3.04.2025, 10:15
Оқылды: 151

Білімге жол, келешекке қадам

Дарынды ауыл оқушыларының сапалы  білім  алуына  қолдау  көрсететін  «IQANAT»  олимпиадасы  биыл  да  өз  жалғасын  тапты.  Бұл жоба  мыңдаған  ауыл  баласының  болашағына  бағыт-бағдар  беріп,  олардың  білімге  деген  құштарлығын  арттыруға  көмектеседі.

TME09308

Олимпиада үш кезеңнен тұрады: аудандық, облыстық және республикалық финал. Биыл Батыс Қазақстан облысында өткен аудандық кезеңге 2000-ға жуық оқушы қатысты. Олардың арасынан ең үздік нәтиже көрсеткен 380 оқушы облыстық кезеңге жолдама алды. Бұл кезең Орал қаласындағы «Білім-инновация» лицейінде өтті.

Білім додасына тек 8-сынып оқушылары қатыса алады. Олар логика, математика, оқу сауаттылығы, ағылшын тілі және өздері таңдаған пән бойынша білімдерін сынайды. Ең шешуші кезеңде үздік шыққан 100 оқушы Бурабайдағы «IQANAT» мектеп-пансионатында тегін білім алу мүмкіндігіне ие болады. Бұған қоса тағы бір топ дарынды бала үш жыл бойы арнайы дайындық бағдарламасына қатысып, жоғары оқу орындарына түсуге мүмкіндік  алады.

Бұл олимпиада – ауыл балалары үшін тек білім сайысы ғана емес, олардың болашағына бастар жол. Маусым айында өтетін республикалық финалға облыстық кезеңде жоғары нәтиже көрсеткен оқушылар жолдама алды. «IQANAT» жеңімпаздары еліміздің үздік оқу орындарына түсіп, армандарына бір  қадам  жақындайды.

Ақжайық ауданындағы Жаңабұлақ орта мектебінің түлегі Бауыржан Санжар қазіргі таңда Бурабайдағы «IQANAT» жоғары мектебінде білім алып жатыр. Оның айтуынша, бұл мектепке түсу оңай болмаған.

– «IQANAT» мектебіне түсу үшін ұзақ уақыт дайындалдым. Емтихандарға тыңғылықты дайындалғанымның арқасында 9-сыныпқа грант жеңіп алдым. Қазір көптеген пәндерді ағылшын тілінде оқып жатырмын. Мәселен, информатика, математика, физика, биология және химия пәндері ағылшынша өтеді. Жоғары білімді ұстаздар сабақтарды ерекше әдіспен түсіндіріп, бізге сапалы білім береді. Мұнда оқып жатқаным үшін өте қуаныштымын. Мен физика мен математиканы тереңдетіп оқуға көп көңіл бөлемін. Болашақта шетелде білім алып, елімнің дамуына үлес қосқым келеді, – деді 9-сынып оқушысы Бауыржан Санжар.

Аружан Аманжол,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале