Облыс әкімі Ғали Есқалиевқа білім басқармасы басшысының орынбасары Аяжан Жүнісова білім саласындағы құрылыс жұмысына инвестиция тарту, бірқатар нысанды сенімгерлік басқаруға беру жайын баяндады.
Оның айтқан мәліметтеріне сүйенсек, жыл басында тіркелген үш ауысымды жеті мектептің саны үшке азайған. Бұл мәселенің шешімін табуына Орал қаласында 450 және қала маңындағы Зашаған кентінде 900 орындық мектептің пайдалануға берілгені ықпал еткен. Облыстағы жеті апатты мектептің біреуіне ғана қатысты мәселе шешімін тапты. Апатты жағдайдағы білім нысандарын азайту мақсатында Орал қаласында бір, Казталов ауданында екі мектеп құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар жеке инвесторлар есебінен мектептер құрылысы жүргізілмек. Осы мақсатта екі мердігерге жер учаскелері берілген. Олардың біреуі үш ауысымда оқытуды қысқарту үшін Зашағанда 900 орындық мектептің құрылыс-монтаж жұмысын бастады. Екінші мердігер қаладағы апатты деп танылған №31 мектеп үшін жаңа ғимарат тұрғызады.
Коронавирус пандемиясы интернет сапасын күшейтуді қамтамасыз ету міндетін қойып отыр. Облыстағы барлық 379 мектеп интернет желісіне қосылған. Талшықты-оптикалық байланыс желісімен 124 мектеп қамтамасыз етілген. Қашықтан оқытуды ұйымдастыру үшін биыл 14 970 компьютерлік құрал Үкімет резерві, 4449 компьютерлік техника жергілікті бюджет есебінен мұқтаж отбасыларға берілді. Биылға дейін 294 мектеп пен мектепке дейінгі 130 ұйым бейнебақылау жүйесімен қамтылған.
Облыс әкімінің тапсырмасы негізінде білім мекемелері қызметкерлері мен балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін облыс бюджетінен 482,4 млн теңге бөлінді. Осы қаражатқа барлық мектеп пен балабақшаға бейнебақылау камералары орнатылып, ғимараттар ішіне әжетханалар салынды.
Жыл ішінде жүзеге асқан жаңалықтардың бірі – Орал қаласына Сервис және жаңа технологиялар колледжі 10 жылға сатып алу құқығынсыз «Аспазшы» ЖШС-ның сенімгерлік басқаруына берілген. «Орал трансформатор зауыты» АҚ-ға Батыс Қазақстан индустриальды колледжін сенімгерлік басқаруға беруге құжаттар жасалуда. Бұл жоба колледждердің материалдық-техникалық базасын нығайтып, мемлекеттік бюджет есебінен күрделі жөндеу жұмысына қаражат жұмсауды қысқартуға, студенттерді дуальды оқытуды кең ауқымды жүргізуге ықпал етпек. Қазіргі кезде облыс бойынша 34 колледжде 17 мың студент білім алуда. ҚР Тұңғыш Президентінің «5 әлеуметтік бастамасы» ауқымында жеке инвесторлар 1 мың студентке арнап төрт жатақхана құрылысын жүргізуде. Биылғы оқу жылы басында Батыс Қазақстан жоғары медициналық колледжіне арналған 144 орындық жатақхана пайдалануға берілді. Жаңа студенттер үйлері салынған соң жатақханаға мұқтаждық мәселесі шешілмек.
– Балабақшаларға арналған инфрақұрылымдарды салу мәселесі өзекті күйінде қалып отыр. Коттедждер мен үй ішінде тәлім-тәрбие беру уақытша қажеттілік қана деп есептеймін. Балалардың емін-еркін серуендейтін учаскесі бөлек болуы тиіс. Сондықтан көпқабатты үйлердің бірінші қабатында балабақша ашу үшін жеке инвесторларды тартуды қарастырудамыз. Осы жобаларға ынталанып отырғандар да бар. Балаларға жүйелі білім мен жақсы тәрбие берілуіне ыңғайлы жағдай жасалуы керек. Жеке инвестиция есебінен салынатын мектептерде білім беру тегін болады. Ал колледждерді сенімгерлік басқаруға алған компаниялар білім сапасын көтереді деп сенеміз, - деген облыс әкімі Ғали Есқалиев білім саласындағы жаңа жобаларға инвестиция тарту жұмысын белсенді жалғастыруды тапсырды.
Нұртай Текебай,
zhaikpress.kz