылдар өткен сайын өсіп-өркендеп, қанатын кеңге жайып келеді. Бүгіндері  екі келін түсіріп, үш немере сүйіп, ата-әже атанған кейіпкерлерім, бұйырса, ұрпақ қызығын бірге көрсек дейді. Бір қызығы, Ишановтар әулетінің үлкен ұлы да әке-шешесі сықылды мектеп партасынан дос болған қызбен бірнеше жыл бірге жүріп, отбасын құрған. Екінші  ұлы мен келіні  Астана қаласында дәрігер болып еңбек етіп жүр. Үшінші ұлдары – студент.

Р.S.  Мақаламызға  арқау  болған  екі  жақсының  мектеп  партасынан  басталған мөлдір  сезімі  бүгіндері  бір-біріне  деген  шынайы  сыйластыққа,  нағыз  жанашырлыққа  ұласқан.  «Екі  жақсы  қосылса,  ай  мен  күндей  жарасар»  демекші, бала  кезден  әдемі сезімді  аялап  келе  жатқан  жұптары  жарасқан  жұбайлардың  бар  арманы  орындалғай!

Гүлжамал Жолдығали,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале