25.05.2023, 9:30
Оқылды: 7

Бесаспап маманға жол ашық

Орал ақпараттық технологиялар колледжі – қаладағы кәсіптік білім беретін негізгі оқу  орындарының бірі. Былтыр мұнда 132 жас бес мамандық бойынша білім алса, олардың жұмысқа  орналасу  көрсеткіші  75%-ды  құраған. Ал биылғы  оқу  жылын  екі  мамандық  және  бес біліктілік  бойынша  163  шәкірт  аяқтағалы отыр. Аталған  екі  мамандықты  тарқата  кетсек, оның алғашқысы    есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету болса, екіншісі – техникалық қызмет  көрсету әрі жөндеу ісімен айналысу. Колледж әкімшілігі өз түлектерінің жұмысқа  тұруына жол  ашу ниетімен 35 әлеуметтік серіктестікпен арнайы келісімшарт жасасқан. Өткен апта соңында сол  ынтымақтастық аясында «Жұмыс  беруші  күні» ұйымдастырылды. 

IMG_0374   

Алғашқы кезекте колледж директоры Елдос Сафуллин мен оның орынбасарлары және мұғалімдер жиналғандарға мұндағы шеберханаларды аралатып, жаңа үлгідегі арнайы техникалардың көмегімен іске асырылып жатқан жұмыстарды таныстырды. Шеберлігі шыңдалған нағыз кәсіби мамандар өздері жетекшілік ететін салалар бойынша егжей-тегжейлі түсінік беріп, алдағы мақсат-міндеттерді де баяндады. Одан әрі өңіріміздегі компания өкілдері студенттермен кездесіп, ашық-жарқын әңгіме өрбіді. Мұнда алғашқы болып сөз алған колледж директоры Елдос Нәбиоллаұлы бұл жолғы жиынға «Фирмы Сервер +» ЖШС, «Арба» қоғамдық бірлестігі, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің «Зейнеткерлер мен мүгедектерге әлеуметтік қызмет көрсету» аумақтық орталығы, «TORUS.KZ», «Компания TRISTAR» ЖШС-лары, «Перепелкин А.Я.» жеке кәсіпкерлігі, «Altyn Car» және «IT Group Operating» ЖШС секілді әлеуметтік серіктестік жетекшілері мен өкілдері қатысып отырғанын айтты. Олар кезегімен өздері айналысып жатқан кәсіптері төңірегінде жан-жақты түсінік беріп, бесаспап маманға қай жерден де орын табылатынын жеткізді. Ол үшін үздіксіз ізденіс, адами қарым-қатынас, қалаған кәсіпке деген шынайы сүйіспеншілік қажеттігін алға тартты. Әңгіме арасында қазіргі күні аутоэлектриктердің айлық табысы 400 мыңнан асып жығылатынын естісек, қалада принтер жөндейтін маман тапшылығы да сөз болды. Жалпы студент-жастар алдымен жұмыс көзін іздеп, әйтеуір күн көрерлік табыс табуды емес, өз ісінің хас шеберіне айналып, сол арқылы ұжымының беде-лін арттыруды ойласа, ұтары көп екендігі тілге тиек етілді. Осы орайда жастар тарапынан біраз сауалдар қойылып, оларға тиісінше жауаптар қайтарылғанын да айта кетелік.

IMG_0356

Жиынға қатысқан облыстық білім басқармасы техникалық және кәсіптік білім беру бөлімінің әдіскері Тұрарбек Қиясов мұндай басқосудың тиімділігі мен жастарға бағыт-бағдар сыйлаудағы пайдасын атап көрсетіп, тәжірибеден өтуге жіберілген кейбір ұл-қыздар тұрақты жұмысқа қалдырылғанына нақты мысалдар келтірді. Айтпақшы, «Жұмыс беруші күні» аясында бірқатар әлеуметтік серіктестік басшыларына облыстық білім басқармасы мен «Атамекен» кәсіптік палатасы атынан алғысхаттар табысталды.

Бауыржан Бисенов,

«Орал өңірі» 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале