13.03.2026, 17:30
Оқылды: 25

Береке-бірлігі жарасқан Ақжайық

Қай кезде де ауыл – елдің алтын бесігі. Бүгінде сол қасиетті құндылықтарды сақтай отырып, заманауи даму жолына түскен елді мекендердің бірі – Ақжайық ауылдық округі. Таяуда Ақжайық ауылына жұмыс сапарымен арнайы барып, аудан орталығынан кем түспейтін ауылдың тыныс-тіршілігімен танысып қайтқан едік. Бес бірдей елді мекенді біріктірген бұл аймақтың  әлеуметтік-экономикалық дамуы мен алдағы жоспарлары туралы ауылдық округ әкімі Болат Қадыралиев (суретте) әңгімелеп берді.

акжайык ауылдық округ әкімі Болат Қадыралиев

– Ақжайық ауылдық округінің құрамына Ақжайық, Абай, Ыждағат, Ақжайық шипажайы және Талпын ауылдары кіреді. Округ орталығы – Ақжайық ауылы. Бүгінде мұнда 4077 адам тұрады. Жалпы 1129 отбасы бар. Экономикалық белсенді тұрғындар саны – 1792. Зейнеткерлер – 613, мүмкіндігі шектеулі жандар – 136. Өткен жылы  округ бюджеті 78 млн 473 мың теңге көлемінде жоспарланды. Жыл ішінде жеке табыс салығынан 13 млн 348 мың теңге, көлік салығынан 10 млн 924 мың теңге, мүлік және жер салығынан, сондай-ақ салықтық емес түсімдерден қомақты қаржы жиналды. Ауыл экономикасы біртіндеп нығайып, кәсіпкерлер саны артып келеді, – дейді Болат Александрұлы.

Ақжайық – дәстүрлі түрде мал шаруашылығымен айналысатын ауыл. Бүгінде округте 7826 бас ірі қара, 9637 ұсақ мал, 2876 жылқы, 4120 құс тіркелген. Бұл сала ауыл тұрғындарының негізгі табыс көзі болып қала беруде.  Сонымен қатар соңғы жылдары ауылдық округте кәсіпкерлік те қарқын алып келеді. Округ бойынша 123 бизнес нысаны тіркелсе, оның 75-і белсенді жұмыс істейді. 47 жеке кәсіпкер, 32 шаруа қожалығы, 7 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі өз ісін дөңгелетіп отыр.  Ауыл экономикасын көтеру мақсатында көрсетілген жүйелі мемлекеттік қолдау да өз нәтижесін беруде. Өткен жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында грант алып, бес азамат кәсіп бастауға  ниет білдірсе, олардың төртеуінің өтініші мақұлданған. Соның нәтижесінде бір ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі сүт цехын ашып, жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік алған.

Әлеуметтік тұрақтылық – кез келген өңір дамуының кепілі. 2025 жылдың басынан бері 125 жұмыссыз азамат жұмыспен қамтылып, оның 35-і тұрақты жұмысқа орналасты. Ақылы қоғамдық жұмыстарға 19 адам тартылса, 15 жас маман жастар тәжірибесі арқылы еңбек жолын бастаған. Аз қамтылған және көпбалалы отбасыларды қолдау мақсатында 11 отбасыға (55 адам) атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Бұл – мұқтаж жандарды назардан тыс қалдырмаудың айғағы. Тағы бір жаңалық – ауылда  халықтың әлеуметтік осал топтары үшін үш екіпәтерлі тұрғын үй салынды.  Бұл бастама баспанаға зәру отбасылардың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған.

6d078831-681e-4458-99bc-87bf2a688b60

Өткен жылы Ақжайық ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынды. Бұл нысан  ауыл жастарының басын қосатын, салауатты өмір салтын насихаттайтын маңызды орталық болмақ.

– Ауылдық округте атқарылар іс әлі де аз емес. Атап айтқанда, Ақжайық ауылындағы бірқатар көшені (Еңбек, Қазақстан, Хаймулдин, Уәлиханов, Жамбыл) асфальттау, Абай ауылының кіреберіс жолына асфальт төсеу,  Ақжайық шипажайы  ауылына «Ақбұлақ» бағдарламасы арқылы ауыз су тарту, Талпын ауылына спорт алаңын салу, Ақжайық шипажайы ауылында мектеп құрылысын бастау сынды іргелі іс күтіп тұр бізді.  Бұл бастамалар жүзеге асқанда ауыл тұрғындарының өмір сапасы жаңа деңгейге көтерілері сөзсіз, – дейді бізбен алдағы ауыл жоспары туралы ой бөліскен «Ақжайық» ауылдық округінің әкімі Болат Қадыралиев.

Бүгінгі күні бірлік пен берекенің, жүйелі жоспар мен нақты істің үлгісін көрсетіп отырған Ақжайық ауылдық округі тұрғындарының әр бастамасына біз де сәттілік тілейміз.

 

Гүлжамал Жолдығали,

Ақжайық ауылы,

Теректі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале