24.10.2023, 10:00
Оқылды: 62

Бейбіт күнде жер қайтарған баһадүр

Бәлкім сіз осы мақаланың атауын оқығаннан-ақ, «Апырым-ай, бейбіт күнде жер қайтарғаны қалай?» деп ендігі іштей таңқалып та үлгерген шығарсыз. Анық тап солай болса, ең әуелі біздің бүгінгі басты кейіпкерімізбен барынша жақынырақ танысып алғаныңыз жөн шығар.

5301ce32-05a2-462b-8a37-62358cc3d97a

Мәлік Сәбитұлы Кенжәлиев 1960 жылы 24 қазанда Орал облысының Чапаев ауданына қарасты Еңбек ауылында қазақтың көпбалалы қарапайым отбасында жарық дүниеге көрінген (Үшбу елді мекен бүгіндері Ақжайық деген атаумен Теректі ауданының құрамында). Сәбиттің Мәлігі туған ауылындағы орта мектепті 1977 жылы тәмамдағаннан кейін  ол кездері жыл-он екі ай бойы жұмыс қолы жетпей жататын «Еңбек» совхозының науқандық жұмыстарына білек сыбана араласып, қарапайым жұмысшы ретінде еңбек жолын бастайды. 1979 жылдың көктемінде КСРО Қарулы күштері қатарына шақырылған жас жігіт мамыр айында Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге аттанады. Әуелі алты айдай Украинада десантшы ретінде арнайы әзірліктен өтті. Сосын Кеңес өкіметінің арнайы тапсырмасымен әскери қызметін 1979 жылдың желтоқсаны мен 1981 жылдың мамыр айы аралығында Ауғанстанда жалғастырды. Ол кез аталмыш елде соғыстың нағыз қайнаған кезі еді. Жас сарбаз небір жан алысып, жан беріскен шайқастарға қатысып, біраз өте құпия әрі күрделі операциялардың  ойдағыдай жүзеге асуына да тікелей атсалысты. Мұндай жағдайлар жас жігітті құрыштай шынықтырып, шарболаттай шыңдай түсті. Соның айқын дәлелі, айшықты мысалындай бүгіндері полковник Кенжәлиевтің өңірінде Қызыл Жұлдыз ордені мен «За отвагу», «За боевые заслуги» медальдары жарқырайды.

...Неше жылдан бері соғыстан көз ашпаған Ауғанстаннан аман-есен елге оралған жауынгер жігіт 1981-1986 жылдары Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтында оқып, зооинженер мамандығын алып шықты. Үш-төрт жыл туған өлкесінің ауыл шаруашылығы саласында жас маман ретінде  қайда жұмсаса, сонда барып, қамшы салдырмай еңбек еткен М. Кенжәлиев 1990 жылы КСРО-ның астанасы Мәскеу қаласындағы Патрис Лумумба атындағы Халықтар достығы университетінің аспирантурасына түседі. Мұнда 1990-1993 жылдар аралығында күндізгі бөлімде оқып, «Ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты» ғылыми дәрежесін сол Ресей Федерациясында сәтті қорғайды. Ал 1995-1996 жылдары Қазақстан Республикасы Президентінің Жоғарғы мемлекеттік басқару мектебінде мемлекеттік басқару бағыты бойынша білім-білігін жетілдіріп, сонан соң құқық қорғау саласына қызметке ауысты

Өткен ғасырдың соңғы жылдарында Мәлік Сәбитұлы Маңғыстау облысындағы кеден басқармасына басшылық жасады. Ол уақытта Отанымыздың шекарасы түпкілікті белгіленбеген еді, яғни түбегейлі делимитациялық және демаркациялық үдерістер жүзеге аспағанды. Еліміздің ресми шекарасы тек Қытай Халық Республикасымен ғана үзілді-кесілді айқындалған болатын. Ал Мәлік Кенжәлиев сол жылдары шекара бойына кеден бекеттерін салу жұмыстарының басы-қасында жүрді. Сол кезде ол біздің елдің аумағына Түркіменстанның  шекарашылары 12 шақырымға дейін  дендеп еніп, өз кеден бекеттерін салып тастағанын аңғарады. Осы жайтты Маңғыстау облысы бойынша кеден басқармасының басшысы М. Кенжәлиев дереу Қазақстан үкіметінің басшылығына, сол кездегі Маңғыстау облысының әкімі Ләззат Қиыновқа, ҚР Кеден мемлекеттік комитетінің басшысына арнайы хат жазып жеткізеді. Көп ұзамай Кеден комитетінің төрағасына қоса, Астанадағы мүйізі қарағайдай біраз шенеунік хабарласып, «Бұл өзі анық-қанығы түбегейлі тексерілген факті ме, әлде сіздің өз болжам-долбарыңыз ба?» деген сипаттағы сұрақ-сауалдарды бірінен соң бірі қоя бастайды. Тіпті, «Егер сіз алға тартып отырған жағдай дәлелденбесе, екі бауырлас халықтың, екі достас мемлекеттің арасына сына қағып, екі жақты жылы шырайлы қарым-қатынасқа сызат түсірген адам ретінде қазіргі лауазымыңызға қоса, бүкіл шен-шекпеніңізден айырылып, мемлекеттік қызметпен абыройсыз қоштасасыз!» деген зілді ескертулер де болған екен. Мұндай зеңбіректей зіркілдеген зілмауыр сөздерден кейін көп адамның топсасы босап, буын-буыны дірілдеп, «Күл болмаса, бүл болсын!», «Бірің өліп, бірің қал!» дегендей бастапқы райынан айныры анық. Бірақ бұл айтқанынан қайтпады. «Ата-бабамыз ақ білектің күшімен, көк найзаның ұшымен қанын төгіп, жанын беріп жүріп қорғаған кең байтақ киелі даламыздың бір сүйемін де ешкімге беруге ешқашан қақымыз жоқ! «Малым жанымның, жаным арымның садағасы» деген мәрт мінезді қазақтың бір баласы емеспін бе?! Қызмет те ақша секілді қолдың кірі. Лауазым-мансабым туған жердің тұтастығынан садаға! Нар тәуекел!». Осындай ойлар полковник Кенжәлиевтің санасында намыс найзағайын ойнатып, қазақы рухтың шыңы һәм от тілді, орақ ауызды жорық жырауы ер Махам­беттей шамырқандырды. Ақырында тиісті биік мансап иелері Түркімен Республикасының Сыртқы істер министрлігімен хабарласып, мәселенің мәнісін анықтау үшін екі жақты мемлекеттік комиссия құрылып, жіті жұмыс барысында полковник Кенжәлиевтің айтқаны расқа шығып, қазақ еліне 12 шақырым өз жері кері қайтарылады. Міне, осылайша «Қайтқан малда қайыр бар» дегендей, Мәлік Кенжәлиевтің ерлікке пара-пар қырағылығы мен табандылығының арқасында өз жеріміз өзімізге олжа болғаны бар. Мәлік Сәбитұлының осы кәсіби қырағылығы мен азаматтық табандылығы жөнінде кезінде «Заң» газетінде журналист Әнуар Жәнібектің «Бейбіт күннің батыры» атты мақаласы шыққан еді. Ал «Ақиқат» журналының 2018 жылғы мамыр айындағы санында журналист Азамат Омаровтың М. Кенжәлиев туралы «Айбыны асқан азамат» деп аталатын көлемді материалы жарық көрді. Сөйте тұра полковник Кенжәлиевтің бейбіт күнде қазақ жерінің тұтастығын сақтап қалған ерлігі мемлекеттік билік тарапынан әлі күнге дейін ресми түрде лайықты бағасын алған жоқ. Егер ерліктің ескірмейтіні рас болса, демек, ескерілгені жөн ғой!

Өзіне қояр талабы биік азамат 2000 жылы ҚР Ішкі істер министрлігіне қарасты Қарағанды заң институтында оқып, заңгер мамандығын алып шығады. Мұнымен тынбай, ол аталмыш институттың аспирантурасын тәмамдап, кандидаттық диссертациясын ойдағыдай қорғап, «Заң ғылымдарының кандидаты» ғылыми дәрежесіне қол жеткізеді. Теориялық білімді іс жүзінде кәдеге асыра білген Мәлік Сәбитұлы Қазақстан Республикасының Кеден комитетінде аналитикалық бөлімнің бас инспекторы, Кеден бақылау комитеті күзет басқармасының бастығы, Маңғыстау облысы бойынша кеден басқармасының басшысы, «Достық» кедендік бақылау басқармасының бастығы сықылды өте жауапты лауазымдарды зор жауапкершілікпен атқарып, кеден саласының полковнигі арнайы шенін алады. Айтпақшы, ол Маңғыстау облысында 18 кеден бекетінің орнатылуына ұйытқы болды. Соның екеуі, «Темір баба» мен «Тәжен» Түркіменстан мен Өзбекстанның шекарасына таяу орналасқан халықаралық мән-маңызға ие кеден бекеттері.

М. Кенжәлиев ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес (қаржы полициясы) құрылымдарында да айшықты қолтаңбасын қалдырған азамат. Батыс өңірлік қаржы полициясының басқарма бастығы, Орталық аумақтық қаржы полициясының басқарма бастығы, Қазақстан Республикасының Жемқорлыққа қарсы күрес (қаржы полициясы) агенттігінің арнайы бөлім бастығы, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі (қаржы полициясы) Маңғыстау облысы бойынша департаменті бастығының бірінші орынбасары қызметтерін атқарды. Қаржы полициясы саласындағы қажырлы еңбегі ескеріліп, 2000 жылы Мәлік Сәбитұлына қаржы полициясының полковнигі шені берілді. Полковник Кенжәлиевтің ел аумағында заң диктатурасын орнатудағы үздіксіз жүйелі қызметі Қазақстан өкіметі тарапынан да лайықты бағаланып, біраз медальмен марапатталды. Бертін келе 45 жасында қазылық жолға түсіп, сот саласындағы қызметі 2005 жылғы желтоқсан айында Ақтау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының судьялығынан басталған еді. Міне, біраз жылдың жүзі болды, сот саласында қажырлы қызмет істеп, бұл салада да сенім биігінен көрініп келеді. Осы судьялық қызметтегі алған марапаттарының өзі бір төбе. Сот төрелігін жүзеге асырудағы жетістіктері және судьялар қауымдастығындағы қоғамдық істерге белсенді атсалысқаны үшін Маңғыстау облысы бойынша 2011 жылы «Үздік судья» атағына қоса, ҚР Судьялар одағының Құр­мет грамотасымен және II дәрежелі Сот үздігі төсбелгісімен марапатталды. Басқа да марапаттары баршылық. Бес жылдай қатардағы судьялық қызмет атқарған соң, 2010 жылдың ақпан айында Елбасының Жарлығымен Жаңаөзен қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының төрағасы болып тағайындалды. 2012-2016 жылдары Түпқараған аудандық сотының төрағасы, сосын Ақтау қалалық сотының төрағасы қызметін атқарды. М. Кенжәлиев 2020 жылдың ақпан айынан бастап үш жылдай ҚР Президенті әкімшілігіндегі Жоғарғы сот төрағасының өкілі – Жоғарғы соттың азаматтарды қабылдау бөлімінің меңгерушісі сықылды биік мансапты да мінсіз атқарды.

Сот саласының тәжірибелі тарланы Мәлік Кенжәлиев биылғы қаңтар айынан бастап тура күні кешеге дейін ҚР Сот әкімшілігіне қарасты Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы болып қызмет істеді. Осы он айдың ішінде ол, әсіресе, аудандық соттардың материалдық-техникалық әлеуетінің жақсаруына баса назар аударып, біраз іс тындырды. Бас-аяғы он айдың ішінде облыс аумағындағы 16 (!) сот ғимаратының жөнделуіне ұйытқы болды. Бұған қоса Мәлік Сәбитұлының кәсіби қажыр-қайратының арқасында бұрынғы аудан орталығы Тайпақ ауылындағы Ақжайық аудандық №2 соты жабылған жоқ. Мұны жергілікті жұрт үлкен әлеуметтік жеңіс-жетістік ретінде қабылдады. Ал Жалпақтал ауылындағы Казталов аудандық №2 соты мен Ақжайық ауылындағы Теректі аудандық №2 соты ресми түрде жабылғанымен, сол елді мекендердегі судьялық штат пен сот залы сақталып, жергілікті тұрғындарға бұрынғыдай жүйелі қызмет көрсетуде. Ол осылайша жергілікті тұрғындарды басы артық жол шығыны мен жол азабынан, әрі әртүрлі бюрократиялық кедергілерден құтқарды. Бұл да М. Кенжәлиевтің халыққа жанашырлығының, ақ-адал әділдігінің бір көрінісі және кәсіби ерік-жігерінің бір жемісі. Әйтпесе, бұрынғы облыс басшыларының бірінің бас шұлғуымен «жоғарғы жақ» қар­жы үнемдеу мақсатында жаңа ғана тілге тиек, сөзге өзек болған үш сотты да тып-типыл етіп жауып тастауға ыңғай танытып отыр еді...

Жасай берсін жұртына жанашыр жақсы адам!

Бауыржан Файзоллаұлы,

«Орал өңірі»

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале