Жалпақтал төрінде дәстүрлі ән өнерін қуған мектеп жасындағы әнші-термешілер байқауы өтті. Қызыққа да, сүйсініске де толы бұл «тайжарыстан» керемет әсер де алдық, асыл қазына, саф өнер – халық әндері мен жыр-термелердің болашаққа жас буынмен бірге баратынына сенім де беки түсті.
Әуелгі сөзді өңірімізге белгілі әнші-термеші, сазгер, («әуесқой» ақындығы да бар) Баян Құбайқызы Қабиевадан бастайыншы. Себебі, осынау ду-ду еткен дүбірлі жарыстың басты себебі – сол кісінің 70 деген мерейлі жасқа толуы (дұрысы, толуға жақын қалуы! Негізі, туған күні қыркүйектің 14 жұлдызы ғой).
«Сүйер ұлың болса, сен сүй,Сүйінерге жарар ол» демейді ме Абай? Сол айтқандай, Баян Қабиеваның жарты ғасыр бойы тынбай елге жасаған, жасап келе жатқан еңбегін, азаматтыққа тән еңбегін елі осылай бағалап, жыл басынан бері дүркін-дүркін шаралар легін өткізуге кірісті. Жөн ғой! Әңгіме дақпыртта да, даңғазада да емес, риясыз көңілде.
Хош, сонымен, Қазақстанның Халық әртісі, ән абызы Ғарифолла Құрманғалиевтің 115 жылдығына орай, ҚР Білім беру ісінің және ҚР Мәдениет саласының үздігі, «Ерен еңбегі үшін», І дәрежелі «Еңбек даңқы» медальдарының иегері, ұстаз, әнші-термеші, сазгер Баян Қабиеваның 70 жасқа толуы мерейтойына орай Жалпақтал саз мектебінің ұжымы «Өшпес мұра» дәстүрлі ән орындаушы оқушылардың облыстық байқауын ұйымдастырды. Әрине, облыстық білім басқармасының, аудандық білім бөлімінің басшылығымен, жергілікті аудан, ауыл әкімдіктерінің қолдауымен.
Байқауда өңіріміздегі осы қалай деген саз мектептерінде, атап айтқанда, Шыңғырлау, Сырым, Тасқала, Ақжайық, Казталов аудандарының және Орал қаласының музыка мектептерінде, сондай-ақ Қарақат мектеп студиясында дәстүрлі ән өнерінен дәріс алып жүрген 32 шәкірті бақ сынады. Бұл дегеніңіз, өнерге таласы бар 32 бала өзіндей басқалардың шабысын көрді, үйренді, ой түйді деген сөз. 32 баланың жетекші-бапкерлері өзара тәжірибе алмасты деген сөз. Басқасын қойғанда, осының өзі қаншама көмек баланың жетіле түсуіне, ұстаздың тәжірибе толықтырып, жігерін жануына. «Жақсыдан – шарапат» деп осындайда айтса, жарасар! Бала дегенмен, керемет өнер иелері болып өсіп келе жатқанын көрсеткен жас дарындар көп болды. Кәдімгідей қалыптасып қалған, қосып жіберсе, қандай концерттің де көркін аша алатын оқушылар бар екен, бар!
Жарыс қорытындысында «Балдырған» топ (9-12 жас аралығы) бойынша І орынды дарынды балаларға арналған С. Сейфуллин атындағы №11 облыстық мамандандырылған мектеп-интернатының оқушысы Тұрғали Әлижан (Орал қаласы Д. Нұрпейісова атындағы балалар саз мектебі, Дастан Есентеміровтің шәкірті) жеңіп алды. Қатар тігілген екі ІІ орынды Орал қаласындағы Қадыр Мырза Әли атындағы орта мектептің оқушысы Ернұр Зейнулла (Д. Нұрпейісова атындағы балалар музыка мектебі, Қабиева Назгүлдің шәкірті) мен қалалық N5 мектептің оқушысы Орынбасар Ерсұлтан (Д. Нұрпейісова атындағы балалар музыка мектебі, Дастан Есентеміровтің шәкірті) екеуі бөлісті. Үш ІІІ орынды Шыңғырлау ауданы балалар музыка мектебі, Аманғали Сатпановтың шәкірті Мерей Рахимжанова, Орал қалалық №47 мектептің оқушысы Шабақ Бақдәулет (Қарақат мектеп студиясы, Аружан Ниетқалидың шәкірті) және Казталов ауданындағы Жалпақтал балалар өнер мектебінің шәкірті (ұстазы Баян Қабиева) Гүлназ Кенжеғали иеленді.
«Жеткіншек» топ (13-16 жас аралығы) бойынша І орынға Казталов ауданындағы Жалпақтал балалар өнер мектебінің (ұстазы Баян Қабиева) шәкірті Алина Сұлтан шықты. ІІ орынды Казталов ауданы, Ақпәтер ЖОББМ-ның (ұстазы Бауыржан Қыдырғалиев) шәкірті Аяжан Елемес пен Казталов ауданындағы Жалпақтал балалар өнер мектебінен (Асылхан Болтановтың шәкірті) Серік Аянат қанжығаға байлады. Ақжайық ауданындағы балалар музыка мектебінің (ұстазы Ораш Дәурен) шәкірті Назкерім Сәкенқызы, Казталов ауданы Жалпақтал балалар өнер мектебінен (ұстазы Баян Қабиева) Адина Майданова, Ақпәтер ЖОББМ-ның оқушысы (ұстазы Бауыржан Қыдырғалиев) Айсәуле Талғатқызы жүлделі ІІІ орынды бөлісті.
Бәйгенің ең басты жүлдесі – Баян Қабиева мен Жалпақтал балалар өнер мектебі ұжымы тіккен қос жүлдені (Алматыдан арнайы тапсырыспен жасатып алдырған киелі қос домбыра!) – Орал қаласындағы Д. Нұрпейісова атындағы балалар музыка мектебінің шәкірті, қалалық №27 орыс мектебінің 8-сынып оқушысы Алихан Дагаров (ұстазы Дастан Есентеміров) пен Казталов ауданындағы Жалпақтал балалар өнер мектебінің шәкірті (ұстазы Баян Қабиева) Айару Хамзина еншіледі.
Жалпы, жарысқа қатысқан үміткерлердің құрқол қайтқаны жоқ, әрқайсысына дәстүрлі ән өлкесінің алдыңғы буын аға-апалары атындағы аталымдар бір-бір сыйлық (құлаққап (наушник) тарту етіп, балапан қанаттарының беки түсуіне тілеулес көңілмен, батамен аттандырды жайсаң Жалпақтал. Әңгіме бергенде де, алғанда да емес, қазақтың қазақтығын білдіретін, ұрпақтан-ұрпаққа аманаттап, бағзыдан бері көздің қарашығындай сақтап келе жатқан ұлттық өнердің насихатталуында, тынысын ашып, бір сілкініп алуларына мүмкіндік жасалғанында. Байқау соңында Жайық өнерінің қақ төрінде жүрген әнші, термеші, ұстаз Дастан Есентеміровтің сөйлеген сөзі де анау-мынау семинар, конференцияның жүгін көтеріп тұрғандай:
– Өсіп келе жатқан өнерпаздардың бағытын, шамасын байқап, талпындырып отыру үшін жарыс, байқаулардың дүркін-дүркін өтіп тұрғаны жақсы. Амал не, бұл күнде мұндай әділ, салмақты конкурстар сирек, көбіне ақылы, жасанды байқаулар. Онда бәрі сатулы болған соң, шын бағалауды көрмейсің. Шын баға болмаған соң, пайдасы шамалы, – деді ол.
Осы шараның бас кейіпкері Баян Құбайқызының қорытынды сөзі де соған сайды:
– Дәстүрлі ән өнері әлі де өгейлік көруде, жолы тап ашылып кетті деп айта алмаймыз. Үлкен концерттерге нақыл-термелерді орындаушылар қосылмайды, баяғыда жетім қалып еді домбыра, әлі де шетқақпай көруде. Сондықтан көп жұмыс істеуіміз керек. Тек қана ән үйрету емес, әрі қарай дамытуды, бабалардан қалған өшпес мұраның ел руханиятына шын мәнінде қызмет етуін қолға алуымыз керек. Армандарым орындалып жатыр ғой, ендігі бір арманым сол.
Казталов ауданында өнерге көзқарас оң, салт-дәстүрге, жөн-жосыққа, сана тәрбиесіне, бала тәрбиесіне басымдық беріліп келеді ылғи да. Бұл шарада да сол ниет, ықылас-пейіл сайрап тұрды. Аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Исатайқызы «Болам деген баланың бетінен қақпа, белін бу» дейді қазақ, біз осы өсиетті орындауға әрқашан әзірміз, жолдарың болсын, айналайындар!» деп аналық жүрекпен ақ тілегін ақтарыла төксе, осынау шараның өтуіне қаржылық та, жетекшілік те қамқорлық жасай білген аудандық білім бөлімінің басшысы Самал Қанпияқызы қатысушыларға алғыс айтып, Баян Құбайқызының иығына құрмет-шапанын жапты және «Өшпес мұра» дәстүрлі әнші-термешілер байқауын тұрақты түрде жылда өткізіп тұрмақ ниеттері бар екенін жеткізді. Бастан-аяққа дейін бүкіл ұйымдастыру жұмыстарын өз қолдарымен атқарып, өнер тойына құрдай жорғалап қызмет еткен Жалпақтал балалар өнер мектебінің директоры Гүлгүл Бақтыбайқызы Сәтжанова мен оқу ісінің меңгерушісі Талғат Темірболатұлы Ғизатовқа және мектеп ұжымының сыйластығына мықтап риза болдық.
Дарындар өсіп келе жатыр Жайық өңірінде! Сонау жылдары шырылдап жүріп саз мектептерінен, колледж, институттардан дәстүрлі ән кластарын, бөлімдерін, факультеттерін ашқан еңбектері ақталған екен өнер жанашырларының. Жыр, терме, халық әндері – тұнған насихат, кемеңгер ой кені ғой. Ал оның орындаушылары – Рух сарбаздары! Қасиетті өнер, тұмса дауыс атадан балаға мұра болып қанмен, текпен берілген шын дарынды балаларды да дауыстарынан, шабыстарынан танып, дүр ете қол соғып отырды көрермен қауым. Бұл балалар күні ертең-ақ жетіліп, өнер майданының шебінде тұрады. Иә, өнер – майдан. Идеологияның мәңгі майданы ол. Ол майданның жасақтар қатары осылайша толығып, қоғам санасына тәрбие, рух шырағын жаға бермек. Жалпы мектеп бағдарламаларындағы саз пәндерінің эстетикалық тәрбиеге, жан тазалығына жол салуға негіз болатыны да осы жерден көрініп тұр.
Ұстаз – балаға сыншы, оларға бағдар беретін де, жолға салатын да солар. Әр баланың жеңіс, жетістігінде ұстаздың тамшылаған маңдай тері бар. «Баянның байқауынан» осындай ой түйіп қайттық.
Дариға Мұштанова,
«Үзіліс» арнайы бетінің қоғамдық редакторы,
«Парасат» ордені, «Ерен еңбегі үшін» медалінің,
«Ы. Алтынсарин» белгісінің иегері,
ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері,
ҚР Мәдениет саласының үздігі