Бүгін Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының қолдауымен облыстық білім басқармасы және білім беруді дамыту орталығының ұйымдастыруымен «Білім берудегі инновациялар және мобильдік» тақырыбында республикалық онлайн форумы өтті.
Шара Ы.Алтынсариннің 180 жылдығы мен Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай білім берудегі инновациялық қызметтің әлеуметтік-педагогикалық құбылыс ретінде мәселелері мен қажеттілігін анықтау және іске асырылуын талқылау мақсатында ұйымдастырылды. Форумға отандық ғалымдар, ЖОО оқытушылары мен магистранттары, білім беру ұйымдарының басшылары, әдіскерлер, мектеп мұғалімдері мен мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту саласының педагогтері тартылды.
Форумның ашылу салтанатында сөз алған облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Светлана Темірғалиева құттықтау сөз сөйлеп, шараның маңыздылығына тоқталды. Бұдан әрі Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының президенті Ғани Бисенбаев педагогтардың мәртебесі туралы сөз қозғады.
- Қайырлы күн, әріптестер! Биыл Ы.Алтынсариннің 180 жылдығы аясында республика көлемінде түрлі іс-шаралар өтуде. Бүгінгі конференцияның «Білім берудегі инновациялар және мобильдік» деп аталуының өзі форумның маңыздылығын одан әрі айқындай түсті. Қазіргі жаһандану дәуірінде жаңа технологияның қарқынды дамуы өмірімізге елеулі өзгерістер әкелуде. Білім саласына қойылатын талаптар мүлде өзгерді. Сапалы білім мемлекеттің қарқынды дамуының басты шартына айналды. Болашақ бәсекеге қабілетті ұрпақты тәрбиелейтін педагогтар қауымына зор жауапкершілік жүктелуде. Осы форум озық тәжірибе алмасу алаңы ретінде республикалық деңгейде педагогтарымыздың өзара инновациялық технологияларды зерделеуін, пікір алмасуын, тың идеялармен бөлісуді көздейді. Ы.Алтынсарин қазақтың ағартушылық тарихында және ұлттық мектептің қалыптасуына терең із қалдырған адам. ХХІ ғасырдағы білім беру жүйесінің стратегиялық дамуында Ы. Алтынсариннің идеялары құнды орын алады. «Білімдіден шыққан сөз, талаптыға болсын кез» деп ұлы Абай айтқандай, ұстаз ол әрқашан білім мен ізгілікті алға қоятын тұлға. Ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу аса жауапты әрі күрделі іс екені белгілі. Қазақтың ХХ ғасырдағы белгілі ағартушысы Ж.Аймауытов қазіргі қазақ мектебіне қажеттісі тек білім беруші мұғалім ғана емес, баланы өмір сүруге үйретуші ұстаз деген екен. Бұл сөзінің мәні әлі күнге дейін өз маңызын жоғалтқан жоқ. ХХ ғасыр ғылым мен білімнің қарыштап дамыған ғасыры екені білеміз. Сондықтан бүгінгі ұстаз шәкірттеріне тек ғылым негізіндерінен мәлімет беріп қана қоймай, оны дүние жүзінің ақпараттық экономика кеңістігіне шығуына, қатаң бәсеке жағдайында өмір сүріп, еңбек етуге дайындайды. Бұл істе нәтижеге қол жеткізу мұғалімнің өзінің жан-жақты білімдарлығы мен тұтас дүниетанымының, ой-өрісінің кеңдігімен тікелей байланысты, - деп атап өтті Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының президенті Ғани Бисенбаев форум барысында.
Форум үш трек бойынша жалғасты. Оның алғашқысы «New generation, new education» педагогикалық қонақ бөлмесі. Мұнда білім берудегі жаңашылдық пен озық әдіс-тәсілдердің, инновациялық идеялардың іс-тәжірибеде қолданылуын талқылап, ой бөлісті. Ал «Білім берудегі лайфхак» стратегиялық сессиясында мұғалімдер үшін білім беру процесін оңтайландыруға ықпал ететін лайфхактар ұсынылып, талқыға салынды. «Experience, Innovation, Mobility» ашық кейсінде заманауи білім берудегі мобильділік пен инновациялық технологияларды пайдаланудың REAL PICTURE (шынайы көрінісі) туралы түсіндірілді.
Республикалық форум аясында техникалық және кәсіптік білім беру бағыты бойынша ынтымақтастық меморандумына қол қойылды.
Ләззат Шағатай,
zhaikpress.kz