Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің қауымдастырылған профессоры, техника ғылымдарының кандидаты Төребек Байбатыров «Болашақ» халықаралық бағдарламасы аясында Беларусь елінде ғылыми тағылымдамадан өтіп келді.
Университетте «Агротехнологиялық институтта» тағам қауіпсіздігі және азық-түлік өндірісінің технологиясы білім беру бағдарламалары бойынша дәріс оқитын ғалым-ұстаз Беларусь мемлекеттік аграрлық-техникалық университетінде алты айлық тағылымдамадан өтіп, тәжірибе алмасып келді. «Болашақ» халықаралық бағдарламасы аясындағы «500 ғалым» жобасының грантына ие болған Төребек Әуелбайұлының ғылыми-зерттеу тақырыбы «Құрама жем өндірісінің заманауи тиімді технологиясы» деп аталады. Ғалым 17 жылдан бері елімізде өзекті болып табылатын құрама жем өндірісі тақырыбын қаузап келеді.
Алдымен құрама жем дегенге тоқталар болсақ, ол – ғылыми негізде жасалған, рецепт бойынша дайындалған, малдың, құстың толық құнды азықтандырылуын қамтамасыз ететін әртекті қосымшалардан тұратын өнім жиынтығы. Оның сусымалы, түйіршіктелген, брикеттелген, экструдерленген деген сияқты бірнеше түрлері болады. Құрама жем ауыл шаруашылығы малдарының толық азықтандырылып, жоғары сапалы өнім беруіне пайдалы. Төрт түлікті бар пайдасына жарататын қазақстандықтар үшін бұл саланың қаншалықты өзекті екенін осыдан-ақ бағамдай беруге болады.
– Құрама жем мал, құс, балық шаруашылықтарындағы жануарлардың түрлеріне байланысты беріледі. Мысалы, сүтті немесе етті сиырларға, бордақыдағы малдарға, жұмыртқалайтын немесе етті тауықтарға, балапандарға құрама жем дайындау технологиясының маңызы зор. Оларға арнап жас ерекшелігіне байланысты жасалатын азығы, әртүрлі рациондар болады. Құрама жем өндірісінің технологиясында химиялық құрамы, қоректік құндылығы, азықтық қауіпсіздігі, сапалық көрсеткіштері ескеріледі. Құрама жемге шикізат ретінде өсімдік шаруашылығының өнімдері (астық өнімдері, түрлі дақылдар), малтекті өнімдер (ет, сүйек), өңделген өнімдердің қалдықтары қолданылады. Құрама жем солардың құрамынан тұратын рационға есептеп жасалады, – деп әңгімесін бастады кейіпкеріміз.
Аграрлық ғылымдағы осындай маңызды бағытты зерделеп жүрген батысқазақстандық ғалым ғылыми тағылымдама барысында Беларусь мемлекеттік аграрлық-техникалық университетінде, сол елдегі бірнеше зертханада, «Беллакт», «Скарб-био», «Агрокомбинат «Дзержинский», «Белплемживобъединение», «Березовка құрама жем зауыты» секілді үлкен өндіріс орындарында және Кеңес Үкіметі кезінен сақталған «Остромечево», «Протасовщина» атты шаруашылықтарда болған. Сонымен қатар Беларусь мемлекеттік тамақ және химиялық технологиялар университетінде, Беларусь ғылым академиясында, Беларусь ҰҒА АӨК жүйелік зерттеулер институтында, Гродно аграрлық-техникалық университетінде, ет-сүт өнеркәсібі институтында, қолданбалы ветеринария және биотехнология ғылыми-зерттеу институтында тәжірибе алмасу жұмыстары жүргізілген.
– Ол елдегі өндірістік мекемелердің көпшілігі мемлекеттің иелігінде екен. Соның ішінде «Остромечево» шаруашылығы мал және өсідік өсіруді қатар қолға алыпты. Біздің елімізбен салыстырғандағы айырмашылық-
тың бірі – осы. Себебі шикізатты өздерінде өндірмесе, ол да қалтаға оңай соқпасы, қымбатқа түсері белгілі. Сондықтан мал өсіріп отырғаннан кейін өсімдік шаруашылығын да бірге дамытып отырады. Нәтижесінде құрама жемге пайдаланатын шикізаттың көпшілігі өз қолдарында болады. Тағылымдаманың соңғы күндерінде «Мобильді құрама жем зауытында» болдым. Бұл дегеніміз – жылжымалы құрама жем зауыты. Атап айтқанда, «Маз» ауыр жүк көлігінің үстіне барлық құрылғы орнатылған. Кез келген шаруашылыққа барып немесе қоймалардан дайын өнімдерді алып, құрама жемді сол мезетте әзірлеп береді, – дейді Т. Байбатыров. Айтуынша, аталмыш зауыттың шаруашылықта қалай қолданылатынын өз көзімен көріп, Ресейдің Новосибирск қаласынан келіп сатып алып жатқанының да куәсі болыпты. Мұндай жылжымалы зауыттың құны да қомақты. Біздің еліміз бойынша Петропавл қаласында ғана бар екен.
Алты айлық білім-ғылым сапарында ғалым-ұстаз Төребек Әуелбайұлы «Агроөнеркәсіптік кешендегі техникалық сервисті дамытудың заманауи мәселелері мен жолдары», «Инновациялық даму жағдайындағы агроөнеркәсіптік кешен: ғылым, технология, кадрлық қамтамасыз ету» тақырыбындағы ғылыми-практикалық конференцияларға, «Беларусь аграрная (Молочная ферма)» атты халықаралық форумға, «Агроөнеркәсіптік және азық-түлік технологиялары» атты дөңгелек үстелге Беларусь агроөнеркәсіп апталығы «БЕЛАГРО-2024» халықаралық жәрмеңкесіне қатысты. Сонымен қатар ғылыми мақалалары республикалық, халықаралық деңгейдегі жинақтарда жарияланған.
Құрама жем өндірісіне қызығушылық танытқан ғалым 2007 жылдан бері осы тақырыпты зерттеп келеді. Диссертациялық жұмысын да осы салаға бағыттаған ғалым-ұстаз тағылымдамадан өту кезінде құрама жем өндіру технологиясымен кеңірек танысқан.
– Енді осы алған білімімді кәсіби мамандар даярлау ісіне, аграрлық ғылымды дамытуға жұмсайтын боламын. Университеттегі «Қайта өңдеу өндірістерінің технологиясы» білім бағдарламасы бойынша оқытылатын пәнді соған сәйкес жаңғырту бағытында жұмыстанатын боламыз. Сонымен қатар ғылыми жобаларымызды ұсынамыз, – дейді кейіпкеріміз.
Елімізде құрама жем өндірісі әлі де кенжелеп тұрғанын ғалым да жасырмады. Материалды дайындау
барысында құрама жем өндірісімен айналысатын зауыттар біздің облысымызда бар ма екен деген қызығушылықпен облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына сұрау салып көрдік. Белгілі болғанындай, өңірімізде жалпы өндірістік қуаттылығы 76 мың тоннаны құрайтын бес құрама жем зауыты бар екен. Дейтұрғанмен қазір шикізаттың қымбатшылығы көп шаруаға кесірін тигізуде. Беларусьтардың мал және өсімдік шаруашылығын қатар дамытатын тәжірибелерін қазақ шаруалары да қолға алса, құба-құп. Ал аграрлық ғылымдағы осы салаға бағытталған ғылыми жобалар жем-шөп өндірісін өркендетуге септігін тигізеді деген ойдамыз.
Ләззат Қажымова
Жәңгір хан атындағы БҚАТУ медиа орталығының директоры