Мемлекеттер азаматтарының бейбіт жиналыстарға құығы адамның негізгі құқықтары мен бостандықтарын жария еткен бірден-бір халықаралық-құқықтық құжат Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының (ағылш. Universal Declaration of Human Rights, UDHR) 20 бабында бекітілген. Декларация 1948 жылғы 10 желтоқсанда БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы 217 А (III) жарғысымен қабылданған және жарияланған.
Декларацияда белгіленіп, бекітілген адам құқықтары мен бостандықтарының жалпыға бірдей мойындалуын, сақталуын және тиімді жүзеге асырылуын қамтамасыз ету бұл құжаттың негізгі міндеті. Осы тұрғыдан алып қарайтын болсақ, Қазақстанда талқыланып жатқан бейбіт жиындарға қатысты жаңа заң жобасы еліміздің демократиялық дамуы жолындағы нақты тәжірибелік қадамдардың бірі.
Қазақстан Республикасы азаматтарының талқылауына ұсынылған бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру туралы заң жобасына оларды өткізу кезіндегі үгіт-насихат институты енгізіледі. Салыстырмалы түрде айтатын болсақ, қолданыстағы заң азаматтардың үгіт-насихат жүргізудегі құқығын реттемейді. Енді осы заң жобасы қабылданатын болса, бейбіт жиналыс өткізуге келісім алған соң, үгіт-насихаттар жүргізу мақсатында әлеуметтік желілерді, бұқаралық ақпарат құралдарын, мессенджерді пайдалануға болады.
Көпшілік талқылауға ұсынылған заң жобасы бейбіт жиналыстардың негізгі қағидаттарын енгізуге мүмкіндік береді, яғни зорлық-зомбылыққа, күштеуге тыйым салу; заңдылық; мемлекеттік қауіпсіздікті, қоғамдық тәртіпті, денсаулық сақтауды, өзгелердің құқықтары мен бостандықтарын қорғауды және ең бастысы – қатысу еркіндігін қамтамасыз ету заң жобасының басты қағидаттары болып табылады.
Заң жобасында бейбіт жиындарда ұйымдастырушылардың, қатысушылар мен журналистердің мәртебесін, құқықтары мен міндеттерін бекіту қарастырылған. Бұл бейбіт жиналыс қатысушылары мен ұйымдастырушылары болуы ықтимал адамдарға қойылатын талаптарды анықтауға көмектеседі. Оған қоса, ұйымдастырушылар мен қатысушылардың құқықтары мен міндеттері де нақты айқындалады, бұл бейбіт жиналыс субъектілері мен мемлекеттік органдар арасындағы мәселелерді реттеуге мүмкіндік береді.
Жаңа заң жобасында республиканың барлық өңірлерінде бейбіт жиналыстар өткізудің бірыңғай ережелерін белгілеу көзделген. Салыстырмалы түрде айтатын болсақ, қолданыстағы заңның кемшіліктерінің бірі – бейбіт жиналыстар нысандарының нақты регламенттелмеуі. Осыған байланысты заң жобасында түсінік аппаратын орнату, яғни ненің не екендігін нақты ажырату ұсынылған. Бұл бейбіт жиналыс, митинг, пикеттеу, жиналыс, демонстрация, шеру сияқты негізгі ұғымдарды қалыптастыруға және оларды өзара ажыратуға мүмкіндік береді.
Тұрар Шайхиев,
М.Өтемісов атындағы БҚМУ оқытушысы
саясаттанушы