Бесінші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының үш тілде тизері жарияланды.
Әлемдік дода биыл 8-14 қыркүйек аралығында Астанада өтеді. Көшпенділер ойындарына 100-ден астам мемлекеттен 4000-ға жуық спортшы қатысып, 100 мыңнан астам турист келетіні жоспарланды.
Ат спорты, ұлттық күрес түрлері, садақ ату, жамбы ату, дәстүрлі интеллектуалды ойындар, саятшылық өнер, арқан тарту сынды ойынның 20 түрінен жарыс пен ұлттық өнердің 10 түрінен арнайы көрсетілім сайысы өтеді.
5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанаты «Астана-Арена» стадионында, жабылуы 10 мың адамдық «Қазанат» ипподромында өтеді. «Қазанат» ипподромы аумағында «Көшпенділер әлемі» этноауылы құрылады.
30 мың келушіні қабылдайтын этноауылда Қазақстан мен әлем елдерінің үздік қолөнер шеберлерінің көрме-жәрмеңкесі, шеберлік сабақтары, ақындар айтысы мен қазақ мәдениетін әйгілейтін қосымша түрлі іс-шара ұйымдастырылады.
Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ұраны - «Ұлы дала дүбірі».
Qazaqstan.tv