5.10.2021, 9:30
Оқылды: 112

Биленбеген вальс

Өлеңін жазған: Талғат Мықи

Әнін жазған: Орынбек Меңдіқұл

A01ECAD5-710B-4E2E-8761-DA38C7B062CF

Тап болған біздің заманға,

Жалпыға сенсің – жалқы бақ.

Би кешіндегі алаңда,

Жалғыз сен тұрдың жарқырап.

Жас жігіт едім... не білем,

Жасауға батпай өтініш.

Билей алмадым сенімен,

Биледі мені – өкініш!

 

Қайырмасы:  

Әлі де маған әлжуаз үміт алданыш,

Сағымдай сәттер сағыныш болып қалды алыс.

Жаным-ау, сенің жаныңды тербей ала ма,

Жанымнан менің жаңғырып шыққан жандауыс.

Қолымнан келмей болуға саған қорғаныш,

Тоңдырды мені тоң болып қатқан толғаныс.

Үйлендірмейді өзіңнен басқа аруға,

Үйренбей қалған,

Биленбей қалған сол вальс.

 

Бағыма сені баладым,

Бір тәтті сезім бүр атып.

Ұрланып сосын қарадым,

Ұялғаныңды ұнатып.

Басқаға үміт септің сен,

Таранып сұлу тотыдай.

Ұры көзімнен кеттің сен,

Ұлы сезімді оқымай...

Қайырмасы 

 

Талғат Мықи:

0A51EA9E-EC40-4202-A67D-D6733E532271

– Мені әуелі Бауыржан ағаның кітабының «Биленбеген вальс» деген атауының өзі елең еткізді, ерекше атау екен. Сосын кітаппен аттас әңгімені оқығаннан кейін өлең құйыла бастады. Сол сәтте біразырақ күн бұрын Орынбектің бір әуенді домбырамен ыңылдап жүргені есіме түсті де, «Ертең Орашқа жолығу керек» деп ойладым...

Орынбек Меңдіқұл:

824DAD34-69E2-4CFC-BABC-ED1A7491B416

– Талғат ағаның сиясы кеппеген су жаңа өлеңінің

«Үйлендірмейді өзіңнен басқа аруға,

Үйренбей қалған, биленбей қалған сол вальс» деген жолдары мен ыңылдап жүрген әуенмен дөп түсті. Қалған шаруаны Талғат аға екеуміз қатар отырып, әрі қарай өрбіттік...

Әділ Ахметов:

6DA67C78-F98F-4B9B-B0C8-504F289FB923

–    Екі ағам «Осындай ән жазылды, өзің орындап, бізге  уатсаппен  салып  жіберсең»  деп  ұялы  телефонмен  қолқа  салды. Олар  хабарласқанда  ақын  Райымбек  Өтепов  екеуміз  біріміз  домбырамен,  біріміз  гитарамен  ыңылдап,  ән  айтып  отырғанбыз.  Ағаларымның  айтқандарын  екі  етпей  орындадым.  Өйткені  «Биленбеген  вальстің»  өлеңі  де,  әуені  де  бірден  көңіліме  қона  кетті.  Бүгіндері  бұл  ән  әлеужелі  арқылы  әлеуметке  тез  тарап,  мақтаулы  лебіздер  үсті-үстіне  айтылуда,  қуаныштымын!

Бауыржан  Ғұбайдуллин:

FD0A69EA-B97C-4522-AE1B-055C77C2BC97

– Прозалық шығарманың әсерімен өлең, ән жазылуы өте сирек құбылыс. Сөйте тұра, мұндайда ең алдымен Шыңғыс Айтматовтың «Шынарым менің, шырайлым менің», «Жәмила» және «Қош бол, Гүлсары» повестерінің әсерімен Ілия  Жақановтың «Әселім – әнім», «Асылым», «Даниярдың әні», «Жәмиланың әні», «Бибіжан» деген бірінен-бірі өткен керемет әндер жазғаны еске түседі.  Жаңа ән көптің көңілінен шығып, ел-жұрт жиі  шырқасын деген тілек айтамын!

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале