Шөбі шүйгін, топырағы құнарлы, даласы дәнге, өрісі малға толы Бәйтерек ауданы үшін түгесілі отырған жыл берекелі болды. Жылдың табысты болғаны соншалық, аталған өңір донор аудан мәртебесіне ие болып, облыс бюджетіне 1 миллиард теңге қаражат құйған. Береке тұнған ауданда биылдың өзінде тоғыз ауылға көгілдір отын тартылып, он шақты елді мекеннің жолы жөнделген. Оған қоса, бірнеше білім беру, мәдениет, спорт нысандары бой көтеріп, тозығы жеткен ғимараттарға күрделі жөндеу жүргізілуде. Жуырда аталған ауданның әкімі Марат Тоқжановпен сұхбаттасудың реті келген еді. Бұл жолғы жүздесуімізде жиі жазылып жүрген цифрлардан қашып, жасалған жақсы істер мен жоба-жоспарлардың қыр-сырын ашуға тырысқан едік.
– Марат Лұқпанұлы, аудан тізгінін қолға алғаныңызға келер жылдың наурыз айында екі жыл толмақ. Осы уақыт аралығында атқарылған істерге тоқталып, болашаққа деген жоспарыңызбен бөліссеңіз. Осы қызметке тағайындалған соң, қай салаға нақты басымдық бердіңіз?
– Бұл аудан - бұрыннан да әлеуеті мықты өңір ғой. Біріктірілген аудан болғандықтан, аумағы да ауқымды. Бүгінде ауданға қарасты 22 ауылдық округтегі 68 елді мекенде 60 мыңға жуық халық тұрады. Осы қызметті қолға алған соң, бірінші кезекте алдымызға белгілі бір жоспар, айқын мақсат қою үшін барлық ауылдарды аралап шықтым. Сол кездегі ең өзекті мәселелердің бірі - Ресей елімен шекаралас орналасқан елді мекендердегі халықтың жаппай көшуі, ауыл тұрғындары санының күрт азаюы, шағын ауылдардың қаңырап, бос қалуы болатын. Ауылдағы ағайынның басым көпшілігі жайлы тұрмыс іздеп, облыс орталығына, ірі ауылдарға немесе Ресейге қоныс аударған. Халық санының күрт төмендеуі ауыл мектептеріне бала саны толмай, олардың кейбірін жабуға әкеп соқтырды. Урбанизация белең алуының басты себептерінің бірі - шалғай ауылдардағы жол қатынасының нашарлығы еді. Шекаралас ауылдардан халықтың жаппай көшуіне тосқауыл болу үшін ең бірінші сол елді мекендерге жол салу жұмыстарын қолға алдық. Биылдың өзінде ауданға «Нұрлы жол» бағдарламасы шеңберінде қомақты қаражаттың бөлінуіне қол жеткіздік. Бұл қаражат Трекин, Январцев, Погадаев, Железнов, Переметный-Белес, Чиров, Макаров, Чувашин, Октябрьское ауылдарының жолдарын орташа және күрделі жөндеуге бағытталды. Бірқатар ауылдардағы жол салу жұмыстары аяқталды. Соның нәтижесінде қатынас жақсарған ауылдарға халық қайта көшіп бара бастады. Бір ғана Зеленый ауылындағы мектеп оқушыларының саны 28 балаға көбейді. Аудан орталығынан 24 шақырым қашықтықта орналасқан Шалғай ауылымен де қатынас өте нашар болатын. Ауа райының қолайсыз кездерінде тұрғындар жол азабын көруші еді. Қазір ол ауылға да жол жетіп қалды. Көп ұзамай ауыл тұрғындары аудан орталығына тақтайдай тегіс жолмен жүйткіп, жетіп келетін болады. Ауданнан қашық орналасқан ауылдардағы халықтың барлығы дерлік бізден сапалы жол салып беруімізді сұрайды. Әрине, бәрі бірден бола қоймайтыны да анық. Аталған мәселені басты назарда ұстап, алдағы жылдарда да жол салу жұмыстарын жалғастыратын боламыз.
– Бұл ауқымды жұмыстар қыруар қаржыны талап ететіні анық. Шындығын айтқанда, жергілікті әкімдіктен, құзырлы министрліктерден қолдау керек-ақ. Бірқатар табалдырықтарды аттап, біраз адамның алдынан өту керек. Бастаған істі аяғына дейін жеткізу жолында қиындықтар кездескен шығар?
– Иә, қомақты қаражатқа тірелетін шаруа оң шешімін табуы үшін біраз тер төгуге тура келеді. Жоғарыда айтқанымдай, ауылдарды аралаған кезде ол жерлердегі тұрғындардың басым бөлігі осы жол салып беруді өтінген еді. Аз уақыттың ішінде барлық ауылға бірден жол тарту қыруар қаржыны талап етеді ғой. Бұл істе жергілікті ірі кәсіпкерлердің көмегіне жүгінуге тура келді. Үгіт-насихат жұмыстарының дұрыс жүргізілгенінен шығар, меценаттар тарапынан біраз қолдауға ие болдық. Биылғы жылы ауылдардың кіре беріс жолдары мен көше жолдарын жөндеуге қатысты жобалық-сметалық құжаттар жеке кәсіпкерлердің қаржылай қолдауымен жасалды. Бұл істерге жергілікті бюджеттен қаржы жұмсалған жоқ. Ауылдарда болып, тұрғындармен кездескенде «Егер жолдың құжаттамалары бюджет қаражатынан жасалатын болса, ол мемлекеттік тапсырысқа салынады. Бір мердігер ұтты делік. Жеңілген компания оны сотқа береді. Сот үдерісі өткенше 6-7 ай болады. Қыруар уақытты жоғалтамыз. Жол керек болса, бірлесіп жұмыс жасайық. Сіздер жобалық-сметалық құжаттамасын дайындап берсеңдер, құрылысқа қажетті қаражат тезірек бөлініп, жұмыстар ерте басталады» деп түсіндірдім. Әр жобаның құны орташа есеппен әр жолдың ұзындығына байланысты 6-8 миллион теңгеге шығатыны анық. Бұл – аз қаражат емес. Бірақ жергілікті кәсіпкерлер осы ұсынысымды қабыл алды. Құжаттар дайын болған соң, құзырлы министрліктерге барып, аталған жобаларды қорғау керек. Ол да оңай шаруа емес. Ол жерде аталған елді мекеннің болашағы бар ма, жоқ па, халық саны қанша, барлығы сарапқа салынады. Біз ұсынған жобалар жоғарыдан қолдау тапты. Сөйтіп, біраз істің басын қайтардық. Елжандылық танытып, туған жері үшін қол ұшын берген жомарт жүректі кәсіпкерлерімізге алғыстан басқа айтарым жоқ. Менің ойымша, ортақ мүдде жеке мүддеден жоғары тұруы керек. Сонда ғана қоғам үшін қомақты істер атқаруға болады.
– Меценаттардың көмегімен біраз шаруа жасалды дедіңіз. Жалпы соңғы жылдары жеке кәсіпкерлердің, қарапайым ауыл тұрғындардың күшімен атқарылған істерге тоқталып өтсеңіз?
– Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында орындалу керек міндеттердің ішінде «Туған жер» бағдарламасы ұсынылған болатын. Аталмыш бағдарлама мақсаты - туып-өскен ортаға барынша жақсылық жасау, туған жерге тағзым ету арқылы өскелең ұрпақты отансүйгіштікке, елжандылыққа шақыру еді. Біздің ауданның кәсіпкерлері де өз ауылдарының өсіп-өркендеуі жолында қолдарынан келген көмегін аяған емес. Олардың есімдерін атамай кетпеуге болмас. 2020 жылы алғаш рет өңірге танымал кәсіпкер, «Асан-Ауыл» ЖШС директоры Бейбіт Асанов ағамызға бастамашы болып, игі іс бастап, өзгелерге үлгі көрсетуге қолқа салдық. Сөзімізді жерге тастамай, өз қаражаты есебінен Краснов ауылдық округінен құны 115 миллион теңге болатын мәдени-спорт кешенін салып, әкімдіктің теңгеріміне тапсырды. Бұл игі бастама қалған ауылдардағы ірі кәсіпкерлерімізге айтарлықтай ой салды. Бүгінде Абай Қуанышкерейұлы есімді азамат дәл осындай спорт кешенін Январцев ауылында салып жатыр. Ол жобаның құны – 240 миллион теңге. Кешегі пандемия кезінде жергілікті демеушілер 17,2 млн теңге көлемінде аудандық ауруханаларға қолдау жасап, оттегі концентраторлары мен өзге де қажетті қорғаныш құралдарын алып берді. «Айдос» шаруа қожалығы өз қаражатына Чапурин елді мекеніне табиғи газ құбырын жеткізді. «Алтын болашақ» шаруа қожалығының басшысы Еркін Насыров Махамбет ауылында балабақша ғимаратын жөндеп, жабдықтау жұмысына атсалысты. Демеушілер арқылы елді мекендердегі жеті мектепке құны 30 млн теңгеге жапсарлас ғимарат салынып, әжетхана орнатылды. Бұл жұмыстарға «Азия Групп Строй», «Адал арна», «Приоритет», «Раздольный», «Нұржол құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері мен «Мурзагалиев» жеке кәсіпкерлігі айтарлықтай қолдау көрсетті. Осылайша «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жергілікті меценаттар соңғы төрт жылда 55 жобаға 407,3 млн теңге қаражат бағыттады. Биылғы жылы «Авангард» ЖШС басшысы Мұрат Жәкібаев 60 млн теңге қаражат жұмсап, бес су қоймасын ретке келтірді. Ал
И. Енютин есімді кәсіпкер Шалғай ауылдық округіне қарасты Чамчиян көліне 10 млн теңге жұмсап, жөндеу жүргізді. «Сиротин» шаруа қожалығының басшысы Владимир Сиротин 18 млн өз қаражатына Шалғай-Карпов жолын қайта қалпына келтірді. Су айдындарының флора-фаунасын жақсартып, балық түрлерін көбейту мақсатында демеуші азаматтар өткен күзде және биыл көктемде балық шабақтарын өз қаражаттарына алып, айдынға жіберді.
– Берекелі тірлік бар жерде кесе-көлденең шығатын қиындықтардың да кездеcетінін жақсы білеміз. Белгілі бір жұмысты жүйелі жүргізу барысында қандай кедергілерге жиі тап боласыз?
– Әрине, жұмыс болған соң, қиындықтардың да кездесетінін жасыру мүмкін болмас. Кейбір істе қағазбастылық пен заңдылық тұрғыдағы қарама-қайшылық көп қолбайлау болуда. Бір ғана «Мемлекеттік сатып алу» заңының өзінде олқы тұстар көп. Аталған заң бойынша мемлекеттік сатып алуға салынған белгілі бір жобаны еліміздің кез келген компаниясы немесе мердігері ұтып алуға құқылы. Жақсы делік, қай өңірдің кәсіпкері ұтса да, өз еліміздің азаматы ғой. Жұмыс жасасын, пайда тапсын, қарсылығымыз жоқ. Бірақ сол мойындарына алған істі сапалы әрі уақтылы атқаруға келгенде түйткіл көп. Мұндай олқылықтарға, әсіресе өзге өңірден келген мердігерлер жиі жол береді. Егер сол құрылысты сол жерде туып-өскен, жергілікті кәсіпкер ұтып алған болса, елден, халықтан ұялғандықтан, қамшы салдырмай жасар еді. Біздің аудандағы жүргізіліп жатқан бірер құрылысты да өзге өңірлердің компаниялары атқаруда. Әрине, бәріне бірдей топырақ шашудан аулақпын. Олардың арасында да мойнына алған жұмысты жауапкершілікпен атқаратындары бар. Бірақ кейбіреуімен адамша сөйлесу мүмкін емес. Алған жұмысын атқаратын не дұрыс жұмысшылары, не техникасы жоқтар да кездеседі. Осы жаққа келіп адам жалдайды, оған ақшасын дұрыс төлемейді, еңбегін алмаған соң, ол компания да орта жолдан жұмысты тоқтатады. Сол себепті көптеген құрылыстың уақыты кешеуілдейді, сапасы төмендейді. Жергілікті адам болмағандықтан, олардан көп нәрсені талап ете алмайсың, билігің де жүрмейді. Басқа облыста тіркелгендіктен, олардың төлеген салығынан да ауданға еш пайда жоқ. Сондықтан осы кемшін тұстарды ретке келтіретін заңды түрде бір тетікті ойластыру керек. Тағы бір мәселе – жоспарланған құрылыс жұмыстарының кеш басталуында. Оның негізгі себебі – мемлекеттік сатып алуға қатысып, сол жобаны ұтқан және ұта алмай қалған компаниялардың өзара соттасуында болып отыр. Ұта алмай қалған компания ұтқан мердігерді сотқа береді. Ол сот үдерісі 5-6 айға созылады, содан құрылыс жай басталады. Әбден қара күз болғанда басталған жұмыста береке бола ма? Бұл орайда мен мынадай ұсыныс айтар едім. Сотқа берген компания жеңіліс тапса, міндетті түрде сол жоба құнының белгілі бір пайызын айыппұл ретінде төлету керек. Мейлі ол 10% бола ма, 20% бола ма. Сол кезде ға-на ұтылған компаниялардың барлығы бірдей сотқа шағымдана алмайды. Нәтижесінде жоспарланған құрылыс уақтылы басталады. Еліміздегі түрлі бағдарламалармен несие алып, мал өсірумен айналыса бастаған тұрғындарға жайылымдық жер тауып беруде де түйткілдер кездесуде. Шаруашылық құруды ерте бастаған кәсіпкерлерге кезінде бірнеше мыңдаған гектар жер берілгені жасырын емес. Соның салдарынан қосалқы шаруашылықпен айналысатын жандарға жер тауып беру қиындық туғызып отыр. Жасыратыны жоқ, кейбір кәсіп иелері түсіністік танытып, өзінен ауысқан жерлерін халық игілігі үшін кері қайтарып беріп жатыр. Жердің төңірегіндегі түйткілдер осылай шешілуде. Тағы бір айта кететін жайт, бірқатар ауылдардың мектептерінде қазақ сыныптары жоқ. Кей ауылдар балабақша мен мәдениет үйлеріне зәру. Алдағы ауқымды жоспарымыздың қатарында өзге ұлт өкілдері басым ауылдардағы мектептерден қазақ сыныптарын ашу бар. Сондай-ақ жеке инвесторлар тауып, балабақшалар мен мәдениет ошақтарын салуды жоспарлап қойдық. Жоғарыда айтылған түйткілдер оң шешімін тапса, ол да халықтың ауылдық жерлерге көптеп қоныстануына өзінің оң әсерін тигізері сөзсіз.
– Биылғы жылы ауқымды жұмыстардың атқарылғандығына жергілікті халық куә. Келер жылға деген жоспарларыңыз қандай?
– Шекарадағы ауылдарды бос қалдырмау, тұрғындарға жағдай жасау секілді бастамаларымызды өңір басшысы Ғали Есқалиев те қолдап отыр. Шалғай ауылдардағы басты түйткілдің бірі – жоғарыда айтып өткеніміздей жол мәселесі болса, екіншісі – сол жерлердегі білім беру орындарының жағдайы. Күні бүгін ауданның екі ауылындағы мектеп апатты жағдайдың аз ақ алдында деп танылып отыр. Дәл қазір Щапов, Жамбыл ауылдарынан жаңадан мектеп салу жұмыстары жүргізілуде. Ал Янайкин ауылындағы мектепке жапсарлас ғимарат салынуда. Бұл жұмыстар білім саласындағы бірқатар мәселелерді шешуі керек. Жоғарыда айтқанымдай, көп ауылдарда балабақша жоқ. Сол себепті мектеп табалдырығын енді аттаған бүлдіршіндер білім алуға дайын болмай шыққандығы анықталуда. Кейбір ауылдардағы мектептен босаған ғимараттарды жөндеп, балабақшаға беру жоспарлануда. Алдағы жылы Трекин, Январцев, Погадаев, Железнов, Переметный-Белес, Чиров, Макаров, Чувашкин, Октябрьское ауылдарына апарар жолдарды күрделі және орташа жөндеу көзделуде. Сондай-ақ Егіндібұлақ, Жайық, Щапов, Зеленое, Мичурин елді мекендерінің ауылішілік жолдары жөнделетін болады. Калинин, Володар, Трекин ауылдық клубтарын жөндеу, Садовое ауылының тұрғын алабына электр жарығын беру, су құбырын тарту жұмыстары да жоспарланып қойды. Трекин ауылынан 600 орындық мектеп салу, аталған елді мекенге жаңа қосалқы электр стансасын орнату жұмыстары атқарылмақ. Сонымен қатар Егіндібұлақ мектебі күрделі жөндеуден өтіп, Махамбет ауылына таза ауыз су жеткізілмекші. Айта берсек, жоспар көп. Бұл істердің сәтті жүзеге асуын келер жылдың еншісіне қалдырайық.
– Марат Лұқпанұлы, атқарылған, жоспарланған біраз игі істен хабардар болдық. Ел игілігі үшін жасалған жұмыстардың бағасын халық берері анық. Жеке тұлға, қарапайым адам ретіндегі ұстанымыңыз қандай?
– Аудан әкімі секілді жауапты лауазымға тағайындалған соң, әр адам шама-шарқынша жұмыс жасауға, сол өңір тұрмысының өркендеуіне, көркею жолына өз қолтаңбасын қалдыруға тырысады. Әрине, бәрі бірден жақсы болып кетпеуі де мүмкін. Басшының жұмысы жүйелі жүруі көптеген факторларға тікелей байланысты. Біріншіден, қасындағы командасының міндет-мақсаттары бір болу керек. Бала кезімізде атамыздан «Кесірім ұрпағыма тимесін» деген сөзді жиі еститінбіз. Сол сөздің мән-мағынасын өсе келе ұққандаймыз. Адам өзіне берілген аз ғана ғұмырда пендешілікпен шалыс басып, қателік жіберсе, соның зардабын өзі болмаса да, ұрпағы тартады екен. Әркім адал еңбек етіп, жаман атқа қалмай, ешкімнің ала жібін аттамай, мүмкіндігі келгенше еліне қызмет ету керек. Уақыт өте келе сол атқарған еңбегі елдің жадында қалса, онда өмірдегі мақсатыңның орындалғаны. Осындай жауапты қызметке сеніп тағайындаған соң, барымызша, қолымыздан келгенімізше жұмыс жасау керекпіз. Менің ұстанымым – осы.
– Уақыт тауып, сұхбаттасқаныңызға рақмет. Қызметіңіз жемісті болсын!
Нұрбек Оразаев,
zhaikpress.kz