«Бұл – береке-бірлігімізді бекемдей түсетін мереке. Осы күні еліміздің азаматтары бір-біріне ерекше ілтипат көрсетіп, ризашылығын білдіреді. Сондай-ақ татулық, ынтымақ, достық сынды қастерлі құндылықтар жан-жақты дәріптеледі. Мұның бәрі ұлтты ұйыстырудың ұтымды жолы екені сөзсіз».
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев

Алғыс айту күні – көктемнің алғашқы күнімен тұспа-тұс келетін мереке. Осыдан 31 жыл бұрын 1 наурызда Қазақстан халқы ассамблеясы құрылғанын ескерсек, Алғыс айту күнінің неліктен дәл осы күні тойланатынын бағамдаймыз. Бұл – Қазақстан халқын біріктіруге бағытталған, еліміздің тарихына құрмет көрсетіп, барлық ұлт пен ұлысты бір шаңырақ астына топтастыратын күн. Бүгінде Отанымыздың түкпір-түкпіріндегі түрлі ұлт өкілдері ел ертеңіне үлес қосып, еңбек етіп, бейбіт өмір сүріп жатыр. Бүгінгі мерекеге орай, бұл мейрамның тарихы мен тағылымына назар аударып, шолу жасауды жөн көрдік.
Алғыс айту күнінің тарихы
Қазақстан халқы бұл мейрамды алғаш рет 2016 жылы атап өтті. Алғыс айту күнінің этносаралық өзара іс-қимылдың бірегей институты – Қазақстан халқы ассамблеясының құрылған күнімен сәйкес келуінің астарында терең мән бар. Өткен жүзжылдық ауыр нәубетпен сыналған ғасыр болды. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Кеңес режімі батыс шекарадағы халықтарды «сатқындық жасауы мүмкін» деген жаламен күштеп көшіре бастады. Бұдан бөлек, Қиыр Шығыстағы бірқатар корей диаспорасын да айдауға салды. Осы кезде қазақ даласына түрлі ұлттарды жаппай күштеп көшіру басталды.
Тарихи мәліметтерге сүйенсек, 1946 жылы Кеңес одағында жер аударылған халықтардың жалпы саны 2,5 миллионға жеткен. Кейбір деректерде үш миллионға жуықтаған деп көрсетіледі. Ал осының ішінде Қазақстан аумағына жер аударылғандары 1 миллион 200 мың адам екен. Алайда құжаттарға сүйеніп, елімізге көшірілген халықтың нақты санын айту өте қиын. Себебі қоныс аударушыларды әр ай сайын қайта тіркеу, оның ішінде жаңадан қосылғандармен араластырып тіркеу, бір отбасын басқа жерге қайта көшіріп жіберу, туыстардың бөлініп кетуі, кейбір отбасының қайта қосылуы секілді жағдайлар өте көп кездесетін еді. Әр жылдары 800 мыңдай неміс, 102 мың поляк, Солтүстік Кавказ халықтарының 550 мың өкілі, Қиыр Шығыстан 18,5 мың корей отбасын жер аударып, көшіп келуге мәжбүр болған деген деректер бар. Жер аударылғандар қазақ даласында көбіне егін шаруашылығымен, мал өсірумен айналысты. Кейін өнеркәсіптің барлық саласына атсалысты. Бұл өз кезегінде Қазақстан экономикасының дамуына мол үлес қосты.
Кейін 1957 жылы күштеп жер аударылған халықтардың өз отандарына қайтуына рұқсат берілді. Соған қарамастан, олардың көбі қазақ жерінде қалып қойды. Кавказ халықтары мен немістерге, түріктерге ғана өз жерлеріне қайтуға мүмкіндік берілмеді. Жер аударылғандар Сталиннің өлімінен кейінгі Хрущевтің «жылымық» жылдарында жағдай түзеле бастады. Осы кезде күштеп қоныс аударылған халықтардың қазақ жерінде туып-өскен жаңа буыны өсіп, өркендеді, олар әр салада кәсіп етті. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін де Қазақстанды өз отаны санайтын буын ел үшін қызмет етіп жатыр.
Осындай тарихи деректерге мән берсек, Алғыс айту күнінің тарихы әріде жатыр. Көктемнің алғашқы күнімен қатар келген бұл күннің басты мазмұны қазақ еліне кезіндегі қолғабысы мен қайырымды ісі үшін алғыс айтуды білдіреді. Түрі, діні, тілі, мәдениеті, салт-дәстүрлері басқа этнос өкілдерін бөтенсімей, өгейсітпей көкірегіне басқан қазақтың шексіз мейірімі мен жүрегінің кеңдігін, қазақтың өзі де осындай ұлы нөпірдің арасында жоғалып кетпей сақтап қалған қасиетін де ерекше атап өту керек.
Облысымызда «Қазақ халқына мың алғыс!» атты монументі бар. Бұл ескерткішті еліміздегі түрлі этностық топтар басына күн туған кезде бауырына басқан қазақтың жері мен еліне алғыс ретінде өз бастамаларымен тұрғызған болатын.
Шетелдерде қалай аталып өтіледі?
Алғыс айту күні тек Қазақстанда ғана емес, әлемнің түкпір-түкпірінде де атап өтіліп жүр. Мысалы, АҚШ-қа назар аударсақ, әлемдік жылнамада 1621 жылы ағылшын колонистерінің бастамасымен күнтізбеге «ризашылық» білдіретін күн енгізіледі. Қаһарлы қыста аштықтан зардап шеккен жұрттың көңіл-күйін көтеру үшін губернатор Уильям Брэдфорд Алғыс айту күнін белгілейді. Айналадағы басқа да көршілер бұл игі дәстүрді жақсы ықыласпен қабылдады. Қараша айының төртінші бейсенбісінде атап өтілетін мереке астық жинау мезгілімен тұспа-тұс келеді. АҚШ-тағы бұл айтулы күні әр шаңырақтың мерекелік дастарханында көкөністер мен күркетауық тұрады. Ұлттық күнтізбеге енген осы мерекенің түпкі идеялық мәні америкалықтардың өз Конституциясына ризашылық білдіруіне негізделген. Осылайша, Алғыс айту күні нағыз ұлттық мереке ретінде 1863 жылы АҚШ-тағы Азамат соғысы кезінде тараптарды бір дастарханға шақырудан басталды. Өзара келіссөзді жандандыруға себепші болды. Ал 1957 жылдан бері Канадада да Алғыс айту күні қазанның екінші дүйсенбісінде аталып келеді. Канадада бұл мерекенің шығу тарихы ауыл шаруашылығы өнімдерін жинаудан бастау алады. Германияда Алғыс айту мейрамын «Erntedankfest» деп атайды, ол қазан айының алғашқы жексенбісінде егін алқабында тойланады. Келесі жылы да егін түсімі осылай мол болсын деген ниетпен тамаша табиғатқа, орман, көкөніс, жеміс-жидек тарту еткен тағдырға алғыс айтады. Дастарханға Германияның дәстүрлі тағамдарын, жаңа піскен көкөніс, жеміс-жидек, дәнді-дақыл, өзге де дәмді-тәттілерді қойылады. Ал Израильде Құдайға құлшылық етіп, мол астық бергеніне ризашылық білдіру ретінде Астық ору мерекесі бар. Олар осы мереке қарсаңында күзде мол астық алып, халыққа қамқорлық танытқаны үшін жаратушыға ризашылық білдіреді.
Иә, Алғыс айту күнінің негізгі мақсаты – әу баста сол өзге ұлт өкілдерінің Қазақстан халқына алғыс айтатын күні болғанымен, бүгінде оны барлық адамның бір-біріне алғысын білдіретін бауырмалдық мерекесі ретінде тойлау әдетке айналған. Бірі дүниеге әкелген ата-анасына, енді бірі жақындары мен бауырларына ризашылығын білдіріп жатады. Олардың да мақсаты бір – жақсылыққа алғыс білдіру. Сондықтан айтулы мерекеде жылына бір жақындарымызға, елімізге, халқымызға алғыс айту әбестік болмас.
Гүлсезім Бияшева,
«Орал өңірі»