Биыл қаңтар-қыркүйекте білім саласының негізгі капиталына салынған инвестиция 219,1 млрд теңгеге жетті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда ақшалай түрде 49,2 пайызға көп, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Finprom мәліметінше, өңірлер арасында инвестицияның ең көп көлемі әдеттегідей Алматыға түсті - 61,7 млрд теңге. Жылдық өсім 2,3 есеге жетіп отыр.
Сонымен қатар үздік үштікке Түркістан облысы (33,9 млрд теңге) мен Шымкент қаласы (22,3 млрд теңге) кіреді.
Аталған үш аймаққа елімізде білім саласына салынған инвестицияның 53,8 пайызы тиесілі.
Ең төменгі көрсеткіш Ұлытау облысында тіркеліп отыр. Не бәрі - 337,7 млн теңге. Қарағанды мен Ақтөбе облыстарына да инвестиция аз салынған.
Білім беруге салынған күрделі салымдардың үштен екісі дерлік жергілікті бюджет есебінен қамтамасыз етілді - 136,5 млрд теңге. Бұл бір жыл бұрынғыдан 64,9 пайызға артық.
Салаға кәсіпорындардың меншікті қаражаты есебінен 51,6 млрд теңге, республикалық бюджет қаражатынан 21,8 млрд теңге, банк несиесінен 6,5 млрд теңге, банктік емес қарыздардан 2,8 млрд теңге салынған.