4.06.2021, 10:14
Оқылды: 50

Биіктік

Үлкендерден «биіктен көрін», «биігіңде бол», «биігіңде жүр» деген сөздерді сан мәрте естісек те, ескіден жеткен есті сөздің астарын енді түсінгендейміз. Бүгінде оң-солды танып, ой түйген жасқа келгенде, «биіктік» туралы ойлана бастадық. Егер жер бедерінің аласа-биігін табиғат жасайтын болса, адамның биіктігін тағдыр ұсынады екен. Сол тағдыр ұсынған биіктікте өзіңді көру, бағындырған биіктіктің қадірін біліп, оны ақыл-парасатпен алып жүру тірі пенде үшін қиынның-қиыны екені тағы белгілі. Қазаққа бабадан, тал да қалды, сөз де қалды. Сол бабадан қалған қанатты сөздің бірі «үлкен адам болу үшін, үлкен арман керек» дегенге саяды.

7961B6D7-F28D-4DB3-B68D-7DFEC5AAEB29

Биіктік адам қасиетінің жоғары сатысы десек, Нәжімеден ағаның биіктік сатысында қолтаңбасы ғана емес, мұратты ізі қалғаны тағы белгілі. Оны кешегі жанына ілескен жора-жолдастары ғана емес, кейінгі толқын інілері де жақсы біледі. Балалық бал дәурені Қиғаштың бойын қиялай шауып, тал шыбықты атша мініп дүркіреп өтті демесе де, «Атасы бардың жотасы» бар дегендей, атасы Есқалидың өзін көріп, сөзін терген, балғын күндер өте шықты. Соғыстан кейінгі ауыр тұрмыс қарапайым еңбек адамдарын күнделікті тірлік-күйбеңде өмір ұмтылысына жетеледі. Қазақта «Өзен жағалағанның өзегі талмайды» деген қанатты сөз бар. Балықшы отбасында тәрбие алған Нәжімеден аға ел мен жердің қасиетін ерте аңғарды. Атасы Есқалидың жігіт шағында қазақтың біртуар азаматы Мақаш Бекмұхамбетовтың (ел ішінде Мақаш правитель атанған-З.Ш.) жолсерігі, көзі ашық, көкірегі ояу азамат болғаны үлкендер әңгімесінен бүгінге жетті.

Атасы Есқали тірлікте балықшылықты кәсіп етіп, тұрмысында қарапайым қазақылық пен мұсылмандық дәстүрді ұстанды. Ал әкесі Ықсан соғыста алған жарақатына қарамастан отбасы тірлігінде бір адамдай еңбек етті. Бала Нәжімеден болса, атасы мен әкесінен алғаш сауаттылық ілімді танып қана қоймай, рухани және азаматтық сабақтарды қатар алып, болашақтың баспалдағын қарапайым отбасынан бастаған еді. Осылайша, білім мен өнерді қазақи ауылда үйренген бала Нәжімеден қазақтың күй өнерінде жастайынан тыңдап өсті. Ол кезде қазақтың әр үйінде қасиетті қара домбыра бойтұмардай ілулі тұратын. Есқалиевтер әулеті де қазақтың төл өнерін өзгелерден кем білмеді. Әкесі Ықсан ауылға аты жайылған күйші болмаса да, анда-санда қара домбыраны қолына алып, көңілді тербеп бір сәтте бірнеше күйді тарта алатын ортаңқолды домбырашы еді. Әке өнері балаға қонды. Нәжімеден ағаның қара домбыраны қолына алып, шертіп отырған мезетін көргенім бар, «Әке, көрген оқ жонар» деген осы шығар. Осылайша, Байбек селолық жетіжылдық мектепті бітірген соң, Астрахан педагогикалық училищесіне түсіп, еңбек жолын мұғалімдіктен бастаған Нәжімеден аға қосымша ауыл шаруашылығы техникумын сырттай бітіріп алды. Алайда  арман-мақсаты жоғары Нәжімеден аға 1961 жылы бар болғаны 20 жасында Қазақстан қайдасың деп, Алматыға келеді. Осы тұста Нәжімеден ағаның туған жер, туған ел туралы түйгені молайып, «Ит тойған жеріне, ер туған жеріне» деген қанатты сөзді мұрат ету кезеңі басталды. Бастаудың  басы Алматы қаласы болса, ағаның тұлғалық өсу және мәртебелі биіктеу кезеңі Орал өңірінен басталды. Осылайша, ағаның азаматтық келбетінің толысуы, ақыл-парасат кеңдігі мен қарым-қайраткерлігі республикалық деңгейден, одақтық, тіпті халықаралық деңгейге көтерілгені бүгінгі батысқазақстандықтарға мақтан еді. Нәжімеден ағамен жақын әңгімелесу, жүзін барлап, ойын тыңдау жеңіл болатын. Өйткені әңгімені ортаға тастасаң болды әрі қарай өзі өрбітіп, тіпті өзіңді жетелей алатын шеберлігі таң- ғалдырды. Әсіресе айтар сөзін ойында илеп, көмейінде уатып, кейбір, естімеген сөздердің өзін жұп-жұмыр жеткізетін шебер суреттеушілік қырының барлығы бірден байқалады. Әрине, ағаның әдебиет, тарих, философия секілді әдеби-ғылыми кітаптарды талай ақтарып, жиі оқығаны белгілі десек те, ағаның авторлығымен бірнеше кітап пен жазбаның оқырманға жол тартқаны енді ғана айтыла бастаған қырларының бірі. Осы арада оның өзгелерден ерекшелігі, басшылық пен ғылымды қатар ұстауы дер едім. Ағаның ғылымға бет бұрысы сонау институт қабырғасында басталып, кейін, ғылым мен шаруашылықты қатар игеру іс жүзінде жалғасты. Алғаш Талдықорған облысында жүргенде «Соя өсіру» тақырыбы бойынша ізденуші болса, кейін Мәскеу академиясында «Қазақстанның ауыл шаруашылығы жерлерінің еңбек ресурстары» тақырыбында ізденістерін жүргізді. Одан соң Орал облысына келгенде де, ғылымнан қол үзбей «Етті малды бордақылау» тақырыбында ғылыми ізденістерін жалғастырды. Ғылыми  ізденістері, қандай да бір ғылыми атақ әкелмесе де, ауыл шаруашылығы саласында қандай да бір еңбек өнімін арттыруда оң нәтиже берді. Соның бірі Нәжімеден ағаның ғылыми ізденістері нәтижесінде өсірілген талдықорғандық сояның Мәскеу төрінен табылуы дер едік. Егер ғылым жолына шынайы бет бұрғанда, бүгінде Қазақстанға белгілі ғалымдар санатында академиктер қатарын толықтырар еді.

Алайда өзін шаруашылықта көрген ол ғылымды атақ үшін емес, өзі басқарып отырған шаруашылықтың пайдасы үшін ізденді. Осылайша, ғылым мен шаруашылықты қоса меңгерген Нәжімеден аға кейін, партиялық басшылыққа келді. Бұл 1986 жылдың мамыр айы болатын. Алғаш партиялық тәжірибені сонау студенттік кезде жинай бастаған оның есінде қалғаны өткен ғасырдың 60-жылдары Мәскеуде білім алып жүрген бір топ қазақ жастарының «Жас тұлпар» атты ұйым құрып, онда қазақ халқының тұрмысын, тілін, шет жерлерден қазақтарды Қазақстанға қайтару секілді саяси көзқарастарының сол кезде партиялық жиындарда басы ауыртқан  мәселе ретінде көтерілгені еді. Осылайша, көргені мен түйгені мол Нәжімеден Есқалиев 45 жасында Батыс Қазақстан облысының партия комитетіне жетекшілік етті. Бұл кезең кеңестік қоғамда жарияланған «демократия», «жариялылық», «пікірталас» атты, партиялық ұрандардың кең етек жайған, яғни жаңа саяси көзқарастар мен жаңа экономиканы халық тұрмысына қолданудың жаңа бағытын айқындаудағы  идеялар күресі болатын. Қазақи түсінікпен айтқанда, «кіл мықтыдан, кім мықтыны» таңдау еді. Осы тұста уақыт талабы саяси көшбасшылық, дүниетанымдылық, жаңа көзқарас пен саяси жағдайда дұрыс шешім алу сияқты құндылықтарды қажет етті десек, Нәжімеден Есқалиевтен сол төрттіктің табылған тұсы болатын. Осы кезде кеңестік саясаттың салдарын ерте аңғарып, ішкі және сыртқы саясатта өршіген өшпенділікті ауыздықтап, салиқалы да, салмақты азаматтар әр тараптан бой көрсетіп, тарих сахнасына шыға бастады. Әсіресе, кеңестік жүйеге қарсы 1986 жылғы Алматыдағы Желтоқсан  жастар көтерілісі, 1989 жылғы Жаңаөзендегі қазақтар наразылығы  мен 1991 жылғы Оралдағы қыркүйек оқиғалары кімнің-кім екенін танытқан, тарих үшін тәлімі мен тағылымы мол  күрескерліктің үлгісі болды. Осы тұста елім-жерім деген, азаматтар ұранға шығып,  ел тұтастығы, халық бірлігі жолында өздерінің азаматтық бейнесін қоғамда ашық көрсете бастады.  Бұл, әрине, жақсы құбылыс десек, сол құбылыстардың басында көш бастағандардың бірі – Нәжімеден Есқалиев болатын. 1991 жылғы қыркүйектегі ұлт-араздық теке-тірес бүгінде айтуға оңай, жазуға жеңіл болғанмен, сол тұста өңірді басқарған Нәжімеден Есқалиев пен барша батысқазақстандық үшін аса күрделі, шешімін тез таппаса, халыққа қан төктіру мақсатын көздеген арандатушылардың іс-әрекеті екені енді ғана жазыла бастаған шындықтардың бірі еді. Бүгінде мәлім 1991 жылғы Кеңестер одағын тарату мақсатында болған «тамыз» төңкерісінен кейінгі жағдай халық үшін де, қоғам үшін де аса тұрақсыз еді.

Сол тұста Одақ жергілікті биліктің мәселелерін шешуді оңтайластырудың орнына, керісінше ушықтыра түсті, жоғарының күші жергілікті билікті тек бақылап қана отырды  десе де болады. Осы тұста барлық шешімді алу, қадағалаумен орындау, өңірлік бірінші басшылардың саяси ұстанымы мен ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында атқарылып жатты. Міне, осы тұста Нәжімеден Есқалиевтің қарымы мен қабілеті арқасында, жергілікті билікті күшейту, халықтар достығын нығайту, өңірдің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси дамуының алғы шарттарын жасауы, үлгі боларлық тұлғалық қасиетінің бірі еді. Тарихтан белгілі бір қоғамдық формациядан екіншісіне өту қашанда ұлтараздықты өршітіп, халықтар арасында қантөгіс соқтығысын тудырып отыратыны белгілі. Бұл арада тағы да Нәжімеден Есқалиевтің қайраткерлігі мен күрескерлігі көрінді. Әсіресе, өңір басшысының бейбіт саяси ұстанымы, халықпен (қазақ, казак, орыс, украин, дін өкілдері, ақсақалдар алқасы т. б.) бейбіт келісім жүргізу нәтижелерінің дөңгелек үстел форматында өзара пікір алмасуы арандатушылықтың алдын алды. Осы тұста өңір басшысы ретінде оның әр ұлттың өкілдерімен жекелей кездесіп, қарапайым халықтық кеңес оздырып, көпшіліктің өтініштері мен талаптарын тыңдап, көпті сабырға шақыруы нағыз күрескерлік еді. Тіпті бұрын-соңды партияға «жат» деп келген дін өкілдерін сол кезде саяси-қоғамдық тартысқа шақырып, халықтар арасына көпір ретінде пайдалануы және ұтымды қолдануы партия тарихында бұрын болмаған тың идея, жаңа бастама болатын. Кейіннен Есқалиев салған сара жол, яғни  дін өкілдерін саяси-қоғамдық жұмыстарға тарту қазақ қоғамында кеңінен пайдаланылды.

Осылайша, басшы Есқалиев, дін өкілі владыко Антоний және молда Зайнолла Оралдағы қыркүйек оқиғасының қантөгіссіз өтуіне мұрындық болды. Өзінің басшылық биік сатысында жүріп, талай шәкірт тәрбиелеген Нәжімеден Есқалиевтің азаматтық келбеті мен қайраткерлік жолы бір әулет емес, бүтін қазаққа үлгі боларлық тағылымды өмір. Алайда бүгінгі ұрпақ Батыс Қазақстан өңірін 1986-1992 жылдары басқарған Нәжімеден Есқалиевті өңірдің әлеуметтік-экономикалық  және қоғамдық-саяси дамуына үлесін қосқан білікті басшы, қоғам күрескері ретінде қаншалықты таниды? Жауабы жоқ, үлкен сұрақ.  

Жалпы, халық түсінігінде Нәжімеден Есқалиевтің басшылықтағы күрескерлік  кредосы «Әлсіздердің алдында әлсіз болу, күштілердің алдында күшті болу» дегенге саяды. Ол өзінің өмірлік ұстанымын қай жерде, қай қызметте жүрмесін, зейнеткерлікке шыққанға дейін, берік ұстап өтті десе де болады. Қорыта айтқанда, тағылымы терең, қызметі үлгі, күрескер Нәжімеден Есқалиев осындай тұлға.

Зұлқожа  

Шарафутдинов,

тарихшы-қоғамтанушы,

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале