Осыған дейін «Балалар жылы» аясында білім басқармасы мен «AQJAYIQ» телеарнасының бірлескен «БІЛІМ – HIGH» телевизиялық зияткерлік жобасының финалы өтіп жатқанын хабарлап едік.
Шараға оқушыларды облыс әкімі Ғали Есқалиев те қолдап келді. Сәтті жүзеге асқан жобаның финалымен құттықтап, маңыздылығына тоқталды.
- «Балалар жылы» аясында білім басқармасы мен «AQJAIYQ» телеарнасының бірлесіп жасаған қызықты әрі маңызды «BILIM HIGH» облыстық телевизиялық жобасы мәресіне жетті.
Мен бұл жобаны YouTube-тан қарап, «Білім марафоны», «Аламан», «Эрудит» турларында ойлау қабілеттерімен ерекшеленген балалар бар екенін байқадым. Сонымен қатар мені оқушылардың жалпы дүниежүзілік, ұлттық мәдени-тарихи деректерді жетік білетіні қуантты.
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Білім – бір құрал. Білімі көп адам - құралы сай ұста сияқты. Не істесе де келістіріп істейді» деген сөзі білімнің ең биік шыңын бағындырған адам қай салада болса да, шебер болатындығын дәлелдейді. Менің ойымша осындай жобалар балалардың жақсы қырын ашып, тәжірибе жинауға мол мүмкіндік береді.
Сондықтан осындай жобалар оқушылар арасында білімге деген қызығушылықты арттыра отырып, білім платформасындағы бәсекелестікті күшейтуге ықпалын тигізеді деп ойлаймын.
Бұл сайыс оқушылардың зияткерлік дағдысы мен ізденімпаздылығын, командалық бірлікті, көшбасшылықты шыңдайтын маңызды жоба.
Сайыс барысында қатысқан барлық оқушылар жеңімпаз болуға лайықты деп білемін.
Сонымен қатар біздің өңірдің оқушылары түрлі халықаралық, республикалық олимпиадаларда жүлделі орындарға ие болып, жақсы нәтиже көрсетуде. Жетістікке күнделікті еңбек пен білім арқылы ғана табысқа жетуге болады. Біз сіздердің әрбір жетістіктеріңізді мақтан тұтамыз, сіздердің алар асуларыңыз әлі алда!, - деді облыс әкімі Ғали Есқалиев.
Сонымен Бөрлі ауданынан келген "WestTrend" командасы жобаның жеңімпазы атанды. Әр қатысушыға диплом және сыйлыққа ноутбук берілді.
Финалға дейін сүрінбей жеткен "Білім-инновация лицейі" ІІ орынға ие болса, үшінші орын Қаратөбе ауданының командасына бұйырды. Сыйлықтар мен дипломдар табысталды.
Динара Насыр,
Сурет: Гүлмира Сәрсенғали
zhaikpress.kz