19.04.2018, 14:45
Оқылды: 46

Білім саласы қызметкерлеріне қатысты 17 қылмыстық іс қозғалды

IMG_5221ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша Департаментінің бастамасымен «Білім саласындағы жемқорлыққа қарсы іс-қимыл» тақырыбында облыстағы білім саласының қызметкерлерімен кеңес өтті.

Департамент басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Б.Исақов зерттеулерге сәйкес білім саласы сыбайлас жемқорлыққа бейім салалардың бірі екенін атап өтті.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық Бюросының БҚО бойынша Департаментінің Жедел басқармасының басшысы А.Ахановтың айтуынша, білім саласында құқықбұзушылықтардың 40% - орта білім беретін мекемелердің басшылары мен қызметкерлері, 30% - білім беру бөлімдері, 17% - коммуналдық мекемелер, 15% - балабақшаларда анықталған.

Қылмыстық-тергеу практикасының талдауына сүйенсек, мектеп, колледж және ЖОО директорлары жұмысқа орналастыру, жалған дипломдар мен аттестаттар, мемлекеттік сатып алулар шарттарында көрсетілген жұмыстарының орындалмаған жұмыс актілеріне қол қою, «өлі жандарға» жалақыны аудару және т.б. құқықбұзушылықтарға жол беретіндігін көрсетіп отыр.

2016-2017 жылдары және биылғы  жылдың 1 тоқсанында білім саласының қызметкерлеріне қатысты 17 қылмыстық іс қозғалып, қазіргі таңда 6 адам сотталды.

Облыс әкімінің орынбасары Ғ.Оспанқұлов бұл проблемаға барлығының назар аударуының себебінің бар екендігін атап өтті. Жемқорлық азаматтардың әлеуметтік және еңбек белсенділігін төмендетіп қана қоймай, білім беру климатына да өз кесірін тигізетіндігін айтты. Ол білім саласында сыбайлас жемқорлыққа және басқа құқықбұзушылықтардың алдын алу бойынша қойылған міндеттерді орындауға үлкен көңіл аударуға шақырды.

Өз кезегінде, БҚО білім басқармасының басшысы Ш.Кадырова облыстағы барлық білім беру мекемелерінде құқықтық сауаттылықты көтеру, сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтарына мүлдем төзбеушілікке тәрбиелеу мақсатында тұрақты түрде өткізіліп тұратын шаралар жөнінде түсінік берді.

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале