8.12.2022, 10:16
Оқылды: 39

Базарлар жаңғыртылып, баға тұрақтауы тиіс

Дүйсенбіде облысқа ҚР Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Арман Шаққалиев іссапармен келді. Астанадан келген қонақ «Атамекен» ӨКП-да азаматтармен, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер және бизнес өкілдерімен кездесті.

2

Арман Абайұлы, ең алдымен, елдегі инфляция мәселесіне тоқталды. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру жөнінде сөз қозғады. Бірінші вице-министр айтып өткендей, облыста жыл басынан бері әлеуметтік маңызды бар тауарлардың бағасы 23,7%-ға көтерілген. Соның ішінде  қант бағасы – 67,8%, қарақұмық – 39,3%,  күріш – 37,1%, сары май – 34,8%, жұмыртқа – 30,8%, тауық еті – 29,1%, пияз – 28,1%-ға өскен. Соңғы бір айда қырыққабат бағасының – 28,7%-ға, ал сәбіз бағасының  1,3%-ға төмендегені  байқалады.

Сауда үстемесі 10%-ға төмендейді

– Азық-түлік бағасының өсуіне, негізінен, қазіргі геосаяси жағдай әсер етті. Ресейден қант пен астық әкелуге тыйым салынды. Алдағы уақытта мұндай жағдай қайталанбас үшін ақпан айында «айналым схемасы» жұмыс істейді. Яғни қаражат тікелей тауар өндірушіге жеңілдікпен беріледі. Ал тауар өн-діруші бағаны тұрақты ұстап тұруы керек және ішкі сұранысты қамтамасыз етуі тиіс. Бірінші жартыжылдықта елімізде қант тапшылығы орын алды. Қант – импортқа тәуелді әлеуметтік өнім. Бүгінде қант өнеркәсібін дамытудың кешенді жоспары жасалды. Онда қант бағасын тұрақтандыруға бағытталған 2026 жылға дейін есептелген жүйелі іс-шаралар енгізілді. Сондай-ақ қант қызылшасын өсіру алаңдарын ұлғайту және тұрғындарды қант­пен жеткілікті мөлшерде қамтамасыз ету үшін отандық зауыттарды жаңғырту көзделген. Негізгі әлеуметтік тауар өндірушілердің белгілеген бағасын қою үшін қажетті көмек мөлшерін сараптап жатырмыз. Мысалы, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өндірушілермен тиісті келісімшарттар жасау мәселесі пысықталуда.

Оған қоса, өңірлердің ірі сауда желілерінің сауда үстемесін 10%-ға төмендету туралы меморандумдарға қол қойылды. Оның ішінде Орал қаласындағы «Алтындар» супермаркеті, «Дина» гипермаркеті, «Анвар», «Лидер», «Вега» супермаркет желілері бар, – деді Арман Абайұлы.

Бірінші вице-министрдің сөзінше, елде 1 қаңтардан бастап жаңғыртылмаған сауда орындары жұмысын тоқтатуы керек. Мысалы, Батыс Қазақстан облысында 6 базар жаңғыртылуы керек екен.

Ведомство өкілдері  жергілікті атқарушы құрылымдардың қызметкерлерімен бірге сауда орындарының жай-жапсарымен танысады. Олар да санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың, өрт қауіпсіздік шараларының қаншалықты сақталғанын тексереді. Арман Абайұлының айтуынша, бұл шара көлеңкелі экономиканы жою, салық түсімін арттыру үшін маңызды. Ең бастысы, базарлар тұтынушыларға ыңғайлы болуы керек.  Әрі қолайлы бағаға сапалы да қауіпсіз тауар сатып алуға жағдай жасалуы  қажет.

Кездесу барысында бизнес өкілдері, кәсіпкерлер өздерін толғандырған сұрақтарын қойды. Мысалы, облыстық мәслихаттың депутаты, «Қазақстан фермерлер одағы» РҚБ БҚО филиалының төрағасы Серік Жарылғапов шаруалардың көкейіндегі мәселені көтерді. «Биыл егін шаруашылығымен айналысатын шаруалар жақсы өнім алды.

Ет өндірісінің де нәтижесі жаман емес. Майлы дақылдың түсімі мол болды. Мәселе вагонға қатысты болып отыр. Астық таситын вагонның жоқтығын түсінеміз.

Алайда қазір жабық вагон да жоқ. Сондықтан контейнерлерге бар дақылды қаптап, тиеп жатырмыз. Осы мәселе қашан шешіледі? Батыс өңірінің өнімі ешкімге керек болмай қалды ма? Өңірдің бидайы өзінің ішкі нарығына кетеді. Нан пісіріп, макарон өндіреді. Шаруалар майлы дақылдарды қайта өңдейді. Бірақ бітік шыққан өнімді сата алмай отыр. Осы мәселені шешуге Сауда және интеграция министрлігінің көмегі керек», – деді депутат.

Ал «Кублей» ЖШС-ның өкілі, жыл басынан бері мұздатылған етті Ресейге экспорттай алмай отырғандарын тілге тиек етті. Арман Абайұлы: «Көлік мәселесі басты назарға алынады және бұл – елдің барлық аумағында бар түйткіл» деді. «Жайық құс» ЖШС-ның бас директоры Темірғали Ескендіров ауыл шаруашылығындағы жобаларды жүзеге асыруға берілетін несие мерзімін ұзарту, шығындарды 50 пайызға дейін субсидиялау жөнінде ұсыныстарын  айтып, мәселе көтерді.

Кездесу барысында тұтынушылардың құқығын қорғау мәселесі де сөз болды. ҚР СИМ тұтынушылар құқықтарын қорғау комитеті басшысының орынбасары Серік Құсайынов аталмыш комитеттің жұмысындағы өзгерістерді атады. Оның айтуынша, тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменттерінің қызметкерлері өткізілген тексеру нәтижелері бойынша сатушыларды ҚР «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» кодексі  190-бабының 5-бөлігі, 6-бөлігі және 193-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тарта алады. Сондай-ақ тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі құрылымдар сот процесінде талапкер болуға және құқығы бұзылған тұтынушының талап-арызын сотқа жіберуге құқылы. Мысалы, БҚО тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті жыл басынан бері бизнес нысандарына жоспардан тыс 9 тексеру жүргізген. Соның нәтижесінде оларға қатысты 1 ұйғарым шығарылып, 5 айыппұл салынып, 2 ескерту беріліпті. Қазіргі уақытта тағы 3 кәсіпкерлік  нысанды  тексеруде.

ҚР СИМ бірінші вице-министрі Арман Шаққалиев кездесуге келген азаматтарды жеке мәселелері бойынша да қабылдап, БАҚ өкілдеріне сұхбат  берді.

«Біздің өңір пияз өсіруге қолайлы»

Облысымызға жұмыс сапарымен келген ҚР Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Арман Шаққалиев ауыл шаруашылығы саласының бірқатар нысанында болды. Алдымен Бәйтерек ауданының Жамбыл ауылындағы «Жаңа әлем» шаруа қожалығының көкөніс сақтау қоймасының тыныс-тірлігімен танысты.  Одан кейін «Оралагро» ЖК-на, «World Green Company» ЖШС-ға барды. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов министрдің бірінші орынбасарына жол бастап жүрді.

– Бізге басқа облыстарға, шетелдерге, соның ішінде Польшаға өнім шығару туралы ұсыныстар айтылды. Әрине, қаржылық тұрғыдан тиімді ұсыныстар болғанымен,  облысымызды сапалы өніммен қамтуды мақсат тұтудамыз. Көкөністі жаңа қоймада алдағы сәуір айына дейін сақтаймыз. Өндірісші ретінде өңірдегі көкөніс түрлері  бағасының арзан болуына мән береміз. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін сезінеміз, – деді ҚР Сауда және интеграция бірінші вице-министріне әңгіме барысында «Жаңа әлем» шаруашылығының жетекшісі Анатолий Кан (суретте). Оның айтуынша, шаруа қожалығы 2013 жылы құрылчан. Содан бері көкөніс өсіреді. Бұрын Атырау облысында көкөніс өсірумен айналысты. Қырыққабат, қызылша, сәбіз егеді, негізі пияз өсіруге маманданған. Биыл барлығы 74 гектарға, оның ішінде 50 гектарға пияз, 8 гектарға сәбіз, сондай көлемде қырыққабат, қызылша егіп, мол өнім алды. Әсіресе, пияз өнікті,  3 мың 400 тонна өнім  жиналды.

Биылғы қыркүйек айында  қожалықтың көкөніс қоймасының құрылысы аяқталып, жуықта іске қосылды. Оны заманауи көкөніс сақтайтын қойма десе болады. Ол тиісті микроклимат қалыптастыратын желдеткіш құрылғылармен жабдықталды. Еденінің желдеткіш жүйесі бар. Мұндай технологиялы қойма елімізде әзірге біреу көрінеді. Құрылыс нысаны PIR тақталарымен, полиизоцианурат көбігі негізіндегі құрылыс материалдарының жаңа буынымен қапталды. Өйткені ол  әйнек, экомақта, сэндвич-панель секілді оқшаулағыш материалдарға қарағанда жылуды мейлінше жақсы сақтайды.  Пиязды сақтаудың температурасы +2, +3 градус, одан әрі қарай жылылықта өсімдік көктеп, өсе бастайды.  Ал  мейлінше төмен температурада көкөністің бұл түрі тоңып, суланады, дәмсізденеді. Ауаның ылғалдылығы   60-75% шамасында болады. Қойманың іші барынша желдетіліп отыруы тиіс.  Қойманың аумағы  – 1700 шаршы метр шамасында, сыйымдылығы  – 3200 тонна.

– Көкөніс сақтайтын қойманың жобалық құны –  355 млн теңге шамасында.  Желдеткіш жабдықтары Белоруссиядан әкелінді.  Көкөніс сақтайтын қойма құрылысын салу үшін несиені «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-дан рәсімдедік. Оған өз жинағымызды қостық. Құрылыс салуға жұмсалған шығынның бір бөлігін мемлекет өтейді деген сеніміміз нық. Онсыз даму қиын. Алдағы күнге құрған жоба-жоспарларымыз бар, – деді А. Кан.

Ауыл шаруашылығы саласындағы өзге де құрылымдар секілді шаруа қожалығында жұмыс қолы жетіспейді. Жергілікті тұрғындардың көбі егістікте жұмыс істеуге құлықсыз. Өйткені алқаптағы жұмыс күннің ыстығына да, суығына да, үскірік желге де, жауын-шашынға да қарамай жалғасады. Сондықтан қара жұмысқа қайыспайтын, кәтепті қара нардай жандар ғана шыдайды. Осыған байланысты тауар өндірушілер науқандық жұмыстар кезінде кісі таппай қиналады. Амал жоқтықтан квота бойынша шетелдік жұмысшыларды жұмысқа тартады. Олардың заңды  төлемдерін төлейді. Жыл сайын сырттан 40 шақты, жергілікті 10 адам осы «Жаңа әлемнен» нәпақасын табады. Тұрақты жұмыс істейтіндердің саны  – 8. Ұжымдағылардың ортақ іске пейілдері түзу. «Бізде көлік жүргізушісіне дейін бос тұрмайды, өнімді қаптауға кірісіп кетеді»,  – деп күледі Анатолий Кан.

«Жаңа әлем» шаруашылығы өз өнімдерін, әсіресе, пиязды өңір нарығына шығарады. Сонымен қатар тұрақтандыру қорына да өткізеді. «Бүгінгі пияз бағасы – 110 теңге. Еліміздің оңтүстік облыстарындағы ірі шаруашылықтарда өсірілген пияз­дың келісі  – 115-120 теңге шамасында. Нарықтық қатынастар үстемдік еткен заманда баға құбылып тұрады. Бағаны өсіріп, пайда табуға болар ма еді, бірақ ашкөзденіп, әдептіліктен аттай алмаймыз. Он-он бес теңге артық табам деп өнімдерімізді шетелдерге шығаруға да құлшынып тұрған жоқпыз. Әуелі өңірімізді барынша сапалы өніммен қамтығымыз келеді», – дейді ойлана сөйлеген шаруагер.

Шаруа қожалығында жыл санап техника паркі жаңартылуда. Ескісі жөнделуде. Шаруагер пияздың  гибрид  тұқымдарын егетінін айтады. Еуропалық тұқым шаруашылығы компанияларынан алынатын ондай тұқымның арзан емесі бесенеден белгілі.

– Әкем Георгий көкөніс өсіруді Тайпақ жерінде бастады. Сонда басталған істі Бәйтерек ауданында жалғастырудамыз. Біздің өңір пияз өсіруге қолайлы. Ауыл шаруашылығы саласында кәсіппен шұғылданғысы келетіндерге арзан несие мәселесі шешілсе дейміз. Пандемия кезінде шетелдік жұмысшыларды жұмысқа тарта алмай, әйтеуір, өңір, аудан басшылығының тиісті министрліктерге жеткізуінің арқасында мәселенің түйіні тарқатылды.  Бұған да шүкір дейміз,  –  деді Анатолий Георгийұлы.

А.Канның шаруашылығы алдағы егіс науқанына дайындықты бастады.

Ясипа Рабаева,

Гүлбаршын Әжігереева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале