Шағын ғана шілдехана тойы болып жатқан. Немере сүйіп, ата атанған көршісін құттықтай келген Ләмбеков шай дастарқаны аяқталды-ау деген шамада: «Сыртқа шығып, шылым шексек», – деген ұсыныс айтты. Үй иесі Мұсайыновпен екеуі веранда-сенеге шығар есікке қарай жақындай берген. Жарық дүниеге келгеніне бірер жеті болған нәресте шар ете түсті. Үй иесі жалт бұрылып, «Өй, көкесі, саған не болды?..» – деп бесікке қарай келінімен қабаттаса жүгірген. Сәл бөгелген қонақ көрші үй иесін күтпей, сенеге, одан далаға шықты. Қалтасынан шылымын ала бергені сол еді, өзіне қарай адымдай басып келе жатқан славян нәсілдес жігітті байқап үлгерді.
Жақындай түскен әлгі қойнынан суырған винтовканың затворын жүре қайырып, бұған қарай ұмсына берді. Ләмбеков:
– Ей, ты, что делаешь, брось ружье! – деп айқай салды. Шағын калибрлі «ТОЗ-8» винтовкасының үні болар-болмас тарс етті. Теңселіп кеткен Ләмбеков кейін қарай бұрылды да, сененің табалдырығынан аттай беріп, кескен теректей гүрс құлады. Сенеден жеткен айқайға үйдегілер жүгіріп шықты. Табалдырықта жатқан Ләмбековтің: «Мені атып кетті...» деуге ғана шамасы келді. Басын сүйей берген үй иесі Мұсайыновпен тілдесуге халі жетпеді. Мынау ызы-қиқы, қашты, қуды, қызылды-жасылды фәни дүниеге қош айтысқандай иегін қақты да, сұлқ түсті. Кейін анықталғанындай, құйтақандай қорғасын оқ кеуденің оң жағынан кіріп, жанды нүктелер мен қабырғаны талқандап, өкпені тесіп өтіп, омыртқаға барып қадалған екен.
Жаңа ғана шат-шадыманы шалқыған шілдехана ызы-қиқы жылап-сықтауға айналып жүре берді. Сол сәтте үй иесі Мұсайынов: «Бұл мені атуға келген біреу болар...» – депті. Сөйтсе, айға қарағандай айтқан екен...
* * *
Бүкіл Оралды дүр сілкіндірген бұл қылмыс милиция қызметкерлерін аяғынан тік тұрғызды. Қайтыс болған Ләмбеков қарапайым такси жүргізушісі еді. Ал ол қонаққа келген үйдің иесі құрылыс материалдарын сататын базада білдей бір қойманың меңгерушісі-тұғын. Тергеушілер таксопарк пен базаның қызметкерлерін қатарынан бір мезгілде жауаптың астына алып, мұрындарынан шаншылып жатты. Сондай күндердің бірінде, дәлірек айтқанда, анау қанды қылмыстан кейін арада 17 күн өткенде, 1992 жылдың 14 ақпанында құрылыс материалдарын сататын базаның алдына «Жигули» көлігі қайқаң етіп келді де, солқ етіп тоқтады. Ішінен түскен милицияның капитаны формасындағы ұзын бойлы, сұлуша орыс жігіті қызмет куәлігін көрсетіп, ішке суыт енді. Санаулы минуттардан кейін қойма аумағында жүрген Мұсайыновты тауып алып, куәлігін көрсетіп, өткендегі таксист азаматтың өліміне байланысты тергеу жүріп жатқанын, Мұсайыновқа тап осы қазір қалалық ішкі істер бөліміне жүруді мәлімдеді. Бұлтақ-сұлтаққа мұрша бермейтін әмірлі үнге мойынсұнбасқа амалы қалмаған Мұсайынов «Жигулиге» келіп отырды. Көліктің ішінде жүргізушіден басқа артқы орындықта бір жігіт жайғасыпты.
Бұл соның қасына отыра бергенде капитан көліктің алдындағы, жүргізушінің қасындағы орын бос болса да, оған отырмай, артқа, мұның оң жағынан қымтырыла отырды. Мұсайынов жаңағы жігіт пен капитанның ортасында қысылып қалды. Осыны күтіп тұрғандай «Жигули» де орнынан қабыланша қарғып, сәлден кейін Гагарин көшесімен орталыққа қарай зымырады. Көпірге жақындай бергенде, көлік оңға қарай жалт бұрылды. Тура көпірдің астында, «Янтарь» кафесінің жанынан салынғалы жатқан тұрғын үйдің қазан-шұңқырына түсті де, тоңқалаң аса жаздап, кілт тоқтады. Мұсайынов әлденеге сезіктеніп, «Куда мы приехали?..» – деп еді, оған ешкім үн қатпады. Көлік тоқтаған бойда оның тізгінінде отырған азамат артқы орындыққа қарай ошарыла бұрылып, қолындағы Макаров тапаншасын мұның ішіне тіреді. Айқайға басқан Мұсайынов есікке жармасқан. Бірақ үлгермеді... Тапанша тарс етті. Оқ Мұсайыновтың мықын сүйегіне тиген екен, манағы айқай айқай ма, жанталасқан дауыс енді көліктің ішін жарып жібере жаздады. Осы сәтте капитан: «Дурак, что ты делаешь?» – деп айқай салып, жүргізушінің қолындағы тапаншаны жұлып алды да, оның тұмсығын Мұсайыновтың оң жақ қолтығына тірей беріп, шүріппені басып-басып қалды. Бейшараның жанайқайы мен тарс-тарс атылған тапаншаның дауысын ешкім естімеді. Тек қазан-шұңқырдың шетіндегі теректердің бастарына қонған қарғалар ғана қанаттарын далпылдата сермеп, жанұшыра аулаққа ұшты... Жұлқына тыпырлаған Мұсайынов сәлден кейін қимылсыз қалды. Орнынан азынай қозғалған «Жигули» енді қаланың орталығына емес, кері бағытқа салды. Артқы орындықтағы екеудің ортасында былқ-сылқ еткен Мұсайыновтың жансыз денесі көліктің ішінде бірге кетті...
* * *
Орал әуежайындағы желілік милиция пунктінің бастығы, капитан Астраханкинді қызмет орнына түсіріп кеткен «Жигулидегі» екеу әрі қарай Теректіге асты. Капитан асығыс еді. Түсіп бара жатып, машинадағы екеуге «Атылған үш гильзаны тауып, маған әкеліп беріңдер, мүрдені өртеп жі-беріңдер!» – деді. Сол күні түн жамыла Федоров ауылынан 8 шақырым жердегі егістік алқапқа ұрлана келген екеу машинаның жүк салғышынан жансыз денені мықшыңдай көтеріп, әрең түсірді. Сұлтанов мүрдені әрі аударып, бері аударып, қалталарының бәрін тінтті. Марқұмның қалтасынан шыққан темір қалпақты қалам, пышақ және кілттерді сол жерге тастай салды. Одан әрі егін сабанын мүрденің үстіне үйіп, оған жанармайды шылқыта құйып, от қойған екеу «Жигулиге» отырып, табандарын жалтыратты. Қанішерлердің қанқұйлы істерінің ізін жалмаған от аспанға шапшып, біразға дейін басылмады...
* * *
Отыз жасар Молдағалиев пен Мұсайынов құрылыс материалдарын сататын базада екеуі екі қойманың меңгерушісі болатын. Соңғы кезде Молдағалиев Мұсайыновқа қызғанышпен қарай бастады. Өйткені оның қоймасында құрылыс материалдарының неше атасы бар. Ал мұның сататыны – ылғи сырлау материалдары сияқты кәкір шүкірлер. Мұсайынов қоймасының алды ертеңді-кеш келімді-кетімді кісіден бір арылмайды. «Материалдардың бағасын көтеріп сатып, пайдаға шаш етектен кенеліп жатыр-ау!» – деген ой Молдағалиевті күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырды. Тіпті бір күні Мұсайыновты «Табысыңмен бөліс!» – деп қыспаққа алып еді, анау өре түрегеліп, екеуі төбелесе жаздап, жұмыстастары әрең айырып алды. Молдағалиев енді оның көзін құртудың жолын ойластыра бастады. Ақыры өзінің танысы, Теректі ауданында құрылыс салумен айналысатын кооператив бастығы, бұдан сыр материалдарын алып жүретін Сұлтанов дегенмен ақылдасып көрмекші болды. Қырықтан асқан Сұлтанов осы жасына дейін әр түрлі қылмыстары үшін төрт дүркін түрменің дәмін татып оралған еді. Сондықтан оған көп мәймөңкелемей, «Ақшасын төлеймін, маған Мұсайыновтың көзін құртып бер!» – деді. Сұлтанов бәлсінбеді. «Қашан?» – деді. «Мен Оралда болмаған кезде, яғни іссапарға кеткен күндерімде көзін жой! Маған күдік келмеуі керек» – деп, Мұсайыновтың жұмыстан қайтатын уақытын, жүретін жолдарын, тұратын мекенін, бәрін-бәрін машинамен жүріп көрсетті, тәптіштеп түсіндірді. Содан бір күні Молдағалиев Өскемен қаласына іссапарға ұшты...
Ұшардан бір күн бұрын «заказчиктен» 7 мың рубль аванс алған «киллер» Сұлтанов Мұсайыновтың көзін жоюға бірден кірісті. Бірақ ол қолын қанға былғағысы келмеді. Бір кезде өзімен түрме-де бірге отырған Парфеновты «жұмысқа» тартты. «Еңбегіңді төлеймін» – деді. Сол бойда Сұлтанов Парфеновты «Жигулиіне» отырғызып алып, құрылыс материалдарын сататын базаға алып келді. Ондағы мақсаты Мұсайыновты Парфеновқа сырттай көрсету еді.
Мұсайынов база кеңсесінің алдында біреулермен шылым шегіп тұр екен. Сұлтанов: – Әне, анау тұрған Мұсайынов, – деді Парфеновқа. Басына бөрік, үстіне ақ жағалы, қалың джинси күрте киген азаматқа «Жигулидің» ішінде отырған Парфенов ұзақ тесілді. Қасындағылармен қаннен қаперсіз әңгіме-дүкен құрып тұрған Мұсайынов көліктің ішінен өзін бұрғылаған көздерді байқамады, түптің түбінде ол адамдардың өзінің жаналғыштары болатынын сезбеді...
Алайда арада екі-үш күн өткенде бұған дейін үш рет темір торда отырып келген Парфенов қорықты ма, ол да өзінің танысын жалдауды ұйғарды. Сөйтіп бұлардың қатарында бұрын екі рет сотты болған Каменев деген пайда болды. Оныңыз да көзінің нашар көретіндігіне қарамастан, ақша төлесе, кімнің болса да жанын жаһаннамға жіберуге әзір болып шықты. Оның үстіне осыдан он шақты күн бұрын біреуден шағын калибрлі «ТОЗ-8 » винтовкасын сатып алған еді. Содан бері әлгінің ұңғысына шыбын-шіркей ұя салып, үйде босқа жатыр... Парфенов бұл ойын Сұлтановқа мәлімдеді. Ол келісті.
1992 жылдың 28 қаңтары күні, кешкісін қараңғылық әбден түскесін Сұлтанов Парфенов пен Каменевті «Жигулиіне» салып алып, Мұсайыновтың үйіне алып келді. Тура қасына түсіріп, «Мен сендерді келесі көшеден күтіп тұрамын» – деп бұл тұстан аулаққа кетті. Винтовканы ұзын пальтосының ішіне тыққан Каменев Парфеновқа еріп, жүгіре жөнелді. Бұлар жүгіріп келе бергенде, межелі үйдің сенесінің жарығы жарқ етіп жанды. Іштен шыққан жігіт ағасы қалтасынан шылымын шығара берді. Каменев Мұсайыновты бұрын көрмеген, жүзін де танымайды, Парфеновтің айтуымен сырттай біледі. Жүгіріп келе жатқан Каменев шылым шеккелі жатқан азаматты нұсқап, «Сол ма?» – деді артына жалтақтап. Парфенов: «Сол, сол... Ат!» – деді ентіге сыбырлап. Әрі қарай не болғанын әңгімеміздің басында баяндадық қой. Мұсайыновтың көзін құрттық деген екеу бұл жерден тез зытты. Келесі көшеде күтіп тұрған Сұлтановтың көлігіне іркес-тіркес жүгіріп келіп, сүңгіп-сүңгіп кетті. Жұлқына қашқан көліктің ішінде неге екені белгісіз, Сұлтанов «Кәміл Мұсайыновты аттыңдар ма, дәл өзі ме?..» – деп қайта-қайта сұрады. Бұл екеуі екі жерден «Сол, сол» – деп безілдеп жатыр. Қан төгілген жерден аулаққа қашқан «Жигули» бір уақытта барып тізгін тартты. Сол жерде Парфенов пен Каменевке бір мың рубльден «еңбектерін» төлеген Сұлтанов бұларды көлігінен түсірді де, қарасын батырды...
* * *
Өскеменнен іссапардан оралған Молдағалиев жұмыста аман-есен шауып жүрген Мұсайыновты көргенде, шалқасынан түсе жаздады. Сол бойда Сұлтановпен кездесіп, дүрсе қоя берді. «Әй, сендер кімді аттыңдар, анау жұмыста жүр ғой...», Сұлтанов та шошып кетті. Ұзақ салғыласудан кейін Сұлтанов бұл «операцияға» мүлдем басқа адамды тартып, Мұсайыновтың көзін кәміл сол адамның ың-шыңсыз құртатынын айтып, ант-су ішті. Бұл жолы Сұлтановтың айтуынша, киллердің рөлін милицияның капитаны атқаратын болады. Соған сай «заказдың» құны да қымбат. 50 мың рубль! Молдағалиев келісті, сұраған ақшаны Сұлтановтың ала-қанына салды. Сұлтанов болса, өзінің келісімі бойынша 10 мың рубльге милиция капитаны Астраханкинді жалдады...
* * *
Бұл кезде жұмыста жүріп, ізім-қайым жоғалған Мұсайыновты жұмыстастары, жанұясы іздеп, сабылып жатты. Сондай күндердің бірінде Федоров ауылының маңайындағы егістіктің орнына мал жая шыққан малшы есік пен төрдей аумақта өртенген жердің үстінен шығыпты. Байыптап қараймын дегенде, адамның әбден күлге айнала жаздаған сүйектерінің елібін көріп, шошып кетеді. Сол бойда милицияға хабарлайды. Прокуратураның тергеушісі жанып кеткен сүйектердің ересек адамның сүйектеріне келіңкірейтінін бірден байқайды. Сараптама да сондай қорытындыға келді. Сол жерден табылған, отқа балқыған темір қаламның қалпағын, кілттерді, пышақты айғақ заттар ретінде тергеу материалдарына қосады. Кейін осынау заттарды Мұсайыновтың тума-туыстарына көрсеткенде, олар оны бірден таныды. Оқиға орнынан табылған заттарды ескере отырып, мұның Мұсайыновтың мүрдесі екендігіне тергеушілердің күдігі қалмайды. Бұл кездерде Ләмбековтың денесінен табылған оқ бойынша тергеу жүргізіп жатқан облыстық прокуратураның аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Николай Егоров оның қандай қарудан, қалай атылғанын және оперативтік-агентуралық каналдар арқылы ол винтовканың кімге тиесілі екенін анықтайды. Сөйтіп, ең әуелі, винтовканың иесіне шығуға мүмкіндік туған еді. Сол бойда 1992 жылы 27 наурыз күні Каменев тұтқындалды. Ол өз кезегінде өзі білетін мәліметтерді бірден жайып салды. Іле-шала сол 27 наурыз күні Сұлтанов, Парфеновтардың қолдарына кісен салынды. Күдіктілерді қарқынды тергеуге алған жедел топ және тергеуші Николай Егоров әрі қарай капитан Астраханкинге шықты. Ол 31 наурыз күні тергеу изоляторына қамалды. Арада екі күнге жетер-жетпес уақытта, 2 сәуірде «тапсырыс» иесі Молдағалиев тергеушінің сұрақтарына жауап беріп жатты. Бірақ қамауға алынғандардың қай-қайсысы да кінәні сыбайластарына аударып салуға жанталасты. Бұл кезде мұқият тексерілген Сұлтановтың «Жигулиінің» артқы орындығының арқалығынан оқ табылды. Бұл Мұсайыновтың денесін көктей өтіп, арқалыққа сіңіп кеткен оқ еді. Оның Макаров тапаншасынан атылған оқ екенін баллистикалық сараптама тайға таңба басқандай дәлелдеп берді. Анау Каменев болса, «Мен Ләмбековті өлтіргім келмеген, винтовка абайсызда атылып кетті» десе, Парфенов «Мен оған «Ат!» – деген жоқпын» – деп еңіреді. Молдағалиев те: «Мен жігіттерге Мұсайыновты өлтіріңдер деген жоқпын, тек қорқытып, таяққа жығыңдар» – дедім деп кінәсін жеңілдетуге жанталасты. Капитан Астраханкин болса, «Мұсайыновты мен атқан жоқпын, үш рет атқан Сұлтанов» – деп ол да жанын сауғалап қалуға барын салды. Айтпақшы, «Жигулиде» тағы бір азамат болып еді ғой. Мұсайынов артқы орындыққа келіп отырған кездегі машинадағы жігіт ше?.. Бұл сол Теректі ауданының азаматы еді. Жеті класс бітіргеннен кейін механизаторлықты қалап, тракторын айдап, еңбектеніп жүрген Сұлтанғалиев болатын. Сұлтановтың жақсы танысы. Анау қылмыс болатын күні ол ештеңеден хабарсыз болған. Қалаға Сұлтановтың көлігіне мініп, азық-түлік алып қайтуға жолға шыққан. Бірақ жолшыбай сонау сұмдық оқиғаға куә болып, тілі байланып қалған. Оның үстіне төрт рет сотталған, аса қауіпті рецидивист Сұлтанов «Дымыңды шығарма!» – деп қорқытқаннан кейін айтқанға көніп, айдағанға жүрген. Тергеуші Егоров бұл істі ақи-тақи тәмамдап, сотқа жолдады. Облыстық соттың үкімімен Астраханкин мен Сұлтанов ең ауыр жаза – атуға кесілді. Молдағалиевпен бірге Каменев, Парфеновтерді әр түрлі мерзімге бас бостандықтарынан айыруға үкім шықты. Ол уақыттағы заң бойынша іс кассациялық тұрғысынан жоғарғы сотта қаралып, үкім өзгеріссіз қалдырылды. Алайда көп ұзамай Жоғарғы соттың төрағасының орынбасары М.Малахов іске қадағалау талабымен наразылық келтірді. Нақтырақ айтқанда, осы қылмыстық істің ең басында тұрған ұйымдастырушысы Олег Молдағалиевтің іс-әрекеті дұрыс сараланбаған. Тергеудің, соттың, Жоғарғы соттың жіберген қателіктері мен олқылықтарын жою үшін іс оның барлық сотталушылары үшін толық бұзылып, қайта тергеуге жіберілді. Алға озыңқырап немесе бүгінгі күннің талабымен айтсақ, қазіргі күнде Жоғарғы соттың қадағалау жолымен наразылық келтіруге құқығы жоқ.
* * *
Бағанадан осынау қылмыстық іс туралы әңгімелеп отырған прокуратура құрылымдарының ардагері, заң кеңесшісі, сонау 90-жылдары аса маңызды істер жөніндегі аға тергеуші, аса маңызды істерді тергеу жөніндегі облыстық прокуратура бөлімінің бастығы болған Ғинаят Хұсайынұлы Салықов әңгімесін әрі қарай былай жалғастырды:
– Бұл іс менің өндірісіме тапсырылғаннан кейін тергеудің шаш етектен шаруасына күмп ете түстім. Бұл кезде осы іс бойынша сотталушылар еліміздің әр түкпірінде, колонияларда жазаларын өтеп жатты. Астраханкин мен Сұлтанов ату жазаларын күтіп, Алматы түрмесінде жатқан еді. Осылардың бәрін қайтадан Оралға алдыру үшін арнайы қаулы шығардым. Үш ай уақыт дегенде олардың бәрі этаппен Орал түрмесіне жеткізілді. Түсіндіре кетейін, сол уақыттағы процессуалдық заң талабы бойынша жәбірленушілерден, куәлардан, қайтадан жауап алып, іспен таныстырып, айыпталушыларға жаңадан айып жарияладым. Бұл дегеніңіз, қыруар уақыт, орасан күш-жігер мен шыдамдылықты талап ететінін мен саған түсіндіріп жатпайын. Бізде айыпталушы алты адам ғой. Соның бесеуіне пайдақорлық ниетпен, қасақана кісі өлтіру талабымен айып тақтым... Бұл дегеніңіз, Қылмыстық кодекстің 88-бабының, І тармағымен санкциясы ату жазасы көзделген. Соның ішінде Молдағалиевке 17, 88-баптардың І тармағымен, «а», «и» пункттерімен айып тағылды. Яғни Жоғарғы соттың талабын толық орындадым.
Тағы бір айта кететін жайт. Біз айтып отырған мынау аса ауыр қылмыстарды тергеу сол кезде прокуратураға жүктелетін. Ал 1995 жылғы Ата Заңымыздың 83, 84-баптарына сай, прокуратурадан тергеуді мүлдем алып тастады. Сол кезде мен де мұны дұрыс емес деп, үзілді-кесілді қарсы шығып, республикалық, облыстық ақпарат құралдарында жазудай-ақ жаздым, талай мәлімдеме жасадым. Менің және басқалардың пікірі Президент пен Парламентке жеткен ғой.
Сондықтан қазіргі кезде анау 83-бапқа өзгеріс енгізілді, ал 84-бап Ата Заңнан мүлдем алынып тасталды. Содан кейін Бас прокуратура мен облыстық прокуратураларда арнайы тергеу прокурорларының институты ашылды. Оларды бүгінгі біздің ізбасарларымыз десе де болады. Мен жас буын әріптестеріме қиын да жауапты жұмыстарына бүгінде ылғи табыс тілеп отырамын.
Сөздің тоқетері, прокуратурада қайтадан тергеуші институтын ашу керек...
– Ғинақа, сіз тергеу жүргізіп жатқандықтан, анау Астраханкин, Сұлтанов және тағы басқаларымен талай кездескен шығарсыз...
– Енді ше. Кездестім. Оның үстіне мен анау капитан Астраханкинді сержант кезінен танитын едім. Түрме ол нағашыңның үйі емес. Әбден мүжіліп, шаршап қалыпты. Сонымен 6-томға айналған (әр томы 250-300 бетке дейін барады, қазіргі заң бойынша бір том 150 беттен аспауы керек) істі бітірдім... Сол уақытта заң бойынша айыптау қорытындысын прокурор бекітпейді қазіргідей... Тергеуші істі сотқа өзі жолдай береді.
Айтпақшы, осы қылмыстың басында тұрған, «заказчик» Молдағалиев бола тұрса да, оның үстінде кәміл біреу болды-ау деген күдік болды. Мен Молдағалиевпен бірнеше рет кездестім... Тергеу кезінде. Оны шешіле сөйлеуі үшін жанды жерін табу керек болды. Жасырып қайтеміз?.. Бір күні маған түрменің бастығы телефон шалды. Молдағалиев менімен шұғыл кездесу сұрапты... Кездестік. Ол маған өлердей өтініш айтты. Мен өз кезегімде «Тергеуге бұған дейін жасырған шындығыңды айтасың ба?» – дедім. Ол келісті. Нақсүйер әйелі бар екен... Сонымен «свидание» сұрады. Ол тергеушінің құзырындағы зат қой. Кездесулерін заңи жолымен ұйымдастырдым. Бірақ ертеңіне Молдағалиев «Жанұямның амандығынан қорқамын» – деп білетінін айта алмай, айнып кетті...
Облыстық соттың үкімімен Молдағалиев, Астраханкин, Сұлтанов ату жазасына кесілді. Парфенов пен Каменев 15 жылға қатаң түрдегі түзеу колониясында жазаларын өтейтін болды. Анау Сұлтанғалиев екі жыл түзеу жұмысына сотталды. Сотталғандар Сұлтанғалиевтен басқалары Жоғарғы сотқа үкімді бұзуға шағым жолдапты. Бірақ Жоғарғы соттың қылмыстық істер жөніндегі сот коллегиясы 1994 жылғы 28 қыркүйекте істі қарап, үкімді сол күйінде қалдырды...
Енді ату жазасына кесілгендердің жанына тек ел Президенті Н.Ә. Назарбаев қана рақымшылық жасай алатын еді. Елбасы олардың арыздарын қарап, Молдағалиев пен Сұлтановтың арыздарын қанағаттандырған жоқ! Ал Астраханкин рақымшылықтан бас тартыпты. Президентке өтініш беріп «Прошу расстрелять меня как офицера!» – депті. Елбасы да ет пен сүйектен жаратылған адам ғой... Оған рақымшылық жасап, сот үкімді өзгертіп, ату жазасын айрықша колонияда қылмысын 20 жыл өтеуге айырбастап, соның ішінде түрменің ішіндегі түрмеде («крытка») бес жылын бөлек өтеп, қалған 15 жылын ерекше режімде колонияда өтеуге қаулы шығарған. Тағы да нақтылай түссем, Астраханкин анау барлық мерзімін толық өтеп, бостандыққа шығып, үш-төрт жыл өмір сүріп, 2017 жылы өлді.
Бұл іс бойынша кейін республикалық телеарна деректі телефильм түсірді. Тағы бір жәйтті айта кетейін, облыстық прокуратураның жауапты қызметкері Валентина Есқалиева БҚМУ-дың заң факультетінде осы істің желісімен жаттығу-тренинг өткізіп жүр.
Барлығы бес адамның өмірін жалмаған қылмыстық істің тарихы осы...
Құлаққағыс
Салықов Ғинаят Хұсайынұлы 1972 жылы ҚазМУ-дың заң факультетін тәмамдаған. Еңбек жолы Гурьев (қазіргі Атырау) қалалық, кейін облыстық прокуратураның тергеушісі, аға тергеушісі болып басталған. Облыстық прокуратураның прокурор-криминалисі. 1978 жылдан Орал облыстық прокуратурасында әр жылдарда тергеу бөлімінің прокуроры, аға тергеуші, аса маңызды істер жөніндегі аға тергеуші, маңызды істерді тергейтін бөлімнің бастығы, облыс прокурорының аға көмекшісі болып еңбек етті. Еліміздің наградаларына 7 дүркін ие болған. КСРО Бас прокуроры Роман Руденконың арнайы бақылауында болған аса ауыр қылмысты тергеп, ашқаны үшін 1995 жылы желтоқсан айында Бас прокурордың бұйрығымен алтын сағатпен марапатталған.
Бүгінде Ғинаят Хұсайынұлы 2007 жылдан бастап доғарыста. Бірақ әлі сапта, адвокат болып қызмет атқарып жүр.
Есенжол Қыстаубаев,
«Орал өңірі» газетінің арнаулы тілшісі
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер