28.03.2025, 15:30
Оқылды: 229

Бейнет пен зейнет

Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,

Еңбегің мен ақылың екі жақтап.

Абай

 Жасы ұлғайған сайын адамның қатары сирей бастайды. Сол себептен, замандас-тұрғыластар көзіңе ыстық көрініп, ұшыраса қалғанда, емен-жарқын амандасып, жылы-жылы сөздер айтып, көңілін бір көтеріп қалғандай болады. Ал бала кезден бірге өсіп, біте қайнасқан досыңның жөні тіптен бөлек қой. Жасы сексен беске аяқ басқан Нәсіпқали Қайырқомұлы  (суретте) екеуміз аз деңіз, көп деңіз, жетпіс жыл иық түйістіре қатар келе жатырмыз. Біз сегізінші сыныпта танысқан болатынбыз. Чапаев (қазір Ақжайық) ауданы, «1-Май» колхозындағы жетіжылдық мектепті бітірген бір топ ұл-қыз, Камен (қазір Тасқала) ауданының көрші Оян ауылындағы мектепке оқуларын жалғастыруға келген еді. Оянда да жетіжылдық мектеп болды. Сол мектеп онжылдыққа бағыт алып, кезегімен сегізжылдық, тоғызжылдық, одан әрі жалғасқан еді. Біріншімайлық балалар негізінен интернатқа орналасты. Тұрмыстық жағдай «күндей күркіреп өткен соғыс» салдарынан қоңыртөбелдеу болатын. Есесіне білімге құштар едік. Сегізінші сынып оқушылары басым бөлігінің әкелері қан майданда қаза тауып, аналары колхоздың қара жұмысына «жегілген» бейнетқорлар еді. Жазғы демалысқа шыққанда, бізді де пішен дайындау бригадалары күтіп алатын. Содан, күз келіп, мектептегі оқу басталғанша, дала қосында болатынбыз. Біз бала болып алаңсыз ойнап көрмеген ұрпақтың өкіліміз.

«Сұраса келе қарынбөле шығады» дегендей, сыныптағы төрт бала Нәсіпқалимен тікелей туыс екенбіз. Аталарымыз кіндіктес боп шықты. Соғыста қаза тапқан әкелеріміз Нарын құмында бірге өсіпті.

Untitled.FR12 - 0001

Көшпенді қазақтарды отырықшыландыру мақсатында, өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарының орта шенінде қазіргі Жаңақала ауданы аумағынан еріксіз көшірілген қазақтар негізінен қазіргі Тасқала, Бәйтерек аудандарына қоныстандырылыпты. Жаңа-жаңа отау  тіккен біздің әке-шешелеріміз сол салқар көш ілегінде болыпты. Ал Нәсіпқалилар Нарын құмының негізгі бөлігі әскери сынақ алаңына айналғанда, яғни 1952 жылы көшіріліп, оларға қазіргі Ақжайық ауданы бұйырыпты. Иә, атамекен-бабажұртта сүттей ұйып отырған бауырлар тарыдай шашылып, «балапан басына, тұрымтай тұсынаға» ұшыраған ғой. Он екі жасқа дейін құмда өскен Нәсіпқали бала болса да, көп жайттарды жадында сақтап қалыпты. Нарын кұмында тастан салынған құрылыстар болмайды екен. Колхоз кеңсесі, мектеп, адамдардың баспанасы інше қазылған жерүй болса керек. Нәсіпқали парта, тақта сияқты мектеп бұйымдарын алғаш рет «1-Май» колхозында көріпті. Оқушылар еденге қалың етіп төселген шөптің үстінде отырады екен. Оқулық, дәптер, қалам, қарындаш дегендер тапшы болыпты. Сияны қазанның күйесінен жасайды екен. Есесіне, Нәсіпқали құмның табиғатын тамсана әңгімелейтін. Құмда өзен, көл, бұлақ дегендер болмайды. Өмір нәрі су қайда? Су аяқ астында! Қырбық түскен қар, төгіп өтетін жаңбыр суы құмға сіңе береді. Тығыз топыраққа жеткенде байыз тауып, қорлана бастайды. Адам білегіндей тереңдіктен мөлдір де салқын су шыға келеді. Шөптің алуан түрі қаулап өседі. Кезінде Нарын құмында төрт түлік саны миллионнан асса керек.

Ауыл шаруашылығы және су шаруашылығы – екі бірдей техникумды тәмамдап, ірі-ірі еңбек ұжымдарын басқарса да, Нәкең қазір өзін таныстырғанда малшымын дейді. Үйреніп кеткен біз бас изеп, құптай саламыз. Ол бекер айтпайды. Құмдағы «Алғабас» колхозында анасы аға сауыншы болыпты. Жас бұзауларға аға сауыншы жауапты болады екен. Сондықтан жас бұзауларды бағу он жастағы Нәсіпқалиға жүктелсе керек. Мектептегі оқу мен бақташылықты ұштастыруға тура келіпті. Қазір немере-шөберелеріміз бұған сенбей, күдікпен қарайды. Шындық бұл!

Нәсіпқали тоғызыншы сыныптан көрінбеді. Пысық та зерек оқушыны мұғалімдер де жоқтады. Біздер, достары оның колхоздың «қамытын» киіп, қара жұмысқа араласып кеткенін  естіп, білдік. Көршілес екі колхоз орталығының арасы тай шаптырымдай-ақ  жер. Нәсіпқалимен арақатынасымыз үзілген жоқ. Бір топ ұл-қыз 1960 жылы Оян орта мектебін тәмамдадық. Жағдайы барлар жоғары оқу орындарына құжат тапсырып жатты. Бітірушілердің басым бөлігі колхоз жұмысына білек сыбана кірісіп кетті. Көрші «1-Май» колхозындағы досымыз Нәсіпқали аға шопандыққа қол жеткізіпті. Социалистік міндеттемелерді асыра орындап жүрген жас жігіт төңірегіне таныла бастаған болатын.

Колхоздың комсомол комитеті Нәсіпқали Қайырқомовтың үйлену тойын өткізуді өз жауапкершілігіне алса керек. Басқарма төрағасы Мұханбетқали Хайруллин озат шопанға қолдау көрсетіп, көсем ат жегілген шанасын беріпті. Күйеу бала Нәсіпқали мен қалыңдық Қоңырша мінген көсем атты шана ауыл көшесімен зулап бергенде, жұрт андыздап  тамашалап тұрыпты. Бұл 1960 жылдың 31 желтоқсанында болған еді. Алғабас ауылының кексе тұрғындары осы жайтты күні бүгінге шейін әңгімелеп отырады.

«Басы байлы болса, түбі сайлы болады» дегендей, Нәсіпқали мен Қоңыршаның отасқандарына алпыс бес жылға аяқ басты. Сегіз перзенттен тараған ұрпақ оларды қаумалап, бақытқа кенелтуде. Нәсіпқали досымның еңбек өтілі жетпіс бес жылға жуықтады. Ол әлі де тура мағынасында ат үстінде. Дәл бүгінге дейін облыс бойынша алғашқылардың бірі болып құрған  шаруа қожалығын басқарып келеді.

Untitled.FR12 - 0003

Кім-кімге де басты ұстаз өмірдің өзі ғой. Демек, алдымен сені жарық дүниеге әкелген ата-анаң алғашқы ұстазың болып табылса керек. Нәсіпқалидың әкесі қан майданда қаза тапты. Оған әке тәрбиесін көру бақыты бұйырмады. Нәкең анасын арқа тұтып өсті. 2012 жылы 104 жасында өмірден өткен Қайша анамыз қайратты, қара ақылдың адамы болатын. Нағыз қазақ әйеліне тән қасиеттерді бойына жинаған бұл кісі, қатарынан ерекшеленіп тұратын еді. 1917 жылдан бермен қарай халқымыздың басынан нендей жайттар өтпеген. Нәубеттің көкелері болды ғой. Қайша Мұқатқызы, оның замандастары өліп көрген жоқ, басқасын көрді. Осындай қат-қабат сын-сынақ босбелбеу жанды езіп, қайратты адамды шыңдай түседі. Жиырма бес жасында жесір қалған Қайша анамыз, үш жасар қыз бен бір жасқа толмаған ұлды аптапқа күйдіртпей, аязға үсіттірмей дегендей, өз қолдарын өз ауыздарына жеткізіп қана қоймай, қатарға қосып, өмірден өткенінше ақылшы бола білді. Қайша анамыз Нәсіпқалиды жалғыз ұл деп бөлектемеді, өбектемеді. Баласының ауыр жұмыстан шаршап-шалдығып жүргенін көріп-біліп тұрса да, босаңсуына жол бермеді. «Ерте тұрған әйелдің бір ісі артық, ерте тұрған еркектің ырысы артық» дегендей, Нәсіпқалиды қайрау арқылы қамқорлады. Яғни, ерте тұрып, кеш жату арқылы сеніп тапсырылған шаруаны мұқият атқаруға тәрбиелеп бақты. Осылайша, Нәкең еңбекте жастайынан шыңдалды.

Анабір жылдарда Нәсіпқали мен Қоңырша Самаркин ауылында бір отар тұсақ бағып отырды. «Жазда жазыларсың, қыста қысыларсың» дегендей,  жазда мал жайылады, яғни аяғы асырайды. Бір қарағанға, жеңіл сияқты. Бұл сырт көзге солай. Ал мал қамындағы адамдар үшін мехнат жетерлік болатын. «1-Май» колхозы аумағындағы шопандар қойды негізінен шығырмен суаратын. Яғни, қолмен терең құдықтан қауғамен су тартып, астауға құйып тұру керек. Нәсіпқали сәскеде отарды ауылға қарай қаптатқанда, Қоңырша астауға су толтыра бастайтын. Бүкіл отар лап бергенде, қойлар бір-бірін тапап, су үшін «майдан» өрши түсетін. Содан, біраз тер төгіп, отарды бөліп-бөліп суаруға қол жеткізген болатын. Шағын денелі,  қағылез Қоңырша қиындықты Нәкеңмен тең бөлісті. Қыс кезінде жұмыс ауырлай түседі. Бір отар қой күніне пар өгіз әрең сүйрейтін екі шана пішен жейді. Ол кезде пресс дегенің атымен жоқ. Үйілген пішенді қар басып қалады. Күзгі жаңбыр суы тиген пішен кеуіп үлгермей, тоң болып қатады. Жастары жиырмадан жаңа асқан Нәсіпқали мен Қоңырша жарыса қимылдап, жарқылдай күле жүріп, күніне екі шана пішенді қотанға жеткізіп тұрғаны көз алдымызда. Шіркін, жастық шақ-ай!

Дүниеге келген перзенттер мен үйішілік шаруа Қайша анамыздың иелігінде болатын. Ол өзін  бақытты сезінуші еді. Бас аман, ұрпақ өсуде, бала мен келін еңбекте абыройлы. Ішер ас, киер киімнен мұқтаждық  жоқ. Соғыс салған жара жазыла келгендей...

Қайша анамыздың жүрегі сыздайтын. Мұны білдірмеуге тырысатын. Бекетай құмындағы бейнет – «бәрі майдан үшін, бәрі жеңіс үшін» деген ұранмен уақытпен санаспай, ашқұрсақ  жағдайда, есі кірмеген сәбилерді үйге қамап тастап, еңбекке берілген кездер санада елес беретін. Солармен салыстырғанда, бұл тірлік Қайша ана үшін арманның шегі іспеттес еді. Көпті көрген қариялар қанағатшыл келеді ғой.

Әр заманның өзіне тән амалы болады. Кеңес кезінде экономика жоспарлы болды. Ұжымдық еңбек ұлықталды. Мысалы, бір отар қойды үш адам бағады. Аға шопан, көмекші шопан және қарауылшы. Звено іспетті. Аға шопан ферма меңгерушісіне бағынады. Отардан алынатын өнім – салмақ қосу, төл алу, жүн алу алдын ала жоспарланады. Мұның сыртында социалистік міндеттеме бар. Өзара социалистік жарыс ұйымдастырылады. Саяси науқан жылдың қай мезгілінде де толастамай, жалғаса береді. Нәсіпқали мен Қоңырша осылардың қақ ортасында жүрді. Түрлі дәрежедегі сайланбалы құрылымдарға мүше де болады. Беделді жиындардың төралқасында да отырды. Марапаттан да кенде болған жоқ.

Колхоз өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының басында совхозға айналып, «Алғабас» атанды. Бекетай құмындағы колхоздың атауы да «Алғабас» болатын.

Жұмыста тындырымды, уәдеге берік жігіт назардан тыс қалмады. Нәсіпқалиға білімін жалғастыруға ұсыныс жасалды. Ол тоғызыншы, оныншы сыныптарды кешкі мектепте тәмамдап, ауыл шаруашылығы техникумына түсті. Диплом алып шыққаннан кейін ірі қара мал бордақылайтын облыстағы ең үлкен кешенді басқаруға жіберілді. Алып империяның өндіріс орталықтарындағы халқын етпен қамтамасыз ету мәселесі күрделілене түскен кез болатын. Облыс басшылары бордақылау кешеніне арнайы келіп, жұмыс жағдайымен танысатын. Еңбекте алғы шепте жүргендер ескерусіз қалмайтын. Осылайша, облыстық атқару комитетінің арнайы шешімімен Нәсіпқали Қайырқомовқа зауыт конвейерінен шыға бастаған көпшілікке таңсық «Нива» автомашинасы табыс етілген болатын.

«Адамды адам еткен еңбек» дегендей, қай қоғамда да, қандай қоғамдық құрылымда да адам еңбегімен бағаланса керек. Кеңес кезеңінде билік компартияның қолында болды ғой. Оның әртүрлі деңгейдегі комитеттері қоғамды қырағы қадағалап отырды. Кадрды өсіріп, өшіру де сол комитеттердің құзыретінде болатын.

Ірі қара мал бордақыланатын кешенді басқаруға біршама төселіп қалған Нәсіпқали Қайырқомовты Чапаев аудандық партия комитетіне шақырады. Мұндайда адам екіұдай сезімде болады. Әйтеуір, жақсылық екен. Қазіргі атқарып отырған жұмысына жоғары баға бере келе, оған жаңа қызметке ауысуға ұсыныс жасалады. Облыс аумағындағы ең ірі Киров су қоймасын басқару ісі тапсырылмақшы екен. Бұл Нәсіпқали мүлде күтпеген жайт еді. Көзін ашқаннан көргені мал. Ол сала тонның ішкі бауындай жақын. Ал су шаруашылығынан не біледі? Компартия айтқанын істететін. Бұл орайда Нәсіпқали Қайырқомовтың жұмысты ұйымдастырудағы қабілеті басты рол атқарған еді. Нәсіпқалидың келісім беруден басқа амалы қалмады. Су қоймасына басшылыққа келгенде, қарамағындағы жоғары білімді мамандарды көріп, Нәкең қатты қысылса керек. Содан, жедел Бузулук қаласындағы гидромелиорациялау техникумына оқуға түсіп, табысты тәмамдап шығады. Нәсіпқали бастықпын деп шіренбей, білмегенін қарамағындағы инженерлерден сұрап-біліп, сеніп тапсырылған жұмысты дөңгелентіп әкетеді. Нәсіпқали Қайырқомов қай салада еңбек етпесін, санға емес, сапаға ерекше маңыз беруімен ерекшеленді. Осы қасиеті арқылы үлкен беделге ие болып, алыс-жақынға танылды.

...Иә, біз қазір тәуелсіз Қазақстанда ғұмыр кешудеміз. Қоғамдық құрылым өзгерді. Құндылықтар тың мазмұнға ие болуда. Жаңа Қазақстан жолында еселі еңбек ету міндеті тұр алдымызда. Демек, еңбектің бәсі бұрынғыдан да арта түсуде. Әркім өзіне жүктелген міндетті адал атқарса, ортақ Отанымыз гүлдене бермек.

Он жасынан еңбекке араласқан Нәсіпқали Қайырқомұлы, қазір төрт түлік өсіретін «Нұртілек» шаруа қожалығына жетекшілік етіп келеді. Нұртілек – немересінің есімі.

Бұрындары азық-түлік өндірумен колхоз-совхоздар шұғылданса, қазір сол міндеттерді шаруа қожалықтары атқарып келеді. Еліміз бойынша мал тұқымын асылдандыру бағыты ұсталынып отыр. Осы орайда «Нұртілек» шаруа қожалығы үрдістен шет қалып отырған жоқ. Тұтынушылар сұранысына сәйкес, ет, қымыз, шұбат, ешкі сүтін өндіруге мүмкіндік мол. Қазір «Нұртілек» шаруа қожалығы он шақты адамды жұмыспен қамтып отыр. Науқандық  жұмыстар кезінде олардың саны арта түседі.

«Адам бір терінің ішінде толады, сосын солады» дегендей, Нәсіпқали Қайырқомов үлкен өмір мектебін басынан өткеріп, осынау жасқа келіп отыр.

«Артық білім бас жармайды» деген сөз бар. Нәсіпқали досым кітапқұмарлығымен де көпшілікке кең танылған жан. «Кітап білім бұлағы, білім өмір шырағы» дейді ғой халқымыз. Еңбекте еленуімен қатар, Нәкең әлеуметке айтары бар ақсақал ретінде алыс-жақынға белгілі болып отыр. Ауыл-аймақ оны құрмет тұтады. Иә, үлкен әулеттің мүшелері әр салада, әртүрлі мамандықта жемісті еңбек етуде. Бірқатары ата-ана жолын жалғастырып, «Нұртілек» шаруа қожалығында тер төгіп жүр. Шаруашылықты «алай істе, бұлай істе» деп ауызбен басқаруға болады. Ал өзің қолдап жұмыс істеп, көзбе-көз көрсетіп, үлгі-өнеге танытудың маңызы зор болмақ. Нәсіпқали досым сексенге келгенше қол жұмысынан тартынған жоқ. Аттан түсе сала, машина рулін ұстады. Кабинадан секіріп түсіп, шөп шабатын агрегатқа ауысып отырды. Мұны жалғастыра беруге болады.

Untitled.FR12 - 0002

«Жасың ұлғайды ғой. Бүкіл шаруа тізгінін балаларға табыстап, қаладағы коттеджіңде отырмайсың ба» деп қаламыз біздер, достары кейде. Нәкең бұл айтқандарымызды теріс көрмейді. Десе де, екі аптада бір мәрте ауыл жақты шөлкеп қайтады. Шаруа жағдайын қадағалайды, ақыл-кеңес береді. Нәкең ұрпақтарының сара жолдан таймай, қалыптасқан істі жемісті жалғастыра берері күмәнсіз.

Нәкеңнің төңірегіне ізгі жандар үйірілгіш келеді. Ұзақ жыл бойына қатар келе жатқандығымнан, мен көп жайттарға куәгермін. Нәкең Қаршығамен, иә құдіретті күйші Қаршыға Ахмедияровпен жақсы жолдастық қарым-қатынаста болған еді. Қарғатамырлы халықпыз ғой. Қаршекеңнің туған апасы Дариға Нәсіпқалиға жеңге болып келетін. Қазір Қаршыға да, Дариға да өмірде жоқ. Қаршыға – музыка маманы, Нәсіпқали – ауыл шаруашылығы маманы. Ал екеуі кездесе қалғанда, қай тақырыпта да желдей есетін. Нәкең Нарын құмында өткен күйшілердің өмірі мен шығармашылығын сөз еткенде, Қаршыға домбырасын қолына алатын. Жиналған жұрт Қаршығаны біледі. Ал бейтаныстар Нәсипқалиды консерватория тәмамдаған маман деп ойлап қалатын.

Үш бірдей – композиторлар, жазушылар, суретшілер одағының мүшесі, Қазақстанның Еңбек Ері Илья Жақанов өңірімізге атізін салғанда, Нәкеңнің шаңырағына соқпай кетпейді. Бұл басқосулар да есте ұзақ сақталатын жағдайда өтеді. Әңгіме музыка, әдебиет, кескіндеме тақырыптарында өрбиді. Бұл орайда да Нәкең қамшы салдырмай еркін көсіледі. Осы ортаға тосын тап келгендер, Нәсіпқалиды филолог, өнертанушы маман қатарына қосатын. Бірде Нәкеңнің Тоған ауылындағы үйінде ақын Қайрат Жұмағалиев бастаған бір топ қаламгер басқоса қалдық. Қазақ поэзиясы қақында әңгіме қызып берді дерсің. Бір талантты ақынның елді елең еткізген топтама өлеңінің қай басылымда жарияланғаны  төңірегінде талас туа қалды. Әрқайсымыз өзімдікі дұрыс деп жатырмыз. Содан Нәсіпқали топтама өлең «Жұлдыз» жорналының пәленінші жылының, түгенін-ші санында деп айтып қалды. Дәлелдеп те берді. Келесі бөлмедегі кітапханасынан жорналдың көп жылғы тігіндісін әкеліп, алдымызға жайып салды. Осы жайтты марқұм Қайрат ақын басқосуларда айтып отыратын еді. Иә, бұл тақырыптағы әңгімелерді жалғастыра беруге болады. Көзіқарақты жұрт мені «қайырқомовтанушы» деп есептейтін сияқты. Мұның жаны бар. Досым туралы «Үлкен үйдің иесі» және «Дала дарабозы» деп аталған екі очерктер мен эсселер кітабым жарық көрді. Сондай-ақ өңірімізге белгілі журналистердің Нәсіпқали Қайырқомов туралы жазғандарынан бір том шығары күмәнсіз. Өмірі өнегеге татитын адам ғана мұндай құрметке ие болса керек.

Untitled.FR12 - 0004 (1)

Жас кезде көрген бейнеттің жас ұлғайғанда зейнетін көру бір ғанибет емес пе? Нәсіпқали Қайырқомұлы мен Қоңырша Меңдігерейқызы еңбектерінің жемісін жеп, молшылықта өмір сүріп жатыр. Екеуі қол ұстасып, алыс-жақын шетелдердегі сауықтыру орындарына барып-келіп жүр. Қазақстан аумағында олардың аяқ ізі түспеген жер жоқ шығар, сірә. Қазір ерлі-зайыптылар Орал қаласындағы емдеу орындарының қызметін жан-жақты пайдаланып отыр. Нәкең мен Қоңырша екеуі бір-бірін демеп, қолдап, мәнді де сәнді жұбайлық ғұмыр кешуде. Біздер, құрдас, қатарлас, замандастары оларға қызыға қараймыз. Қоңырша Меңдігерейқызы сексеннің сеңгірінен асты, Нәсіпқали Қайырқомұлының жасы сексен беске таяды. Ақжайық ауданының құрметті азаматының бұл мерейлі жасын жерлестері ескерусіз қалдырмас деп ойлаймыз.

Айтқали  Нәріков,

ақын,

Орал  қаласының  құрметті  азаматы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале