Бейнежазбаны қарау кезінде түлектің тыйым салынған затты пайдаланғаны анықталса, ҰБТ нәтижесі жойылады. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтты.
«Бейнежазбаны қарау кезінде талапкерлердің тыйым салынған заттарды пайдаланғаны анықталса, онда ҰБТ нәтижесі, сонымен қатар білім беру гранты жойылады. Бұған қоса, тағы да жаңашылдықтар бар. Тест тапсырушыларға қарапайым калькулятор берілетін болады және тестілеу уақыты 3 сағат 50 минуттан 4 сағатқа дейін ұзартылды. Талапкерлер ҰБТ-ға жақсы дайындалуы үшін біз оларға ақысыз орталықтың сайтында 70 нұсқа тесттерін алдын ала берген болатынбыз. Түлектер емін-еркін осы сынама тестілерді тапсыру мүмкіндігіне ие болды және тапсырды деп айта аламыз», - деді министр.
Оның айтуынша, бұған қоса биылғы түлектер мектепте тапсыратын қорытынды емтихандардан мамыр айының соңында босатылды. «Осы шаралардың барлығы түлектер үшін үлкен қолдау екені сөзсіз», - деді ол.
zhaikpress.kz