1930 жылдардың қазақ халқына әкелген зобалаңы аз емес. Әсіресе, 1929-1933 жылдардағы ашаршылық – қазақ халқын қаусатып кеткен қолдан жасалған қасірет еді.
Қазақстандағы ашаршылық 1925-1933 жылдары БКП (б) Қазақ өлкелік комитетіне бірінші хатшы болып Ф.Голощекин келуімен байланысты болды. Қазақстанда «Кіші Қазан» төңкерісін өткізу, «асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген ұран алапат ашаршылыққа әкелді. Бұл саясат қазақ халқына қасірет болды. Оған дейін Қазақстанда 40 млн. мал басы болса, 1929-1933 жылдарда одан 4 млн. қалды. Мұрағат құжаттары 1931-1933 жылдары Қазақстанда аштық құрбандарының саны 4 млн. 836 мың адам болғанын көрсетеді.
Қазақстан өлкелік партия комитеті ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Н.Ежов өзінің Сталинге жазған хатында «...Барлық қазақ кадрлары, коммунистер ұлтшылдықпен және жікшілдік күресінен уланған, олардың арасында дені сау партиялық күш жоқ» деп хабарлайды. 1937 жылы қуғын-сүргін жылдарда Қазақстанда 105 мың адам НКВД-ның қанды шеңгеліне ілініп, 22 мыңы атылып кетті. (Мәшімбаев С.М. «Қосөзен аралығындағы Қазталов ауданының тарихы», 2016 ж., 86-б.)
Енді тікелей өзімнің туған жеріме келейін. 1932 жылдың қорытындысы бойынша Қазталов ауданында мемлекеттік жоспар орындалмады, мал шаруашылығындағы іс оңбады. Колхоз тіршілігі кейін кете берді. НКВД «Қазталов ірік-шірігі» деп аталатын арнайы іс ашып, «аудан басшыларының қылмыстық іс-әрекетін әшкерелеген». Сөйтіп ауданда бірнеше адамға «халық жауы, байдың тұқымы және алашордашы» деп айдар тағылған.
1937-1938 жылдары саяси қуған-сүргінде аудан бойынша 93 адам тұтқындалды. Партия ұйымының хатшысы Боран Айтмағамбетов, Сейфіл Баушанов, Уәлихан Әжігереев, Хайып Жәрдемалиев және тағы басқа саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болды. Бұл 93 адамның тізімі 2008 жылы шыққан кітапта берілген. («Қазталов ауданы», Шежіре. – Алматы Арыс. 2008 ж., 174-183-б.)
Голощекиннің солақай саясаты 1931-1932 жылдары халықты аштыққа әкелді. Осындай жағдайдың ортасында жүрген жауапты қызметкерлер Ғабит Мүсірепов, Мансұр Ғатаулин, Мұташ Дәулетғалиев, Емберген Алтынбеков, Қауыр Куанышев 1932 жылы шілдеде Сталинге хат жазды. Бұл әйгілі «Бесеудің хаты».
Қазақ Атқару комитетінің өлкелік бақылау комиссиясы 1932 жылы 15 шілдеде хат мазмұнын қарап, оны «Қазақстандағы социалистік қоғам құру жетістіктерін қаралау, ұлт саясатындағы партия қызметін мойындамау, хат мазмұны, барлық іс-әрекет қазақ өлкелік комитетіне қарсы жазылған» - деген баға берді.
«Бесеудің хаты» жарияланғаннан кейін, 1933 жылы қаңтарда Сталин Ф.Голощекинді Қазақстаннан қайтарып алды. Оның орнына өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы болып Л.Мирзоян сайланды.
«Бесеудің хаты» авторларының тағдыры әр түрлі болды. Сол бесеудің бірі – Қазталов ауданының тумасы Мансұр Ғатаулин еді. Оның тағдыры басқаларына қарағанда өте қайғылы аяқталды.
Мансұр Ғатаулин 1937 жылы тұтқындалды. Күндіз үйіне НКВД тінту жүргізеді. Сол уақытта Мансұр телефон арқылы Жұмабай Шаяхметовты шақыртады. Жұмабай ол кезде Ақмола НКВД басқармасында жұмыс істеуші еді. НКВД қызметкерлері Мансұрдың пистолетін тәркілеп, тұтқындап, Алматы қаласының түрмесіне жеткізеді.
Сот материалдарын қарасақ, 1937 жылы Мансұр Ғатаулиннің сот процесіне күйеу баласы Айтбай Хангелдин қатысып отырған екен. Ғатау соттағы соңғы сөзінде залға қарап: «Мені соттаңдар! Бірақ мен де халық жауы емеспін», - деп сөзін жалғастырып, өзі сол заманда куә болған оқиғаны айтып береді.
«1932 жылы мен жұмыс бабымен Кент ауылына бардым. Ол Қарқаралыдан алыс емес еді. Мен машинадан түстім, айналада ештеңе жоқ. Тек қана анадай жерде мал қорасы тұрған. Қораның есігін ашып, ішке кірсем, өлген адамдардың денесі үйіліп жатыр. Мен сыртқа шықсам, адамдар жиналып қалыпты. Әлдене деп айқайлап жатыр, мен пистолетімді алып, аспанға оқ атып, оларды әрең тоқтаттым. Айналама қарасам, отта қазан қайнап жатыр екен, жақын барып, қазан қақпағын ашып қарасам, қазанда адамның ет-сүйегі қайнап жатыр екен. Кішкене баланың саусақтары мен бәшпайларын анық көрдім. Міне, осыдан кейін мен де халық жауы болдым!» – деп қайран арыс сөзін аяқтапты. («Послесовие к «Письмо пяти», «Казахстанская правда». 2003 г. 16 июля).
Мансұрдың соңынан әйелі Сақып, әкесі Тайт Алматыға келеді. Бірақ НКВД жолығуға рұқсат бермейді. Сот үкімі шығып, Мансұр «халық жауы» ретінде атылды.
Мансұр Ғатаулин 1903 жылы қазіргі Батыс Қазақстан облысы Қазталов ауданы Ағаш ауылы Нысамбай көпірі жанында малшы отбасында дүниеге келген. Руы – тама, әкесі – Тайт Гатаулин, шешесі – татар қызы Фатима еді. Қазталов ауылындағы шіркеу-приход мектебінде білім алған Мансұр 1933-1937 жылдары Ақмола өлкелік партия аппаратында, Қарқаралы қаласында өлкелік комитетінде қызмет атқарды. 1936 жылы қыркүйекте Ақмола аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болды. Ол өз заманының білікті азаматы еді. Советтің сол кездегі басшылары С.Киров, Л.Мирзояндар Мансұр Ғатаулиннің үйінен дәм де татқан екен. Алайда мұның бәрі арыстай азаматтың жалаға ұшырап, жазықсыз атылуына кедергі болмапты.
Бүгінде Қазақстандағы ашаршылық тақырыбын шетел тарихшылары да індетіп зерттеп жүр. Соған қарамастан нәубет жылдардағы қазақ тарихы толық зерттелмей келеді. XX ғасырдағы қазақ трагедиясы, соның аса қасіретті көрінісі – аштық мәселесі әлі де болса, жан-жақты, терең зерттеуді қажет етеді.
Серік Мәшімбаев,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың профессоры,
Қазталов ауданының құрметті азаматы