6.05.2025, 17:30
Оқылды: 198

Бекасыл Тұрсынбек:  «Әскери қызметкерлерге мемлекет тарапынан қолдау көп...»

Таяуда Отан алдындағы борышын өтеп жүрген сарбаздар туралы ақпарат алу үшін ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығы №5517 әскери бөліміне арнайы бардым. №1 атқыштар ротасының командирі, аға лейтенант Бекасыл Тұрсынбекпен әскердегі өмір жайында емін-еркін әңгімелестім. 

IMG_8003 (1)

Аға лейтенант Бекасыл Тұрсынбек 2000 жылы 10 қыркүйекте Түркістан облысы Шымкент қаласында дүниеге келген. 2018-2022 жылдар аралығында Петропавл қаласында орналасқан ҚР Ұлттық ұланының академиясы тактикалық қолбасшылық факультетінде оқыған. 2022 жылы ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығы №5517 әскери бөлімінде взвод командирі ретінде жұмысқа кіріскен. Бір жылдай уақыт өткен соң рота командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары лауазымына тағайындалған. Тағы бір жыл өткеннен кейін Бекасыл Оңғарбайұлына №1 атқыштар ротасы командирінің қызметі жүктелген.

– Қазіргі уақытта Орал қаласындағы №27 қылмыстық-атқару жүйесі мекемесін күзетіп, жауынгерлік қызметті жауапкершілікпен атқарып келеміз. Осы түзету мекемесінде бүгінде 550-ден астам адам жазасын өтеуде. Әртүрлі адам, әртүрлі мінез-құлық, әртүрлі тағдыр. Оларды күзету, әрине, оңай емес. Соған қарамастан, біздің нұсқауымызбен сарбаздар жақсы нәтиже көрсетіп жүр. Кез келген жұмыста қиындық болады. Бұл – айдан анық нәрсе. Бәріне сабырлықпен қарап, төзімділік таныта білу қажет. Мерзімдік қызметті өтеуге Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген сарбаздарды жан-жақты тәрбиелеп, жүйелі түрде жұмыс жүргізу, оларды ержүректілікке, батылдыққа баулу, жүктелген міндетті мінсіз атқару – негізгі мақсатымыз. Ротада 230-ға жуық әскери қызметші бар. Оның 90-нан астамы – сарбаз. Сарбаздар бір жанұяның балаларындай тату. Тәжірибе алмасып, қашанда бір-біріне көмектеседі. Бұрынырақ келіп, әскердегі тәртіпке әбден үйреніп қалғандары күні кеше ғана ортамызға енген жастарға бағыт-бағдар береді, – дейді Бекасыл Оңғарбайұлы.

Рота командирінің сөзіне сүйенсек, сарбаздар кесте бойынша сабақтарға қатысады. Таңғы 6.00-ден 6.40-қа дейін дене шынықтыру жаттығуларын жасайды. Одан соң жуынып, өздері демалатын үй-жайға тазалық жұмыстарын жүргізеді. Сарбаздардың күні осылай басталады екен. Таңғы асты ішіп алған соң бірден міндеттеріне кірісіп, түске дейін жан-жақты шыңдалады. Түскі астан соң екі сағат демалады. Тәрбие жұмыстары жүргізіледі. Нұсқаулық сабақтары өтеді. Сенбі, жексенбі күндері сарбаздар таңғы 7.00-де оянады.

– Сарбаздарды рухани тұрғыда шыңдау бағытында оларды кинотеатрға, музейлерге, Орал қаласының көрнекті жерлеріне апарамыз. Олар уақытын бос өткізбейді. Қашанда пайдалы іс-
әрекетпен шұғылданады. Негізі, жанұядағы тәлім-тәрбие ер азаматтың өмірінде үлкен мәнге ие. Оған айналасындағы адамдар да әсер етеді. Сол себепті ер балаға әркез ақыл-кеңес айтып, Отанына деген сүйіспеншілігін арттырып отыру қажет. Әскери бөлімде кітапхана бар. Сарбаздар өздеріне арналған уақытта түрлі жанрдағы кітаптарды, газет-журналдарды оқиды. Былтыр су тасқыны кезінде №27 қылмыстық-атқару жүйесі мекемесіндегі сотталған адамдарды бір күннің ішінде Ақтөбе, Қызылорда, Шымкент, Тараз және Алматы қалаларында орналасқан түзету мекемелеріне көшіруге атсалыстық. Әскери қызметкерлерге мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп келеді. Айлық 45 пайызға өсті. Әлеуметтік көмек көрсетіледі. Үздік әскери қызметшілерге тоқсан сайын сыйақы беріледі. Сарбаздарға телефон ұстауға рұқсат жоқ. Дегенмен олар таксофон арқылы ата-анасымен тілдеседі. Әр сарбаздың қолында карта бар. Сол карта арқылы таксофон қызметін пайдалана алады, – Бекасыл Тұрсынбек.

Ротада әскери-патриоттық іс-шаралар жиі өткізіліп тұрады. Қазіргі уақытта ұйымдастырылып жатқан іс-шаралардың дені Ұлы Отан соғысының 80 жылдығына арналған. Бұл күннің мән-маңызы, Отан үшін от кешкен ардагерлердің ерлік істері туралы баяндалады. Түрлі ойындар, эстафеталық жарыстар өткізіледі. Сарбаздарды ынталандыру мақсатында жүлде алғандарға сыйлықтар беріледі.

Айта кетейін, Бекасыл Тұрсынбек 2024 жылы инспекторлық тексерісте үздік нәтиже көрсеткені үшін ҚР Ұлттық ұланының бас қолбасшысынан марапат алған. Оның басқа да марапаттары жетерлік. Cарбаздар да өңірлік қолбасшылықтар арасында ұйымдастырылған жарыстарда белсенділік танытып жүр.

Оңғарбайдың қос ұлы

Оралда жүр,

Қорғауға әзір ел-жерін олар қазір...

Рота командирінің пікірін тыңдадық. Енді ата-анасынан, бауырларынан алыстаса да, мойымай, қасиетті борышын өтеп жүрген сарбаздарға құлақ түрейік!

IMG_8007

2006 жылы Атырау облысы Мақат ауданы Ескене ауылында дүниеге келген, Сабыр Шәріпов атындағы Доссор мектеп-интернатында білім алған Дидар Досымовтың әскерге келгеніне бес айға жуық уақыт өтіпті. Ол 9-сыныпты тәмамдаған соң Атырау аграрлы-техникалық колледжінде оқыған. Сөз арасында сыңары Айдардың да әскерде екенін айтып қалды. Дереу оның қай қалада борышын өтеп жүргенін сұрадым. Сөйтсем, екеуі бүгінде бір қалада, бір әскери бөлімде, бір ротада екен. Оралда әскерде жүрген Оңғарбайдың қос ұлы сабырлы қалпында салмақты ой-пікірлерін ортаға салды.

IMG_8006

– Бес айға жуық уақыт ішінде көп нәрсе үйрендік. Аутомат қаруын шашып-жинауды, саптық жүрісті меңгердік. Ата-ананың, бауырдың, уақыттың, достың қа-дірін түсіндік. Әкем мен шешем Ескене ауылында тұрады. Қос әпкеміз, ағамыз бар. Отанды қорғау – біздің негізгі міндетіміз. Әкеміз Оңғарбай Ысқақов – Ауған соғысының ардагері. Ол бізді кішкентайымыздан Отан қорғауға тәрбиеледі. Ештеңеден қорықпауды, қандай жағдай болса да, батыл шешім қабылдауды үйретті. Соның әсері болса керек, біз әскердегі қиындықтарға төзіп, міндетімізді барынша мінсіз атқаруға тырысып жүрміз, – дейді Дидар мен Айдар.

№1 атқыштар ротасының тағы бір сарбазы – Естай Шалабек. Ол 2003 жылы Алматы қаласында өмірге келген. Алматы полиграфия колледжінде оқыған. Мамандығы – баспагер. Төрт жылдай Алматы дәмханаларында аспаз ретінде жұмыс істеген. Айтуынша, ол тағамды дәмді дайындайды.

– Әпкем тұрмыста, үш қарындасым бар. 222 күннен кейін үйіме ораламын. Түрме бекеттерінде күзету жұмыстарын жүргіземіз. Оған да үйрендік. Отан қорғау үшін ең әуелі төзімділік қажет. Әскери қызмет жауапкершілікті қажет етеді. Себебі әскери қызметкер халықтың қауіпсіздігіне, амандығына жауапты, – дейді Естай Бауыржанұлы.

 

Мәрлен Ғилымхан,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале