4.10.2017, 10:33
Оқылды: 51

Білім заңын бұзған ата-ана айыппұл төлейді

Қазанның 2-сі  күні облыс орталығындағы  №37 орта мектептің әкімшілігі  басына орамал оранған 13 оқушыны  мектепке кіргізбей қойды. ҚР Білім заңы бойынша әр баланың тегін білім алуға құқылы екендігін айтып, қарсылық білдірген ата-аналарға жергілікті білім саласы мамандарының да айтар уәжі бар.

Осыған орай сейсенбі күні өңірлік коммуникациялар  қызметі алаңына арнайы келген  облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Зәуре Ғұмарова, облыстық білім бақылау департаментінің басшысы Светлана Бахышева, облыстық дін істері басқармасының басшысы Саялбек Ғиззатов мектептердегі міндетті мектеп формасына қойылатын талаптар туралы айтып берді.

— Жыл сайын жаңа оқу жылының басында мектеп формасына қатысты әр түрлі мәселелер туындап жатады. Білім ошақтарында міндетті мектеп формасының болуы  оқытудың зайырлы сипатына сәйкес келеді. Мектеп формасының үлгісі, түсі классикалық стильде болуы тиіс. Мектеп формасына түрлі діни конфессияларға қатысты киім элементтерін қосуға болмайды. ҚР Білім министрлігі 2016 жылы бірыңғай мектеп формасына қойылатын талаптардың ережесін бекітті.

Сондықтан білім беру ұйымдарындағы білім алушылар ҚР Білім заңына, мектеп жарғысына сәйкес мектеп формасын сақтауға міндетті. Жаңа оқу жылының басында барлық білім беру ұйымдарында ата-аналар жиналысы өтіп, мектеп формасына қойылатын негізгі талаптар түсіндірілді. Негізінен мектеп ережесін сақтамаған оқушыны бірден сабаққа кіргізбеуге қақымыз жоқ. Оқу жылы басталғаннан бері мектепке орамал тағып келетін оқушылардың ата-аналарымен түсіндіру жұмыстары жүргізілді.  Тіпті «Мектепке келгесін орамалын шешіп отырсын, сабақтан шыққан соң, тағып алсын» деген ұсынысымызбен келіспеді, — дейді Зәуре Базарғалиқызы.

Облыстық білім бақылау департаментінің басшысы Светлана Бахышева ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің «ҚР білім беру саласындағы заңнамасын бұзу» деп аталатын 409-бабының 2-тармағында «Ата-аналардың немесе өзге де заңды өкілдердің ҚР білім беру саласындағы көзделген міндеттерді орындамауы он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға» әкеліп соғатынын мәлімдеді.

Ұққанымыз – бұл жағдайда атаана өз баласының білім алу құқығын бұзып отыр. Мектеп жарғысымен келіспеген, мектеп ережесіне бағынбаған, бірнеше рет айтылған ұсыныс-ескертпелерді қабылдамай қойған  ата-аналарға заңға сәйкес осындай шара қабылдауға тура келеді.

Гүлжамал  КЕНЖЕҒАЛИЕВА,

Орал қаласы

Суретті түсірген Т. ТОҚМАМБЕТОВ

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале