21.05.2025, 12:00
Оқылды: 176

Білім мен денсаулық – басты назарда  

Таяуда «AMANAT» партиясы облыстық филиалы жанындағы білім беру мен денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі облыстық кеңестің кезекті отырысы өтті. Мәжіліс облыстық филиалдың ғимаратында ұйымдастырылып, жиынға кеңес мүшелерімен қатар облыстық деңгейдегі тиісті басқармалар өкілдері қатысты. Кеңеске төрағалық еткен білім беру мен денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі облыстық кеңестің төрағасы Әліби Баяхов отырысты ашып, қатысушыларды күн тәртібімен таныстырды.

 WhatsApp Image 2025-05-16 at 12.22.42

Кеңесте халықтың өмір сүру ұзақтығын арттыру мәселелері, колледждерге бөлінетін мемлекеттік тапсырыс көлемі, мектептерді заманауи жабдықтармен қамтамасыз ету, оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыру және «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан құрылыс жобалары талқыланды.

Алғашқы мәселе бойынша облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлнара Әбдірахманова баяндама жасады. Ол өңір тұрғындарының өмір сүру ұзақтығын 70,5 жасқа жеткізу мақсатында атқарылып жатқан шараларға тоқталды. Профилактикалық жұмыстарды күшейту, алғашқы медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру және скринингтік тексерулерді уақтылы жүргізу қажеттілігі айтылды.

– 2024 жылы Қазақстан халқының орташа өмір сүру ұзақтығы 75,44 жасты құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда өсім барын көрсетеді. Қалалық тұрғындар ауылдықтарға қарағанда ұзақ өмір сүреді. Ерлер мен әйелдер арасындағы айырмашылық та айтарлықтай: ерлер – 71,33 жас, әйелдер – 79,42 жас. Батыс Қазақстан облысы бойынша 2024 жылы өмір сүру ұзақтығы 74,08-ден 74,17 жасқа дейін артты. Бұл – жүргізіліп жатқан скринингтік тексерулер мен ауруларды ерте анықтау бағытындағы жүйелі жұмыстардың нәтижесі. Мәселен, қан айналымы жүйесі, қант диабеті, глаукома секілді сырқаттар бойынша 2024 жылы скринингтен 63 мыңнан астам адам өтті. Қан айналымы жүйесі аурулары 6600-ден астам адамнан анықталды, оның ішінде артериялық гипертензия мен жүрек аурулары басым. Қант диабетінің 844 жаңа жағдайы тіркелсе, глаукома 239 адамда анықталды. Онкологиялық аурулардың ішінде әйелдер денсаулығына қатысты 3 бағытта – сүт безі, жатыр мойны және тоқ ішек обырын ерте анықтауға арналған скрининг жұмыстары белсенді жүріп жатыр. Сүт безі обыры – 89 әйелде, жатыр мойны обыры – 11 әйелде, ал тоқ ішек қатерлі ісігі 28 адамда ерте сатысында анықталды, – деген Гүлнара Әбдірахманова 2025 жылға жоспарланған мақсат-міндеттермен бөлісті.

Келесі мәселелер бойынша сөз Батыс Қазақстан облысы білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ақжарқын Темірхановаға берілді.

– Құрметті әріптестер, қазіргі таңда облысымызда 35 колледж жұмыс істеп тұр. Онда 15 мыңнан астам студент білім алады, олардың 68,3 пайызы, яғни 10 713 студент мемлекеттік тапсырыс негізінде оқуда. 2025-2026 оқу жылына 4000 орынға мемлекеттік тапсырыс бекітілді. Өңіріміздің сұранысына сай 70 мамандық пен 112 біліктілік бойынша кадр даярлау жалғасып жатыр. Сонымен қатар өндірістік кәсіпорындардың сұранысы негізінде мақсатты қабылдау ұйымдастырылып, келесі жылы 400 студент қабылдау жоспарлануда. 2023 жылдан бастап 10-11-сынып оқушылары үшін жұмысшы мамандығы бойынша екі жылдық тәжірибелік бағдарлама енгізілді. Биыл алғашқы 26 түлек диплом алып шықты. 2025-2026 оқу жылында бұл бағдарлама аясында 270 оқушы қабылдау жоспарлануда. Биылғы жазғы маусымда оқушылардың 96 пайызы, яғни 111 мың бала түрлі бағыттағы лагерьлермен қамтылады. Оның ішінде «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен 271 ауыл оқушысы «Самал» және «Дарын» лагерлерінде демалып, шығармашылық және зияткерлік қабілеттерін дамытады. Сонымен бірге облыс мектептеріне 40 заманауи STEM кабинетін, робототехника, физика, химия және биология пәндері бойынша, сатып алу жоспарлануда. «КПО» компаниясының әлеуметтік-инвестициялық жобасы аясында 10 ауылда жаңа мектеп құрылысы жоспарланып отыр. Бұдан бөлек 62 мектепке жиһаз сатып алу көзделуде, алайда қазіргі таңда тек 6 мектеп ренновация аясында жиһазбен қамтамасыз етілмек, – деді Ақжарқын Темірханова.

Жол картасы аясында жүзеге асырылып жатқан құрылыс және жаңғырту жұмыстары туралы БҚО құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Нүркен Молдашев баяндады. Ол 2025 жылға жоспарланған білім, денсаулық, мәдениет және спорт нысандарының құрылысы белгіленген мерзімде аяқталатынын атап өтті. Жиын барысында мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен дене шынықтыру және спорт басқармасының өкілдері де сөз алып, өз салалары бойынша нақты ұсыныстарын білдірді.

Отырыстың соңында кеңес мүшелері бірқатар ұсыныстарды қабылдады. Атап айтқанда, денсаулық сақтау және білім басқармаларының ақпараттары қаперге алынып, жол картасы аясындағы жобалардың орындалуын қамтамасыз ету тапсырылды. Кеңес төрағасы Әліби Баяхов отырысты қорытындылап, айтылған мәселелердің орындалуын бақылауда ұстау қажеттігін баса айтты.

Жанерке Мерекеқызы,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале